«Самұрық-Қазына» қоры табысының 7 пайызын «Қазақстан халқына» әлеуметтік қорына аударатын болды
«Самұрық-Қазына» қоры табысының 7 пайызын «Қазақстан халқына» әлеуметтік қорына аударатын болды
367
оқылды
Бүгін Астанада «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының 2022 жылы атқарған қайырымдылық жұмысының қорытындысы бойынша есеп беру шарасы өтті. Шараға Қазақстандағы қайырымдылықпен айналысатын ҮЕҰ, өңірлердегі көмек алған балалар мен ересектер, «Самұрық-Қазына» қоры тобының қызметкерлері мен компанияларының басшылары, БАҚ өкілдері және қоғам белсенділері қатысты. Самұрық-Қазына «Samruk-Kazyna Trust» КҚ бас директоры Альфия Адиеваның айтуынша, өткен жылдың өзінде  «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы қайырымдылыққа жұмсалатын бюджетті 40%-ға, яғни 10 млрд теңгеге дейін арта түскен. Нәтижесінде, бір жылда барлығы 43 әлеуметтік жоба жүзеге асты. Сөйтіп, 500 мыңға жуық қазақстандық көмек алып, 55 мың бала қолдау тапты. Ал іске қосылған жобалардың арқасында 624 адам  жұмыспен қамтылды. Самұрық-Қазына – Өткен жыл біз үшін ғана емес, ел үшін де табысты болды. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» дегендей мейірімді, әділ, бірлігі мықты халықтың елі де өркендей береді деп сенеміз. Бүгінде өмірге жол тартқан әлеуметтік жобалардың жемісін баршамыз көріп отырмыз. Себебі, қайырымдылық бюджетіне бөлінген қаражат түгелімен әлеуметтік жобаға жұмсалды. Мысалы, денсаулық сақтау саласына бөлінген 4 млрд теңгеге 9 жоба жүзеге асса, білім беру саласында сондай көлемдегі жобаға 1,2 млрд теңге жұмсалды. Бір ғана медициналық пойыздардың арқасында 147 шалғай стансасындағы 80 600 тұрғынға көмек көрсетілді. Самұрық-Қазына Сонымен қатар, халықтың осал тобын қолдауға арнайы 13 жоба іске қосылды. Оған 1,7 млрд теңге жұмсалды. Ал мәдениет пен бұқаралық спорт дамыту саласына 335 млн теңге бөлініп, 6 жоба өз жұмысын бастады. Өңірлерді кешенді дамыту да елеусіз қалмады. Бөлінген 3 млрд теңге 6 жоба қолдау тапты, – деді Альфия Адиева. Атап айтар болсақ, республиканың 15 қаласында тұратын ерекше балаларға бейімделген спортпен айналысуға мүмкіндік беретін «Саламатты болашақ» жобасы іске қосылды. Соның арқасында  Шымкент, Қарағанды, Талдықорған, Ақтау, Өскемен және Орал қалаларындағы перзентханаларды сәби өмірін сақтауға арналған гипотермиялық құрылғылармен қамтамасыз етілді. Самұрық-Қазына Шарада  барысында «Самұрық-Қазына» қорының басқарушы директор Ғибрат Ауғанов Ұлытау, Абай, жетісу, Түркістан және Қостанай облыстары әкімдеріне инватакси мен жеделжәрдем көліктеріне сертификат табыстап, қайырымды істеріне қолдау білдірген барша жанға ізгі тілегін білдірді. Самұрық-Қазына – Қолға алынған ауқымды жобалардың барлығы еліміздің әрбір тұрғынына арналған деуге болады. Яғни, еліміздің осал тобын қолдай отырып, жақсы күнге үміт сыйлағымыз келеді. Сондықтан істеліп жатқан істің бәрі ең әуелі сіздердің арқаларыңызда жүзеге асып, қолдауларыңыздың жемісін көріп отырмыз. Әсіресе, ерекеше балалардың ата-аналарына және олардың оңалуына, аяққа тұруына тынымсыз еңбектеніп жүрген әрбір маманға, дәрігерге, күтушіге алғысымыз шексіз. Сол себепті алдағы уақытта да еліміздің болашағын көркейтіп, халықтың тұрмысын жақсартатын жобаларға қолдау білдірмекпіз, – деді ол. Сонымен бірге, «Самұрық-Қазына» қорының басқарушы директор Ғибрат Ауғанов  жақын арада «Самұрық-Қазына» қоры таза табысының 7 пайызын «Қазақстан халқына» әлеуметтік қорына аудара бастайтынын мәлімдеді. Бұл – шамамен 130 миллиард теңге. Осылайша, «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының қайырымдылыққа жұмсайтын шығыны 13 есеге артады. Естеріңізге салсақ, «Самұрық-Қазына» қоры 2016 жылдан бері 304 жобаны қолдап, 2 млн 200 мың адамға көмек көрсеткен болатын.