«Гарант 24 Ломбард»: Іс бітті, қу кетті

«Гарант 24 Ломбард»: Іс бітті, қу кетті

Осыдан бір апта бұрын ғана құқық қорғау органдары  әлеуметтік же­лі мен мессенджерлерде та­рап жат­қан «Қазан» немесе «Қара касса» ойыны сияқты табыс табу­дың кү­­дікті тәсіліне жоламауға кеңес бе­ріп еді. Ал екі-үш күннен бері елі­мізде кезекті қаржы пирами­­дасы әшкере болып, оған ақша сал­­ған мыңдаған адам сан соғып қал­ды. Миллиардтарды жымқыр­ған фир­малардың басшы­ла­ры қамауға алынып жатыр, із суытып үлгергені де бар.  «МММ», «Телемаркет», «Тибет», РДС, «Хопер-инвест» сияқты маңдай термен тапқан ақшаңды айласын асырып тартып алатын ұйымдарды білетіндердің өзі кезекті қаржы пирамидасының құрбанына айналып жатыр. Неге?  

Қаржылық сауатымыз қашан ашылады?

Қаржы пирамидасы дегеніміз – бір адамның ақшасын екінші адам­ға беру, бары сол, әйтпесе оған басқа жақтан ешқандай қар­жы түспейді. Мұны түсіну үшін қаржылық сауаттың да керегі ша­малы. Бірақ бір тиының екеу бо­лады деген сөздің ұнайтыны сон­дай, сенеміз де қаламыз. Әйт­песе, «бәлен жер­де алтын бар, бар­саң бақыр да жоқ» дегенді естіп өскен адам әр нәрсеге де сын көзімен қарауы керек. Ең болмаса, компания сайтын іздеп, табысқа кенелтуге уәде берушілер туралы әлеужелі­ден сұрауға да болады. Сонда әй­теуір бір күдік туғызар дерек табылар еді. Мы­салы, мил­лион­дарды жымқы­рып кеткен «Гарант 24 ломбард» ЖШС-ның банк операциясын, несие беру қызме­тін жүргізуге ли­цензиясы болма­ған. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және да­мыту агенттігінен білуге болады. Бұл фирма 121 277 теңге салық қа­ры­зын да төлеме­ген. Ел аузын­дағы «Estate Лом­бард» мен Home Avto Invest ЖШС-лардың салық қа­ры­зы болмағанымен, соңғысы мем­лекеттік сатып алу порта­лын­­да қара тізімге ілінген. Осын­­дай деректер күдік туғызуы тиіс. «Гарант24 Ломбард» былтыр қазан айында еліміздің 13 өңірінде бір уақытта қызметін бастаған. Серіктестік адамдардан жылжы­малы және жылжымайтын мүлікті жоғары құны бойынша бөліп-бөліп сатып алған, кейіннен 3-5 ай ішінде клиенттерге шарттағы соманың бір бөлігін төледі, ал осы уақытта қабылданған мүлікті үшінші тұлғаға нарық құнынан арзанға сатқан. Биыл 15 ақпанда серіктестіктер басшылары өз қызметін бір уақытта тоқтатып, ұрланған ақшамен із жасырмақ болған. Бәрін «бүлдірген» «Гарант 24 Ломбард» құрылтайшысы, 1993 жылы туған Аслан Мырзабеков, ол 19 ақпанда WhatsApp чатында «Мен сендердің ақшаларыңды қайтармаймын. Сенімдерің үшін рахмет! Тегін ақша әуесқойлары! Бәріңіз сау болыңыздар!» деген хабарлама қалдырды. Сол-ақ екен әр аймақтағы ішкі істер орган­да­рына азаматтар серіктестік үсті­нен шағым түсіре бастайды. Бү­гін­ге дейін 2 мыңнан астам өтініш түскен. Компаниялар 42 мыңнан астам адаммен шарт жасасқан. Алдын ала дерек бойынша келті­рілген шығын 5 млрд 411 млн тең­геге бағаланып отыр. Аталған фактілер бойынша 190 (алаяқтық) және 217-бап (қаржы пирами­дасы) негізінде 22 қылмыстық іс тіркелді. 13 адам қамауға алынды. Мемлекетаралық іздеудегі 9 кү­дікті анықталды, оның ішінде А.П.Мырзабеков те бар. Бір ғана Ақтөбе облы­сында осы ұйымға 10 мыңнан астам адам ақша салған. Олар ақтөбелік кеңсеге басып кіріп, сейфін бұз­бақ болды, жұртты басу үшін ар­найы жасақ ша­қыруға тура келген.  

«Үкіметтен талап етеміз... ақша бөлсін бюджеттен!»

Алаяқ фирмаға жарнама жа­саған өнер иелері әлеуметтік же­ліде ақталуға көшті. Белгілі вай­нер Мейіржан Төребаев «Га­рант 24 ломбард» қызмет­кер­лерінің үстінен полицияға ша­ғым түсір­генін жариялады. Ол ломбард автокөлігімді тартып алды деп отыр. Әнші Айқын Тө­лепберген де өзін жәбірленуші санап, ломбард жарнамасына түскеніне өкініш білдірген. Асыл­хан мен Артур Төлеповтер өз­дерінің де ломбардқа алдан­ғандарын айтып, жарнамаға түскені үшін өкініп, халықтан кешірім сұрады. Лом­бард жар­намасына түскен жекпе-жек файтері Қуат Хамитовті жазылу­шыларының бірі жерден алып, жерге салса, енді бірі ақтап әлек. «Қазақтың бетке ұстар аза­маты деп сізге сеніп қалдық... алданған халықтың ақшасын кім қайтара­ды? Қазақты алдаған осы компа­нияның басшыларын тауып, ақшасын қайтаруына, жарнама жасаған блогерлер, әншілер, спортшылар, көмек­те­сіңіздер!» дегендер де бар. Алдан­ғандардың арасында ашынған біреу «Үкі­меттен талап етеміз, неге ба­сында жаппай (қаржы пирамида­ларын айтады – ред.) тексермеді? Ақша бөлсін бюджет­тен!» деп жазыпты.     Айтқандай, әлеуметтік же­ліде алданып қалдық деген адам­дар қашып кетті дегендердің туыс­тарының деректерін тауып алып­ты, оны әлеужеліде жариялап, іздеп баруды ойласты­рып жатыр. Осындайда қашып кеткен адам­ның туысын тауып алуға жеткен ақыл қаржы пи­рамидасына ақша саларда қайда қалған деген сұрақ туындайды.  

Акционер болуға не кедергі?

Халық қаржы пирамидасына неге барады? Себебі салған ақ­шам еселеп қайтады деп сенеді. Жар­намасы жер жарардай бол­ған соң, сенбегенде қайтсін? Ал өркениетті елде қаржысын есе­легісі кел­ген­дер инвестор мен акционерге айналады. Жобаға қаржы құю, табысты компания­ның акциясын сатып алу ақ­ша­ңыздың жұмыс істеуіне мүмкін­дік береді. Алда-жалда компания банкрот болса, сіздің салымы­ңыздың қайтарына кепіл бар. Оны мемлекет беріп отыр. Ал қаржы пирамидасы үшін мем­лекет кепілдік бермейді. Шетелдік инвесторлар қан­дай да бір елге қаржы құймас бұрын жергілікті халықтың өз елінің жобасына қаншалықты қаржы құятынын зерттейді екен. Яғни халықтың инвестициялық бел­сен­ділігіне қарай шешім қа­былдайды. Жалпы, біз мән бере қоймаймыз, дегенмен соңғы жыл­дары жергілікті халықтың акция сатып алу қарқыны аз да болса өсе бастаған көрінеді. Мы­салы, «Қазатомпром» былтыр акциясының 2,5 пайызын саты­лымға шығарды, сұраныс кө­бейіп, компания акциясының 4 пайызын сатты. Соның 60 па­йы­зын жергілікті инвесторлар, 40 пайызын шетелдік инвес­тор­лар сатып алған. Сатылымға бір ак­циясын 11 мың теңгеден шы­ғарған, қазіргі баға 13 мың тең­геге жетті. Одан кейін «Халық­банк» те акциясын сатуға шығар­ды, мұнда да сондай үдеріс байқалды. Қарапайым халық арасында биржаға қатысу үшін бай болу керек деген миф бар. «Астана» халықаралық қаржы орта­лы­ғының Aстана халықаралық бир­жасының Қаржы жөніндегі бас­қарушы директоры Ренат Бектұ­ровтың айтуынша, бир­жадағы сауда-саттықты 1 мың теңгеден де бастауға болады. Бірақ оның пайдасы бола қой­майды, себебі комиссиясынан артылмайды. «Егер ай сайын 5 мың теңгеден салып отырсаңыз, жақсы нәтиже көруіңіз мүмкін. Мысалы, «Ха­лық­банктің» акция­сының бағасы 150 теңгеден бас­талады. 15 000 теңгеге 100 акция алуға болады. Оның ішінде қан­дай пайда кө­ре­міз, дивиденд төленеді, екіншіден бағасы өседі. Кеше Лондон сауда­сында «Ха­лықбанктің» акциясы 5 пайызға өсті. Банк 50-100 пайы­зын ди­виденд ретінде төлейді. Біздің биржаға Ресейдің «По­лиметалл» компаниясы шықты. Сәуірде 10 доллар 10 центтен шыққан акция бағасы, былтыр алтын бағасы­ның қымбаттауынан, қазан айын­­да 16 долларға өсті. Жарты жыл­дың ішінде 60 пайыз өсім көр­сетті. Мұндый мысал көп», – дейді ол. Әрине, кез келген жобаға қаржы саларда оны зерттеу аса маңызды. Мысалы, Tesla-ның 1 ак­­циясы былтыр қыркүйекте 250 долларға сатылды, ал күні кеше 920 долларға қымбаттады. Бір қызығы, қаржы сарапшылары арасында Tesla болашағына аса сене қоймайтындар бар, мұны тәуекелі жоғары жоба деп са­найды, пайда табуың да, ақшаң­ды жоғалтуың да мүмкін. Сон­дықтан ұзақмерзімді инвести­цияға және жинақ портфельдерге назар аударуға кеңес береді. Мысалы, Американың 500 ком­паниясының акциялары жинақ­талған S&P 500 портфелін ай­талық. Бұл порт­фель­ден акция сатып алу арқылы америкалық нарыққа жол сала­сыз. Сондай-ақ дамушы елдер акциялары деген портфель бар, бұл дамушы елдердің 3 000 ком­паниясының акциясын жинақ­таған портфель. Акция алуға тә­уекелі жетпегендер облигация сатып алуына болады. Облига­цияның пайдасы мен пайыздық деңгейі белгілі әрі тұрақты. Нарық психологиясына сен­сек, жергілікті адамдар, өз елінің компанияларына жақын болады екен, себебі ол компа­ния­ларды жақсы біледі. Олай болса, Астана халықаралық бир­жасындағы «Қазақалтынның» облигациясын екі жылға 9,5 па­йыз мөлшер­ле­мемен сатып алуға болады. Freedom Holding Corp облигациясын алсаңыз, екі жыл­да 7,5 пайыз тө­лейді. Жақында BI Group обли­гация шығармақ­шы, жылдық па­йызы 17-18 па­йыз болуы мүм­кін екен. Егер әуе компаниясының акциясын са­тып алсаңыз, онда мұнай баға­сын бақылап жүріңіз, себебі әуе компаниялардың жа­нар-жағар майға көп шығын жұм­сайды. Мұнай бағасы өскенде табыс деңгейі төмендейді, шығы­ны өседі, мұнай арзандаса кері­сінше шығыны азаяды. «Жалпы, отандық компа­ния­лардың акциясын сатып алу бізге не береді? Біріншіден, мемле­кеттің кепілі бар, екіншіден, ол компанияның ашықтығы ар­та­ды. Себебі кез келген компания ин­вес­торларының сұрағына жа­уап беруге міндетті, бұл ком­пания жауапкершілігін арт­тырады», – дейді Ренат Бектұров.  

ТҮЙІН.

 

Біз Астана халықара­лық биржасын бекерге айтқан жоқпыз. Халық арасында қара жұмыс істемей байығысы келе­тіндер көп. Сол үшін баспанасын да, көлігін де сатуға дайын. Ендеше оларға мем­лекет кепіл беріп отыр­ған банктер мен қор биржасына бет түзеу керек шығар. Брокермен шарт жасасып, қаржылық кеңес алса, халықтың сауаты көтерілуі де мүмкін-ау...

  Халима БҰҚАРҚЫЗЫ