Балағат айту – мәдениетсіздік белгісі – Серік Ерғали
Балағат айту – мәдениетсіздік белгісі – Серік Ерғали
990
оқылды
Ішкі істер ми­нистрлігі 2023 жыл­­­дың наурыз айынан бастап қоғамдық орында балағат сөз айт­қан құқық бұ­зу­шыға 69 мың тең­ге айыппұл са­­лынуы немесе 30 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін екенін хабарлады. Осы мәселе төңірегінде жұрттың пі­кірі екіге бөлініп отыр. Бірі – заң жобасы керек десе, енді бірі айыппұл салу анайы сөзді тыймайды деген пікірде. Осыған орай, мәдениеттанушы Серік Ерғалимен тіл­дестік. – Анайы сөзді айыппұл салып тыю мүмкін бе? Бейпіл сөздерге тыйым салу арқылы мәдениет қалыптастыра аламыз ба? – Адамның сөйлеуі қандай мазмұнда болса да, бейпіл сөз айтса да, дұрыс сөз айтса да бұл – тәртіпке, Ішкі істер министрлігінің құзырына жатпайды. Бұл – мәдени сала қадағалайтын мәселе. Жаңа Қазақстанның жаңа мәдениетін қалыптастырғымыз келсе, осы мәселемен Мә­дениет және спорт министрлігінің айналысуына болады. Ал енді анайы сөзді айыппұл салып түзетем деу, полицейлік мемлекетке тән болып келеді. Сондықтан Ішкі істер министрлігі ең бірінші көшедегі бұзақылық пен елдегі құқық­бұзушылықты түзеп алсын. Жалпы, мәдениет елдің тұрмысына, халықтың жасампаздық қа­білетіне байланысты. Мемлекет халықты еңбек­ке жұмылдыра алмаса, жасампаздыққа жетелей алмаса халықтың мәдениеті төмендейді. Ол мәдениетсіздік ауылдан да, қаладан да көріне бастайды. Ешбір айыппұлмен, қамаумен мәде­ниетсіздікті түзете алмаймыз. – Сонда қазақ мәдениеті қайтсе түзеледі? – Бұл сауалды бүкіл ел болып, Мәдениет және спорт министрлігі бас болып талқылауымыз керек. Жалпы, мәдениет саласы 30 жыл бойы қазақ халқының мәдениеті туралы сөз қозғаған жоқ. Мәдени шаралар мен мәдениетті ша­тастырады. Мәдени шаралар мәдениет қалып­тастырмайды. Мәдениетті ғылым қалыптас­тырады. Ғалымдарды, гуманитарлық саладағы элитаны, мәдениеттану­шыларды, өнертану­шыларды бәрін жинап, бүкіл ел болып осы сұраққа бас қатыруымыз керек. – Бейпіл сөз айту – бүгін ғана шыққан құбылыс емес. Бұрын да болды. Бірақ қазір мұндай сөздер түрленіп, мүлдем басқа сипатқа енген сияқты. Қа­лай ойлайсыз? – Қазақ халқының әу бастағы сөйлеу мәде­ниеті, өзін ұстау мәдениеті, психологиясы мүл­дем басқа болатын. Өте сабырлы, барынша эти­каға жақын еді. Жас ерекшеліктеріне байла­нысты ақ­сақалдар мұндай сөз айтпайтын, орта жастағылар баланың көзінше балағаттамайтын. Мұның барлығы біз бодан болғаннан басталды. Патша үкіметіне қосылғаннан бастап біз боқтық сөзді де, жаман әдеттерді де еселеп үйреніп, сонымен өмір сүретін жағдайға жеттік. Кеңес Үкіметі кезінде бұл жаңа деңгейге өсті. Арақ пен темекі қосыл­ғаннан кейін бейпіл сөздер «ойын­шық» болып қалды. Адамның психологиясы бұ­зылғанда ашынып, күйініп, тұрмыстық қиын­шылықтарға төтеп бере алмаған кезде өзін-өзі ұстай алмайтын адамның аузынан боқтық сөз шығады. Бұл ай­на­лып келгенде, біздің мәдениеті­міздің мәде­ниет­сіздік сипатын көрсетеді. Сондықтан мәде­ниет саласы үшін міндет алған, сол үшін айлық алып отырған, мемлекеттік лауазым алған аза­мат­тар, лауазымы жоқ адамдар, осыған жаны күйетін қыз-жігіттер мен ғалымдар бас қатыруымыз ке­рек. Бір сұрақпен күрделі мәселені шеше алмаймыз. – Әлеуметтік желіде жасөспірімдер аузына келгенін айтып, боқтап жатады. Сонда балаға қой деп айтатын ата-анасы қайда қарап отыр? Жас­өспірімдер бейпіл сөздерді қайдан үйренеді? – Былапыт мәдениетсіздік пен былапыт пси­хологияның тарихы тереңдеп кеткен. Бірнеше ғасырға созылып кетті. Қазір қанымызға сіңіп бара жатыр. Осыдан кейін былапыт айту, бейпіл сөйлеу кейде бір дәрежені көрсетеді. Кейбір жігіттер орысша былапытты айтып тұрып, өзін мықты сезінеді. Осындай адамның бала-шағасы да көргенін істейді. Бұл – былапыттың дубли­кациясы. Ал баланы ата-анасы түзей алмайды. Балам былапыт айтпасын десе, ата-ана әуелі өзін түзеуі керек. Сондықтан бұл жерде кінәлі бала емес, әке-шешесі. Былапыт сөзді азайту үшін оқу-ағарту, жоғары білім-ғылым, мәдениет саласы біріккен ұлттық жоба керек. Ал оның арғы жағын­да біздің өмір салтымыз өзгеруі ке­рек. Шынымен ойға алған мақсатқа жететін сая­си-қоғамдық жүйе болуы қажет. Сонда бы­лапыт сөздер автоматты түрде қолданыстан қалады. Қоғамда әр азамат өзін мәдениет тұты­нушы сезініп, анайы сөз айтудан ұялатын бола­ды. Ал қазір былапыт сөз айту норма. Былапыт сөз айтпаған адам басқаларға мүсәпір сияқты көрінеді. Біздің мәдениет деңгейіміз сондай халге жетті. Мысалы, кейбір әкімдер қара­мағын­дағы қызметкерлерін боқтап, аузына не келсе соны айтып жатады. Мұның барлығы бір адамға қатысты емес. Қоғамға, ал қоғам мемле­кеттік құрылымдардың жүйелі жұмыс істеуіне, мем­лекеттің дамуына байланысты. Балалар былапыт сөзді бірінші үйінен үйренеді. Сосын көршіден, ауладан, балабақшадан, мектептен үйренеді. Айталық, менің жолдасым – мұғалім. Оның ай­туынша, ақшалы азаматтардың балалары­ның ауыздарының ластығы сондай, ешқайда құтыла алмайсың. Материалдық игілік пен рухани игілікті ұстап отырған азаматтардың деңгейі сондай болса, мұғалім қай баланы жөндейді. – Әңгімеңізге рақмет!