Ішкі істер министрлігі 2023 жылдың наурыз айынан бастап қоғамдық орында балағат сөз айтқан құқық бұзушыға 69 мың теңге айыппұл салынуы немесе 30 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін екенін хабарлады. Осы мәселе төңірегінде жұрттың пікірі екіге бөлініп отыр. Бірі – заң жобасы керек десе, енді бірі айыппұл салу анайы сөзді тыймайды деген пікірде. Осыған орай, мәдениеттанушы Серік Ерғалимен тілдестік. – Анайы сөзді айыппұл салып тыю мүмкін бе? Бейпіл сөздерге тыйым салу арқылы мәдениет қалыптастыра аламыз ба? – Адамның сөйлеуі қандай мазмұнда болса да, бейпіл сөз айтса да, дұрыс сөз айтса да бұл – тәртіпке, Ішкі істер министрлігінің құзырына жатпайды. Бұл – мәдени сала қадағалайтын мәселе. Жаңа Қазақстанның жаңа мәдениетін қалыптастырғымыз келсе, осы мәселемен Мәдениет және спорт министрлігінің айналысуына болады. Ал енді анайы сөзді айыппұл салып түзетем деу, полицейлік мемлекетке тән болып келеді. Сондықтан Ішкі істер министрлігі ең бірінші көшедегі бұзақылық пен елдегі құқықбұзушылықты түзеп алсын. Жалпы, мәдениет елдің тұрмысына, халықтың жасампаздық қабілетіне байланысты. Мемлекет халықты еңбекке жұмылдыра алмаса, жасампаздыққа жетелей алмаса халықтың мәдениеті төмендейді. Ол мәдениетсіздік ауылдан да, қаладан да көріне бастайды. Ешбір айыппұлмен, қамаумен мәдениетсіздікті түзете алмаймыз. – Сонда қазақ мәдениеті қайтсе түзеледі? – Бұл сауалды бүкіл ел болып, Мәдениет және спорт министрлігі бас болып талқылауымыз керек. Жалпы, мәдениет саласы 30 жыл бойы қазақ халқының мәдениеті туралы сөз қозғаған жоқ. Мәдени шаралар мен мәдениетті шатастырады. Мәдени шаралар мәдениет қалыптастырмайды. Мәдениетті ғылым қалыптастырады. Ғалымдарды, гуманитарлық саладағы элитаны, мәдениеттанушыларды, өнертанушыларды бәрін жинап, бүкіл ел болып осы сұраққа бас қатыруымыз керек. – Бейпіл сөз айту – бүгін ғана шыққан құбылыс емес. Бұрын да болды. Бірақ қазір мұндай сөздер түрленіп, мүлдем басқа сипатқа енген сияқты. Қалай ойлайсыз? – Қазақ халқының әу бастағы сөйлеу мәдениеті, өзін ұстау мәдениеті, психологиясы мүлдем басқа болатын. Өте сабырлы, барынша этикаға жақын еді. Жас ерекшеліктеріне байланысты ақсақалдар мұндай сөз айтпайтын, орта жастағылар баланың көзінше балағаттамайтын. Мұның барлығы біз бодан болғаннан басталды. Патша үкіметіне қосылғаннан бастап біз боқтық сөзді де, жаман әдеттерді де еселеп үйреніп, сонымен өмір сүретін жағдайға жеттік. Кеңес Үкіметі кезінде бұл жаңа деңгейге өсті. Арақ пен темекі қосылғаннан кейін бейпіл сөздер «ойыншық» болып қалды. Адамның психологиясы бұзылғанда ашынып, күйініп, тұрмыстық қиыншылықтарға төтеп бере алмаған кезде өзін-өзі ұстай алмайтын адамның аузынан боқтық сөз шығады. Бұл айналып келгенде, біздің мәдениетіміздің мәдениетсіздік сипатын көрсетеді. Сондықтан мәдениет саласы үшін міндет алған, сол үшін айлық алып отырған, мемлекеттік лауазым алған азаматтар, лауазымы жоқ адамдар, осыған жаны күйетін қыз-жігіттер мен ғалымдар бас қатыруымыз керек. Бір сұрақпен күрделі мәселені шеше алмаймыз. – Әлеуметтік желіде жасөспірімдер аузына келгенін айтып, боқтап жатады. Сонда балаға қой деп айтатын ата-анасы қайда қарап отыр? Жасөспірімдер бейпіл сөздерді қайдан үйренеді? – Былапыт мәдениетсіздік пен былапыт психологияның тарихы тереңдеп кеткен. Бірнеше ғасырға созылып кетті. Қазір қанымызға сіңіп бара жатыр. Осыдан кейін былапыт айту, бейпіл сөйлеу кейде бір дәрежені көрсетеді. Кейбір жігіттер орысша былапытты айтып тұрып, өзін мықты сезінеді. Осындай адамның бала-шағасы да көргенін істейді. Бұл – былапыттың дубликациясы. Ал баланы ата-анасы түзей алмайды. Балам былапыт айтпасын десе, ата-ана әуелі өзін түзеуі керек. Сондықтан бұл жерде кінәлі бала емес, әке-шешесі. Былапыт сөзді азайту үшін оқу-ағарту, жоғары білім-ғылым, мәдениет саласы біріккен ұлттық жоба керек. Ал оның арғы жағында біздің өмір салтымыз өзгеруі керек. Шынымен ойға алған мақсатқа жететін саяси-қоғамдық жүйе болуы қажет. Сонда былапыт сөздер автоматты түрде қолданыстан қалады. Қоғамда әр азамат өзін мәдениет тұтынушы сезініп, анайы сөз айтудан ұялатын болады. Ал қазір былапыт сөз айту норма. Былапыт сөз айтпаған адам басқаларға мүсәпір сияқты көрінеді. Біздің мәдениет деңгейіміз сондай халге жетті. Мысалы, кейбір әкімдер қарамағындағы қызметкерлерін боқтап, аузына не келсе соны айтып жатады. Мұның барлығы бір адамға қатысты емес. Қоғамға, ал қоғам мемлекеттік құрылымдардың жүйелі жұмыс істеуіне, мемлекеттің дамуына байланысты. Балалар былапыт сөзді бірінші үйінен үйренеді. Сосын көршіден, ауладан, балабақшадан, мектептен үйренеді. Айталық, менің жолдасым – мұғалім. Оның айтуынша, ақшалы азаматтардың балаларының ауыздарының ластығы сондай, ешқайда құтыла алмайсың. Материалдық игілік пен рухани игілікті ұстап отырған азаматтардың деңгейі сондай болса, мұғалім қай баланы жөндейді. – Әңгімеңізге рақмет!