Бизнеске биліктің әмірі жүрмей ме?
Бизнеске биліктің әмірі жүрмей ме?
316
оқылды
Қысқы мереке күндері демалыс орындарына ағылатындар көп. Келушінің көптігінен қызмет сапасы түсетіні тағы бар. Оған шағым жасайтындар да табылады. Одан бөлек, демалыс орындарындағы қауіпсіздік шарасы да алаңдатады. Жақында «Елікті» тау-шаңғы базасында 16 жастағы жасөспірім қаза тапты. Иә, тау-шаңғы базасына демалуға барған ата-ана ұлынан айырылып қалды. Қазір соталды тергеу жүріп жатыр. Ақмола облысы Полиция департа­ментінің мәліметінше, 2 қаңтарда сағат 17.25 шама­сында Зеренді ауда­нын­­дағы полиция бөліміне Садовое ауылынан 10 шақырым жерде орналасқан шаңғы база­сынан хабарлама түскен. Шаңғы жолынан 2006 жылғы баланың денесі табылған.
«Оқиға орнына жедел-тергеу тобы келді. Алдын ала жиналған материалдар бойынша шаңғы трассасында кәмелетке толмаған жігіт ағашқа соқтығысып, есін жимастан оқиға орнында қаза тап­қан. Бұл дерек бойынша Қыл­мыстық кодекстің 306-бабы бо­йынша соталды тергеу бастал­ған. Қажет сараптама тағайындалған», – деді департамент өкілдері.
Ал марқұмның әкесі Серікзат Дүйсенғазының айтуынша, «Елік­ті» шаңғы базасының қыз­мет­керлері бір жарым сағаттай құлаған баланы таудан төменге түсірмей, алғашқы медициналық көмек көрсетпей тығып ұстаған. Сондықтан олар оқиға болған сәтті көрген куәгерлерді іздеп жатыр.
«Себебі шаңғы базасында еш­қан­дай техникалық қауіпсіздік сақ­талмаған. Мыңдаған адам сыр­ғанап жатқан жерде алғашқы кө­мек көрсететін дәрігерлер де жоқ. Ол былай тұрсын, баласын жоғал­тып шырылдаған ата-анаға ешкім жауап бермей, бір-біріне сілтеге­нін қа­лай түсінеміз? Сол «Елікті» ештеңе болмағандай әлі жұмыс істеп тұрған көрінеді. Біздің елде адам­ның құны жоқ екені, ешкім ештеңеге жауапты емес екені осы­дан-ақ білінбей ме? Сондықтан біздің мемлекеттік органдар осын­дай демалыс орындарының тех­никалық қауіпсіздігін тексеру керек деп санаймын», – деп жаз­ды Серікзат Дүйсенғазы Facebook парақшасында.
Осыдан кейін қауіпсіздік жайын білмекке бірнеше тау-шаңғы базасына хабарластық. Алдымен оқиға болған «Еліктіге» хабарласқанымызда, телефон тұтқасын көтерген жоқ. Күні бойы байланыса алмағасын, әлеуметтік желіден демалыс орны 3 қаңтардан бастап адам қабылдауды тоқтат­қанын, 9-11 қаңтар аралығында жұмыс істемейтінін білдік. Ал Ал­матыдағы «Шымбұлақ» тау-шаң­ғы курорты демалыс айма­ғында қауіпсіздік талабы сақталатынын, құтқарушылар мен мед­пункт барын атап өтті. Аталған курорттың хабар­лауынша, шаңғы патрулі және көшкінмен күрес қызметі таудағы қауіпсіздікті үнемі қадағалайды. Осы аптада «ҚазСелденҚорғау» ММ, «Шымбұлақ» ҚКС және Алматы қаласы Төтенше жағдай­лар департаментімен бірлесіп қар көшкінін алдын алу жұмысын жүргізген. «Конус» учаскесінде және «Школьник» учаскесінде екі оқ атылған. Қар көшкіні қаупі сейілмегеннен келушілерден сақ болуын сұрайды. Сондай-ақ трас­садан тыс шаңғымен сырғанаған кезде міндетті түрде өзіңізбен бір­ге биппер, қуысбұрғы, күрек, көш­­кінге қарсы рюкзак алып жүр­ген жөн және оларды пайда­лана білу және жалғыз жүрмеу маңызды. Бас­тысы, курорт белгілен­ген жолдар ай­мағын тастап кет­кен­дерге жауап­ты емес. Яғни, бел­гілі бір аумақтан шы­ғып кет­сеңіз, басыңызға төнген қауіп-қа­терге демалыс орны жауап бермейді. тау-шаңғы Ал «Ақбұлақ» тау-шаңғы ку­рортына хабарласқанымызда, тұтқаны көтерген менеджер дө­рекі жауап берді. Қауіпсіздікке қа­тысты белгілі бір мекемемен келі­сімі барын, егер оны айтса қыз­меттік құпиямен бөлісетінін алға тартты. Жалпы, қауіпсіздік шарасы сақталғанын атап өтті.
Алайда мереке күндері аталған орынға демалысқа барған инфо­продюсер Назым Исмағанбет ку­рорт сервисіне разы емес. Оның айтуынша, адам көптігінен кезек, тамақтану, сырғанау жағы қиын­да­ған. «Демалыс орны осылай бола­рын алдын ала болжап, шара қол­дану керек еді. Менің көзімше бір баланың аяғын эскалатор қысып қалды. Демалыс орындары қауіпсіз­дік қызметі мен сервисті жақ­сартуды қолға алу керек», – дейді ол.
Айта келе, «сонда қауіпсіздікке кім жауапты, қандай уәкілетті ор­ган жауап береді?» деп сауал қоя­рыңыз анық. Төтенше жағдай­лар министрлігі баспасөз қызметі курорт бизнес екенін алға тартты. Яғни, олар өз ішінде қауіпсіздік мамандарын жалдап, белгіленген аумаққа жауап береді. Дегендей, Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті де бизнес органға бағынбайтынын мәлімдеді. Департамент өкілдері тау-шаңғы курорты қар көшкіні қаупін сейілту шарасын өткізгенде аумаққа кіретінін алға тартты. Қалған қауіпсіздік шарасына түгелдей курорт жауапты. Өзі тауға шығып, жоғалып кеткен яки 112-ге хабарласқан адамдарға ТЖ көмек көрсетеді. Ал Kazakh tourism-нің мәліме­тінше, туризм саласына қатысты жалпы 100-ден астам ұлттық стан­дарт бар. Бірақ олар ерікті негізде қолданыста жүр. Ал тау туризмі бойынша арнайы стандарттар әлі жоқ. Олар жаңа стандарт бекітуді жоспарлап отыр. Осындайда хирург-травма­толог Ерсін Жүнісов демалыс орындарында медицина пункті бола бермейтінін, тіпті жақын маңнан клиника табу мұң екенін атап өтті. Сол үшін демалыс орын­дары арнайы клиникалармен келісімге келгені жөн деп отыр. Жалпы, Төтенше жағдайлар де­партаменті қала ішіндегі сыр­ғанақтардың қауіпсіздік жағ­дайына да жауап бермейді. Себебі бизнес иелері әкімшілікпен келі­сімге келіп, қауіпсіздікті мойнына алады екен. Сондықтан сырғанақ­тан құлап, жарақат алып жатсаңыз, сұрауын кәсіпкер мен әкімдіктен сұрайсыз. Астана қаласы әкімдігінің мә­ліметінше, аппараттың кәсіпкер­лікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің мамандары аптасына бір рет сырғанақтар мен мұз ай­дындарының жағдайын тексеріп тұрады. Әр сырғанақта адам ағы­нын бақылайтын нұсқаушылар бар. Олар сырғанақтың басы мен аяғында кезекті реттеп, тұрғын­дардың қауіпсіздігін бақылайды. Қауіпсіздікке мұздың жағдайы да әсер етеді. Сондықтан ауа райына қарай кәсіпкерлер қардан тазар­тып, мұз бетін жаңартады. Егер жазатайым оқиға бола қалса, 103 немесе 112 нөміріне хабарласып, жедел-жәрдем көмегін шақы­расыз. Егер жоғарыдағы талаптар сақталмаса, сұрауын кәсіпкер мен әкімдіктен сұрайсыз.

 А.АЙДАРҚЫЗЫ