Туристер толқыны бюджетті тербейді
Туристер толқыны бюджетті тербейді
573
оқылды
Былтыр отандық туризм күт­пеген жерден өрге өрледі. Ресми статистика бойынша 2022 жылғы 9 айда Қазақстанда 8,2 миллион турист демалып, саяхаттаған. Шетелдік туристер саны бірден 3,6 есеге артты. Жыл қорытын­дысында бұл көрсеткіш он мил­лионнан асуы мүмкін. Бір ғана Алматы қаласына өткен жылы 1,5 миллион турист барыпты. Дегенмен мамандар бұған кү­мәнданады: Ресейдегі мобили­зациядан қашқандар да туристке жазылып кеткен. Шынында, саланың ахуалы қандай? Неге туризмге серпін береді деген жобалар ашық күмән мен ащы күлкі ғана тудырып отыр? Турист терісін жамылған мобилизант Ұлттық статистика бюросының дере­гінше, 2022 жылдың 9 айында (жылдың толық қорытындысы ақпанға қарай шы­ғады) Қазақстанға 3,4 миллион шетелдік турист келді. Бұл бір жыл бұрынғыдан 3,6 есе көп. Оның үлкен бөлігі – 1,5 миллионы Алматыға бет алған. Бұған қоса, былтырғы қаңтар-қыркүйек айларында 4,8 млн Қазақстан азаматы өз елімізді турист ретінде аралап, қонақүйлер, туристік базалар мен санаторийлерге орналасып, туған өлке тамашаларын таныпты. Яғни, ішкі туризм 25,1% артты. Жалпы алғанда, Қазақстанда былтырғы 9 айда 8,2 миллион турист тыныққан. Бұл – рекорд. Салыс­тыр­сақ, бүкіл 2021 жылы бұл сан 6,9 мил­лион ғана болған. Көрші Ресей де өз азаматтарының Қазақстанға саяхаттауға қызығушылығы былтыр күрт артқанын тіркеді. Кеше РФ Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) шекаралық қызметі 2022 жылғы үш тоқ­сандағы ресейліктердің шетелге сапар­лауына қатысты есебін жария етті. Ресей шекара қызметінің мәліметінше, туризмді және басқа мақсаттағы сапарларды қоса алғанда, 2022 жылдың үш тоқсанында 17 млн 445,7 мыңнан астам РФ азаматы шетелге шыққан: алдыңғы жылғыдан 52,5% артты. Ресейліктер таңдауына ие болған бағыттар арасында үш ел көшбасшы атанды. Бұлар: Абхазия (4,4 млн сапар), Түркия (3,5 млн) және Қазақстан. Біздің елімізге 2 млн 22,7 мың ресейлік кірген (жыл қорытындысында 4 миллионға жуық­тайды деп күтілуде). Арасында рело­канттар, соғысқа барудан қашқан мо­билизанттар, банктік карта ашуға кел­ген­дер, шын саяхатшылар да бар. Ресей туроператорларының қауымдас­тығы (АТОР) Қазақстанға ағылған мил­лиондаған ресейлікті турист ретінде танудан бас тартты.
«Тартымды болған «ТОП-10» ел ара­сында нағыз туризмге тек 5 елдің ғана қатысы бар: бұлар – ішінара ғана Абхазия, ары қарай Түркия, БАӘ, Мысыр және ішінара Армения. Неге бұл тізімде іргедегі Қазақстан жоқ? Себебі 2022 жылы елден уақытша қоныс аударған РФ азамат­та­рының үлкен 2 толқыны Қазақстанға бағыт алды. Қазақстанға кірген ресейліктің көбі транзиттік жолаушылар болды. Тиісінше, шынайы туристердің үлесін бө­ліп алу қиын. Тек тұспалдап, бағалау де­ректерін түзуге болады. Бірақ оның құра­мында көші-қон құрауышының үлесі зор болғандықтан, ол бағалаулар өмір шын­дығынан алыс жатуы мүмкін. Қауым­дас­тықтың талдау қызметінің бағалауынша, Қазақстанға енген ресейліктердің 10-25% ғана классикалық үлгідегі турист», – деп түсіндірді Ресей туроператорлары қауым­дастығының сарапшылары.
Яғни, қалғаны транзиттік жолаушылар мен босқындар болды. Соңғылардың үлкен бөлігі елде қалып, Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіне салмақ түсірді: ресейлік мигранттарды емханаларымызда тіркеп, тегін медициналық көмек көрсету үшін Үкіметке нормативтік-құқықтық актілерге өзгеріс енгізуге тура келді. Қо­ныстанушыларға инфляция, қымбат­шы­лық ере келді, тұрғын үй қолжетімсіз бола түсті. Әрі олар бүгінде жұмыс іздеп, жер­гілікті кадрларды ығыстырып, жұмыспен қамту саласына салмағын салып жатыр. Мұны, әрине турист деу әбестік. Біздің шенеуніктер болса, солтүстік көршіден келгеннің бәрінен туристі көруге құштар. Ресми мәліметке сәйкес, елге бөлгенде, Ресей туристерінің саны басым: елдегі барлық туристің 45%-ы – ресейліктер. Екінші орында Өзбекстан, өзбек туристерінің үлесі – 15,39%. Үштікті Түркия тұйықтайды: бұл елден келген саяхатшылардың үлесі – 10,4%. Тағы бір дерек: Қазақстанға келген барлық туристің 85,6%-ы – ерлер. Туризмге не тосқауыл? Егер құнттаса, қалауын тапса, туризм қазақ елін, соның ішінде мұнайға тәуелді өңірлерімізді де тығырықтан шығарып, өркендеу өріне бастай алар еді. Мәжіліс депутаттарының айтуынша, туризмнің жүйелі дамып, оның экономикалық оң әсерін күткелі біраз жылдың жүзі болды. Алайда Қазақстандағы туризмнің тұрақты дамуына кедергі келтіретін мәселелер мен қиындықтар таусылар емес. Мысалы, турист болса, туристік маршрут жоқ, маршрут бар жерде – қонақ күтетін инфрақұрылым жоқ, инфрақұрылым табылса, тартымды туристік өнім жоқ. Біреуі болса, біреуі жоқ, шамасы, бұл салада жүйелі жұмыс жоқ. Әлемде пан­демия аяқталып қалды, туризм буырқана дами бастады, туристік ағын тасқындады. Қазақстан осы мезетті қайтадан жіберіп алып, қолын мезгілінен кеш сермейін деп тұрған сияқты.
«Көлік жүйесінің реттелмеуі салда­рынан өңірлерде барлық табиғи сұлу­лы­ғына жету оңай емес. Әсіресе, әуежолда­рымен саяхаттауға қатысты ең көп шағым түсуде. Қалаларымыз арасында ұшақтар­дың ұшу жиілігінің аздығы, реттеуге көнбейтін, қалай қалыптасатыны түсінік­сіз билет бағасы, қызмет көрсету сапасы, рейстердің негізсіз кешігуі сияқты мәселе көп. Әуекомпанияларымен турпакеттер бойынша келіссөздер жүргізудің мүмкін емесіне турагенттіктер жиі шағымданады. Теміржолдың жыры тағы бар. Ұлттық компанияның туризм бағыттарын дамы­туға қауқары да, ниеті де жоқ сияқты. Бұл монополист компания жүк тасымалдауға басымдық береді. Ал халық қолданатын вагондардың сапасы нашар», – деді экс-депутат Елнұр Бейсенбаев.
Туризмді тұралатып тұрған сүбелі бір проблема – автокөлік жолдары жағдайы­ның сын көтермейтіні. Шетелдік туристер әлеуметтік желіде қазақстандық туризмнің көрнекті нысанына жеткенше жолдың әбден теперішін тартып, жолсоққы болып, бүкіл ішкі құрылысы «аузынан шыға» жаздағанына шағымданады. Тіпті, Мем­лекет басшысының өзі бұл пробле­маны шешетін уақыт жетті деп Үкіметті үнемі сүйрелеп жүр. Бір ғана мысал: елімізде 166 бағыт бойынша ең кемі 4 мың шақырымнан асатын автомобиль жолы жөндеу мен реконструкциялауға зәру. туризм Келесі түйткіл – қолданыстағы қолдау тетіктеріне қатысты. Үкімет қанша жыл дәріптеп, ішкі туризмді дамытатын ғала­мат жоба ретінде Kids go free бағдарламасын іске қосты. Қажетті көлемде қаражат бө­лінді. Дегенмен бұл тетікті бюрократиялық шырмаулар шырмап тастапты. 2022 жыл­дың он айы қорытындысында небәрі 1 200 бала ғана турист ретінде әуесапар­ларын тегін пайдалана алған. Неге бұл жоба жарға жығылды? Өйткені балалардың ұшу биле­тінің құнын бюджеттен өтеу күрделенді­рілген. «Бала тегін ұшады» де­ген көзбояу сөз ғана. Оның ар жағында бюрократияның ну орманы тұр: алдымен бала үшін билет құны төленуі тиіс, со­ңынан егер шынымен турист екені дәлел­денсе ғана ол қаржы біраз уақыт өткен соң қайтарылуы мүмкін. Дәлелдеу де оңай емес. Күту де ұзақ. Содан турфирмалар Kids go free құрысын деп оған қолын бір сілтейді, туристерден баласы үшін толық құнды өтеуді талап етеді, бағдарламаға жұмыс істемейді. Kids go free арғы тағдыры анықталады Мәдениет және спорт министрлігі туризмді дамыту үшін қолдан келгеннің бәрі жасалып жатқанын алға тартты. Біртіндеп әуеқатынасы қалпына келтіріліп жатыр. Бүгінде елімізден 30 шақты елге жүзден аса бағытта рейстер орындалады. Бұл жұмыс жалғасуда. Қазақстан біржақты түрде Оpen air қағидатын қабылдады, бірақ шетелдік авиакомпаниялар республикаға ұшуға қызықпады. Оларды тарту үшін келіссөз жүргізу, отандық әуежайлардың қымбат қызмет көрсету құнын, авиа­керосин бағасын түсіру керек. 78 елмен арада визасыз режим қалпына келтірілді. Алда ондай елдердің санын 100-ге жеткізу мәселесі пысықталуда. Қазақстан «оқиғалық туризмді» да­мытуға оралмақ. Кезінде осы мақсатта EXPO көрмесі, студенттік универсиада, қысқы Азиада, түрлі саммит өткені белгілі. Ал пандемия басталғалы имидждік жоба­ларға тоқтау салынды. Әйтсе де, ведомство оқиғалық туризмнің пайдасы зор деген байламға келіп отыр. Мысалы, 2022 жылы Астанада Ironman триатлон жарысы өткізілді. Ресми мәліметке жүгін­сек, іс-шараға 40 елден 2 мыңдай қаты­сушы жиылыпты. Министрлік сарапшы­ларының есептеуінше, бұл Астананың экономика­сына шамамен 1 миллиард теңге құйған: бұл жерде қонақтар қона­қ­үйде тұрады, тамақ ішеді, көңіл көтереді, кәдесый сатып алады деп бағаланған. Алматыдағы Димаш Құдайбергеннің концертіне әлемдегі 68 мемлекеттен қонақ келіп, тамашалапты. Бәлкім, онда Ди­маштың концертін қоюға көбірек мән берген жөн шығар? Ал Kids go free бағдарламасына өзге­рістер енгізілетінге ұқсайды. Министрлік былтырғы жоспар 12 мың болғанын ес­керт­ті. Бірақ жыл қорытындысында өті­ніш саны небәрі 2 мыңнан ғана асқан. Ведомство аталған бағдарлама аясында қазақстандықтар турфирмалар арқылы еліміз бойынша саяхаттаса ғана олардың балаларының ұшу билеті субсидияла­натынын еске салды. Ата-аналардың көбі өңірлерімізде өз бетінше қыдырғанды қалайды екен. Салдарынан олар бағдар­лама игілігін көре алмайды. Турфирмаға, яғни делдалға тәуелді етіп қою қоғамда қатты сыналуда. Тағы бір кілтипаны: бағдарлама аясында билет құнының 15 мың теңгесі субсидияланады. Ал бүгінде ұшақ билеттерінің орташа құны 50 мың теңгеден асады. Егер құн көтерілсе, бағдарламаға серпін берілер еді. Өйткені қызығушылық зор. Жоба өмірге жолдама алған 2022 жылғы наурызда небәрі 6 өті­ніш өңделсе, жыл соңында өтініш саны 2 мыңға жетті. Бастапқыда қаражат бөлу үшін өтініш құжаттары 2 апта қаралса, қазір бұл мерзім 4 күнге дейін кеміпті. Министрлік Kids go free аясында жаңа шаралар топтамасын пысықтап жатыр. Оның бірі – кешбэк: ел ішіндегі саяхаттау үшін тур сатып алса, белгілі бір уақыттан соң ақшаның бір бөлігі картасына қа­й­тарылады. Сонымен бірге жазғы демалыс науқаны шырқау шегіне жеткен кезде танымал бағыттар үшін ақша қайтару доғарылуы мүмкін. Жұрт онсыз да барады. Сарапшылар министрлікке бұл тетікпен Ұлытау, Абай облысындағы Жидебай-Бөрілі сияқты жаңа туристік бағыттарды ынталандыруға кеңес беріпті. Қалай бол­ғанда, Kids go free және басқа да туризмді дамыту тетіктеріне реформа жүргізілмек. Оның қайсысы жойылып, қайсысы қа­лып, жетілдірілетінін жаңа Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың коман­дасы айқындайтын болады. Бір анығы сол, қазақ елі бағын ашса, елді байлыққа батыра алатын туристік игілікке толы. Тек оны ұқыпты, ұтымды пайдаланып, ұқсата білетін Үкімет керек.