Көпке күмән болған көгілдір отын
Көпке күмән болған көгілдір отын
408
оқылды
Халықты көгілдір отынмен қамтамасыз ету – мемлекеттің ұдайы назарында тұрған басым бағыттардың бірі. Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен ел игілігіне бағытталған бұл жоба республика бойынша жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Қызылорда облысында да газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Бұған дейін облысқа қарасты бірқатар аудандарда жоба аясында қарқынды жұмыстар жүзеге асырылды. Белгіленген межеге сәйкес жүргізілген жобаның игілігін көріп отырған халықтың қарасы аз емес. Дей тұрғанмен, бәрі де көңілдегідей деп айтуға тағы келмейді. Былтыр облысқа қарасты Қармақшы ауданында да жоба аясында газдандыру жұмыстары қарқын алды. Бұл жайында құзырлы бөлімдер тарапынан да, аудан әкімінің есепті кездесуінде де кеңінен айтылды. Соның ішінде ауданға қарасты Төретам кенті мен Ақай ауылын көгілдір отынмен қамту 2022 жылдың еншісіндегі игілікті істің бірі болды. Жалпы, 2021 жылы республикалық маңызы бар Байқоңыр қаласының жанында орналасқан «Қызылорда облысы Қармақшы ауданының Ақай елді мекенінде тартылатын газ құбыры мен орамішілік газ тарату желілерін салу» және «Қызылорда облысы Қармақшы ауданының Төретам кентінде тартылатын газ құбыры мен орамішілік газ тарату желілерін салу» жобалары облыстық бюджет есебінен әзірленіп, сараптамадан өткізіген. Осыған орай, Төретам кенті бойынша 2 000 тұрғын үй мен 220 әлеуметтік нысанға газ қосу жоспарланды. Аталмыш жоба бойынша мердігер мекеме болып «Алия Сервис» ЖШС танылған. Сонымен қатар Ақай елді мекенін көгілдір отынмен қамту мақсатында AKBARS Stroy Ltd ЖШС тиісті жұмыстарды атқаруда екен. Нәтижесінде, ауылдағы 83 кәсіпкерлік және 14 әлеуметтік нысан газға қосылады деп күтілуде. Бұл жұмыстар 2023 жылы толықтай аяқталып, ел игілігін көреді деп межеленіп отыр. Алғашында кентішілік газдандыру жұмысын Төретам тұрғындары зор қуанышпен қабылдады. Алайда уақыт өте келе атқарылған жұмыстардың сапасына қатысты сын айтыла бастады.
«Кентішілік газ желісіне қосу жұмыстары жаз мезгілінің соңына таяу басталған болатын. Бастапқыда қою түтіннің құрсауынан құтылатын болдық деп қуанғанымыз рас. Дей тұрғанмен, жоспарлы жұмыстар межелі уақытында аяқталмайтын сияқты. Жұмыстар өте баяу жүргізіліп жатыр. Өткен жыл еншісінде межелі жұмыстардың 10 пайызы да атқарылмады деп айтуға болады. Осы кезге дейін белгіленген қаржының 800 млн теңгесі игерілген. Желтоқсан айындағы есепті кездесуінде аудан әкімі мен кент әкімі тарапынан осы жұмыстар сөз болды. Бірақ соншалықты қаржы игеріле тұра, тиісті жұмыстардың 10 пайызы да атқарылмағаны күмәнді ойларға жетелейді. Мәселен, бір ғана ұзындығы 450 метр болатын Рысқұлбеков көшесінің бойына басы мен аяғына 15-20 метр жерге қазып, газ құбырын орнатты. Оның өзі талапқа сай деп айтуға келмейді астына шеге құм төселмеген. Жалпы осы кезге дейін көзге көрінетін жұмыстар жүргізілген жок. Әйтпесе, өткен жылы игерілді деген қыруар қаржыға ауқымды жұмыстар атқарылған болар еді», – деді бұл жайында кент тұрғыны Әділбек Панаұлы.
Жалпы Төретам кентіне кентішілік газ тарту жұмыстары жоба-сметалық құжатқа сәйкес 1 млрд теңгеден астам қаржыға негізделген. Алайда атқарылған жұмыстары игерілген қаржыға татымайды. Кент тұрғыны осылай деп мәлімдеді. Осы орайда кентте бұған дейін жүргізілген ауызсу құбырына қатысты да келеңсіздіктер болды. Жүйесіз жүргізілген жұмыстың салдарынан ауызсу бірде ақса, бірде ақпайды. Енді кентішілік газ құбырлары осы ауызсу құбырының үстімен жүргізілуде. Егер ауызсу құбыры жарылса, газ құбырына зардабы тиеді. Тұрғындар осылай наразылығын жеткізді. Осы мәселе төңірегінде іссапарда болуына байланысты тапсырыс беруші Қармақшы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары мекемесі басшысымен байланысу мүмкін болмады. Ал Төретам кенті әкімдігі тарапынан аталмыш жобаға байланысты тиісті жұмыстар өз деңгейінде аяқталатынына нық сенім білдіріп отыр.
«Кентішілік газдандыру жұмыстары – көптен арман болған игілікті іс. Рас, жұмыстар өте баяу жүргізілуде. Бірақ бұл тиісті жұмыстар аяқсыз қалады деген сөз емес. Алда аязды ауа райы келе жатыр. Соған орай тиісті жұмыстар уақытша тоқтап тұр. Бұл жайында наразы тұрғындармен де кездестім. Көптің күмәнін сейілту мақсатында тұрғындарды мердігер компаниямен кездестіріп, жұмыстың жүргізілуіне қатысты нақты түсіндірме жұмысын үйлестіруді көздеп отырмын. Ал газдандыру мәселесіне келер болсақ, бұл жоба қатаң бақылауда тұр. Осы жылдың соңына дейін сапалы түрде аяқтау межеленген. Кент тұрғындарының игілігі үшін жұмыс жүргізіліп жатыр», – деді Төретам кентінің әкімі Ғалымжан Елеусінов.
Негізінен Сыр өңірінде әр жыл сайын бірнеше елді мекенге табиғи газ тартылып, қаншама отбасы көгілдір отынның қызуын сезінді. Қызылорда облысы әкімдігінің мәліметіне сәйкес, 2022 жылы 7 ауылдағы 15 мың халық көгілдір отын игілігін көрген. Нәтижесінде, аймақ тұрғындарының табиғи газбен қамту үлесі 68 пайызды құрап отыр. Осындай жарасымды істің жалғасы ретінде өткен жылы бастау алған 7 жоба мен жаңадан тағы 8 жаңа жоба биыл іске асады. Осылайша, 2023 жылдың соңына дейін облыс тұрғындарының газға қол жеткізу көрсеткіші 72 пайызға жетеді деген жоспар бар. Түптеп келгенде, көмір жағудың бейнетінен арылсам деген төретамдық тұрғындардың көгілдір отынның игілігін көруге үміті басым. Қайткен күннің өзінде көгілдір отын тиімді екенін тұрғындар да түсініп отыр. Себебі газдандыру жұмысы өз деңгейінде жүргізілсе, экологиялық жағдай да жақсара түсері белгілі.

Қызылорда облысы