«Родина» мен «Зенченкоға» шүйліккен кім?
«Родина» мен «Зенченкоға» шүйліккен кім?
657
оқылды
Елімізде қымбатшылық қай саланы болмасын қос өкпеден қысып тұр. Халықтың тайыз қалтасын қағып, жүгенсіз кеткен бағаны тізгіндеу еш мүмкін болмай кетті. Бұл орайда, қарапайым халық қана емес, отандық өнім өндіруші іргелі кәсіпорындардың да жағдайы күн санап құлдырап бара жатқаны көпке аян. Қажетті шикізат пен материалдардың қымбаттауы ондаған жылдар бойы жүз мыңдаған тұтынушыны өз өнімімен қамтамасыз еткен өндіріс орындарын да тығырыққа тіреді. Шаруасы шатқаяқтап банктердің несиелеріне шырмалған шаруа­шылықтар мен өнеркәсіп орындарының біржола нарықтан кетіп жатқаны да ақиқат. Дегенмен, бұл орайда, мемлекеттік орган­дар тарапынан да бизнесті тұншықтыру әрекеттері болмады дей алмайсың. Өйткені дәл сол кәсіпкерлердің басым бөлігі мемлекеттік мекемелер мен әкімдіктердің тарапынан қысым көргеніне шағымданып жатады. Әрі істердің басым көпшілігінде расында да мемлекеттік органдардың басы дауға қалғандары да баршылық. Шырға­лаңға түскен кәсіпкерлер ақыры кәсібін тастап, еріксіз банкроттық жариялаған жағдайлар да жиі кездеседі. Талдағалы отырған тақырып та дәл осы мемлекеттік орган мен ірі сүт өндірушілер «Родина», «Зенченко және К» компаниялары жайлы болмақ. Сүт өнімдерін сатуда ымыраластық анықталған Әңгіменің әлқиссасы Астана қалалық монополияға қарсы департаментінің Сол­түстік Қазақстан облысындағы «Зенченко және К» мен Ақмола облысындағы «Роди­на» компанияларының сүт өнімдерін сату кезіндегі ымыраласу фактісін анықтауына байланысты туындаған. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті сүт өнімдерін көтерме сатуға талдау жүргізіп, нәтижесінде 2020 жылдың наурызында және 2022 жылдың сәуірінде жоғарыдағы сүт зауыттарының өз өнімдерін бір мезетте өсіргенін анықтағанын жария етті.
– Департамент Кәсіпкерлік кодексінің 170 бабында қарастырылған бағаны ұстау және анық­тауға қатысты «Родина» және «Зенченко және К» компанияларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы келісілген әрекет­терінің белгілерін байқады. Аталған нарық субъектілерінде барлық сүт өнімдерінде оның ішінде әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларына бағаны ымыраласып бірдей етіп қойғандары анықталды. Талдау материалдары Бәсеке­лестікті қорғау және дамыту агенттігінің кәсіпорын субъектілері тіркелген Солтүстік Қазақстан және Ақмола облысындағы аумақтық департа­менттерге хабарлама шығару үшін жол­дан­ған. Аумақтық департаменттер хабарлан­дыру шығарып, кәсіпорындардың мекен­жайына 30 күн ішінде яғни 2023 жылдың 14-15 қаңтарына дейін нұсқаулықты орын­дау үшін жолдады, – дейді Астана қаласы Монополияға қарсы департа­ментінің баспасөз қызметінен.
Өрге басқан бизнесті тартып алғысы келеді... Монополияға қарсы агенттіктің бас қаладағы департаменті ірі сүт компания­ларында баға ымыраластығы болды деп айыптап, жаһанға жар салғанымен, қарапайым халық тұтастай аталған зауыттарды шырылдап қорғап, тіпті мұның көпе-көрнеу жалған екенін әлеуметтік желілерде де жарыса жазуда. Жүздеген пікір жазғандардың бәрі де бұл кәсіп­орын­дарға, ең бастысы, халыққа жасалған кәдімгі қастандық екенін ашық айтуда.
– Зенченкоға «жорық» осыдан екі жыл бұрын-ақ басталған. Фирманың жағдайы шатқаяқтаған күрделі кезеңде ол туралы ешкім де ойлап бас қатырмаған. Ал кәсіп­орын істің көзін тауып, шаруасы дөңге­ле­ніп, бірнеше қалада халыққа өз өнімдерінің сатылымын жолға қойған соң-ақ біреулер өрге басқан бизнесін тартып алмақ болды. Мұның кім екені және дайын тұрған кә­сіпті қалай тартып алмақ болып отырғанын елдің бәрі біледі. Неге Мана­чинскийдің кәсібіне тиіспейді? Ондағы өнімдерінің бағасы үш есе көтерілген. Өйткені тиісуге болмайды. Майлы күлшені тапты. «Зен­чен­ко» мен «Родинаның» ба­ғасы да, сапа­сы да басқаларынан әлдеқайда жақсы еді. Бірақ халықтың жайын ойлап жатқан кім бар?! – дейді Марсель Гаттаров есімді Көк­шетау қаласының тұрғыны.
Спекулянттардың жолы болып тұр... Қала тұрғындары бірқатар нарықта бағасы жүгенсіз кеткен халық тұтынатын басқа өнімдерге еш ықпал етпей, керісінше жұмысы өрге басқан бағасымен де, сапасымен де халықтың көңілінен шыққан кәсіпорындардың соңына шам алып түскен мемлекеттік органдарға наразылықтарын жеткізді.
– Жақында «Хасенов базарында» қиярды 2000 теңгеден алдым. Қызанақты да дәл солай спекуляциялық жолмен бағасын шарықтатып жіберген. Мәселен, «Бишкуль» сүті 230 теңге тұрған. Ал қысқа мерзім ішінде ғана 530 теңге болып шыға келді. Құрметті бақылау органдары, аталған фактілерге неге назар аудармай­сыздар? Қандай негіздемеден бағасы осы­лай көтерілді? Елімізде бидайға қатысты ешқандай дағдарыс жоқ. Бағасы дәл солай тоннасына 100-120 мың теңге күйінде қалған. Бірақ соған қарамастан нанның бағасы шарық­тап кетті. Көкше нарығына жаңадан келген «Зенченко» фирмасының сүті ал­ғаш­қыда 200 теңгеден саудаланса, кейін 330 теңгеге көтерілді. Дегенмен, бұл баға басқаларына қарағанда анағұрлым төмен екенін атап өткен жөн. Бізде әлеуметтік маңызды азық-түлік өнімдері қатты қым­баттап барады. Біреулер халықтың есебінен байып, онымен қоса мемлекеттік субсидия алады. Мемлекеттік қолдауға ие болғаннан кейін неге елімізге бағамен көмектеспейді. Ең қажетті нанның бағасы 500 теңгеден сатылып жатыр. Бұл сұмдық емес пе!, – дей­ді Көкшетау қаласының тұрғыны Айер­ке Жұмағұлова.
Түйінді жағдай жөнінде талай жылдар бойы кәсібімен тұтас елге танымал кәсіп­кер­лермен тілдесіп, мән-жайды білмек болдық. Кәсіпкерлер бұл істің еш қисынға келмейтінін жеткізді. «Бұл – халыққа қарсы акция»
– Антимонополиялық департаменттің жасаған бұл әрекетін өз басым еш түсіне алар емеспін. Біздегі 85 пайыз сүт өнімдері 2,5 және 3,2 пайызбен, айран және қатық өнімі 1 және 2,5 пайыз майлылықпен шығады. Бір атап өтерлігі, «Зенченкомен» баға ымыраластығы болуы еш мүмкін де емес. Өйткені, «Родина» сүтінің көлемі 1 литр болса, «Зенченко» сүті қаптамасы 900 грамды құрайды. Бағасы бірдей деп айтуға еш негіз де жоқ. Бізге нұсқаулық жазып, 1 ай ішінде орындау үшін берді. Енді 19 қаңтарға дейін жауап беруіміз керек. Мен мұны халыққа қарсы акция деп бағалар едім. Осы соңғы үш жыл ішінде біздің сүт өнім­дерінің бағасы тек 23 пайызға ғана көтерілді. Шынын айтқанда, дәл қазір шығынға жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ мемлекеттен қаржылай субсидия алып отырғандықтан халыққа сапалы сүт өнімдерін барынша төмен бағада ұсынып келеміз. Бұл бізге ғана емес, халыққа қарсы әрекет деп білемін. Жауабын тиісті түрде барлығын жіпке тізіп беремін, – дейді «Родина» компаниясының бас директоры Иван Сауэр.
«Арнайы тапсырыс па деген күдігім бар» Әріптесінің бұл уәжін «Зенченко және К» компаниясының бас директоры Геннадий Зенченко да қуаттап, бұл оның бизнесіне жасалған тапсырыс болуы мүмкін деген күдігі бар екенін де жасыр­мады.
– Менің ойымша, бәрі менің соңғы жиында сөйлеген сөздерімнен кейін бас­талды. Саладағы субсидия басқа да барлық өзекті жайлардың бәрін дерлік ашық айттым. «Біреулерге» мұным ұнамай қал­ған болуы керек. Содан кейін дәл жыл соңында антимонополиялық агенттіктің Астана қалалық департаменті осындай лас «сыйлық» жасады. Елордадағы сүтке өтінім берушілер бір-ақ сәтте күрт төмендеп кетті. Біздің барлық өнімдеріміздің сапасы жоғары әрі табиғи өнім екенін, бағаның басқа сүт өнімдеріне қарағанда айтарлық­тай төмен екенін тұтас халықтың өзі мойындап отыр. Толықтай 100 пайыз халық бізді қолдап, шыр-пыр болып жатқанын аңғарамыз. Қазіргі Ресей және Беларусь сүт өнімдері келіп жатқанда бұл бізге жасалған нағыз қастандық деуге әбден болады. Бізді еш негізсіз айыптап отыр. Басқа кәсіпорындарды нарықтан ығыс­тырып шығару үшін өнімдерінің бағасын бір сәтте төмендетіп тастады дегені еш қисынға келмейді. Өйткені біздің қап­тама­ларыз да әр түрлі. Біздің қаптама 900 грам­дық болса, «Родина» қаптамалары 1 литрді құрайды. Халықтың қолдауына шынайы алғысымды білдіргім келеді. Менің біреулер тапсырыс берді деген күдігім де бар. Бірақ әзірге ешқандай дәлелім жоқ. Дегенмен, бір шикіліктің бары анық, – дейді «Зенченко және К» компаниясының бас директоры Геннадий Зенченко.
 

P.S.

Сонымен сүт өнімдерін шығаратын аса ірі қос компания неліктен антимонополиялық органның назарына ілінгені қоғам арасында үлкен резонанс туғызды. Монополияға қарсы мемлекеттік органның да, сүт өнім­дерін өндіруші компаниялардың да өз ұс­танымы мен уәжі бар. Түйінді жағдай қалай шешілмек? Екі ортада шыбын өліп, ха­лықтың онсыз да тайыз қалтасына тағы ауыр салмақ қосылмаса болды...

Ақмола облысы