Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия материалдарының негізінде дайындалған көптомдық таныстырылды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысы туралы есебін тыңдады. Мемлекеттік комиссияның қызметі ғылыми-зерттеу жұмыстарына бағытталған. Белгілі ғалымдар мен сарапшылардан құрылған комиссия мүшелері еліміздің архивтерінде, жабық қорларда ауқымды зерттеулер жүргізді. Құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп, ведомстволық архивтерді құпиясыздандыруға және қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға қатысты жұмыс жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысына әртүрлі қуғын-сүргін санаттары бойынша құжаттар мен материалдар негізінде құрастырылған 31 томдық құжат таныстырылды. Биыл да Мемлекеттік комиссия қуғын-сүргін құрбандарының тарихын зерттеу, архив құжаттарын цифрландыру және электронды қорларды қалыптастыру бағытындағы жұмысын жалғастыра береді.