Қызылорда облысында ер адам көлігімен Арал теңізіне батып кетті
Қызылорда облысында ер адам көлігімен Арал теңізіне батып кетті
© myslide.ru
6,834
оқылды
Қызылорда облысында 60 жастағы азамат көлігімен Арал теңізіне батып кетті. Төтенше жағдайлар қызметіне 10 қаңтар күні сағат 11.48-де хабар түсті. Онда Арал ауданына қарасты Ақеспе елді мекенінен 20-25 шақырым жерде орналасқан Шөмішкөл балық аулау учаскесіндегі Кіші Арал теңізіне Арал қаласында тұратын 1963 жылғы азамат УАЗ автокөлігімен батып кеткені айтылған. «Арал ауданы Қамыстыбас елді мекеніндегі жедел-құтқару жасағы бөлімшесінен 4 құтқарушы үрлемелі моторлы қайық және 3 жиынтық сүңгуір құрал-жабдығымен оқиға орнына жетті. Оқиға орны теңіз жағасынан шамамен 7 шақырымдай жерде. Мұз қалыңдығы шамамен 35 см болса, су тереңдігі 14 метр. Ауа райының қолайсыздығынан іздестіру жұмыстары 11 қаңтар күні басталды. Құтқарушылар 14 метр тереңдіктен УАЗ автокөлігін тапты. Алайда көлік ішінде суға кеткен адам жоқ екені белгілі болды»,–  деді Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова. Ведомство мәліметінше, жедел құтқару жасағының сүңгуірлері іздеу жұмысын жалғастырып жатыр. Оларға көмек ретінде Қызылорда қаласынан КамАЗ көлігімен 5 құтқарушы, Шымкент қаласының 2 құтқарушысы жұмылдырылды. Аталған мамандар су асты іздестіру жұмыстарына арналған «эхолот» құралымен қамтамасыз етілген. Суға батып кеткен адамның денесі бүгін сағат 12.03-те табылды.