Ақмола облысында ер адамнан құрамында алтын бар 79 келі материал тәркіленді
Ақмола облысында ер адамнан құрамында алтын бар 79 келі материал тәркіленді
278
оқылды
Алтын құрамдас кенді өңдейтін шағын цех ашып алған бестөбелік азамат бір-ақ сәтте миллионер атанғысы келген сияқты. Тергеу жүргізген тәртіп сақшылары оның шаруашылық құрылысынан құрамында алтын бар 79 келі материалды анықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. Құрамында алтыны бар руданы өңдейтін кезекті цехты Степногор қаласы криминалды полициясының қызметкерлері 11 қаңтар күні Бестөбе кенті тұрғынының шаруашылық құрылысынан тапты. Рейд шаралары кезінде жедел тергеушілер 32 жастағы ер адамның өз бетінше заңсыз құрылғы жинап, үйінділерден материал жинағанын анықтады.
"Алғашқы тергеу шаралары кезінде полицейлер шарлы ұсатқыш, жуғыш, ұсатуға арналған 10 металл шары мен электр қозғалтқышын тәркіледі. Сонымен қатар полиция қызметкерлері жалпы салмағы 79 келі болатын құрамында алтын бар екі қап материалды іздеп тапты", дейді Ақмола облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.
Аталған факт Қылмыстық кодекстің 295-1-бабы 1-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу бірыңғай тізіліміне тіркелді. Сараптама тағайындалып, тергеу амалы жалғасып жатыр.