ЕҰУ Executive MBA түлегі шетелде мейрамхана ашты
ЕҰУ Executive MBA түлегі шетелде мейрамхана ашты
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-да Executive МВА  білім беру бағдарламалары бойынша алғашқы дипломдар табыс етілді.  «Стратегиялық менеджмент», «Қонақжайлылық және демалысты басқару» бағытындағы кәсіптік басқару саласындағы академиялық дәрежені кәсіпорын басшылары, орта буын менеджерлері алды. Еуразия ұлттық университеті ЕМВА-дің 8 бағдарламасы бойынша білім береді. Оның екеуі бойынша оқу тәмамдалды. 8 топ-менеджер «Стратегиялық менеджмент», «Қонақжайлылық және демалысты басқару» білім беру бағдарламасының алғашқы түлектері атанды. Ресторатор Әнуарбек Серікбаев ЕҰУ қабырғасында алған білімін сәтті пайдаланып, шетелде өзінің мейрамханасын ашты. «Мен ЕМВА бағдарламасымен білім алған бір жыл ішінде көптеген тренингтен үйрене алмаған дүниелерімді түйдім. ЕҰУ қабырғасында «Стратегиялық менеджмент» бойынша алған білімді Ыстамбұл қаласында мейрамханамды ашуға дайындық кезінде қолдандым.  Еліміздегі мейрамханалар желісін басқарудағы мол тәжірибеме қарамастан, мен бизнестің көптеген қыр-сырын университет сарапшылары мен кәсіпкерлерден білдім. Мен ЕҰУ-ға түскеніме өте қуаныштымын. Университетте еңбек ететін өз ісінің білікті мамандарына алғысымды білдіремін. Бұл жерде көптеген жаңа дүниені білдім, теориялық білімді тәжірибеде қолдандым және оларды монетизациялауға қол жеткіздім. Мен ары қарай Еуразия ұлттық университетінде білім алуды жалғастырамын, себебі адам өмір бойы дамып отыруы керек», - деп атап өтті ЕМВА түлегі, «Абадан-2030» ЖШС-нің директоры Әнуарбек Серікбаев.  width= Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ EMBA-нің «Қонақжайлылық және демалысты басқару» білім беру бағдарламасы бірегей және елімізде оның баламасы жоқ. Оқу процесін университет оқытушылары отандық, шетелдік сарапшылармен және тәжірибелі мамандарымен бірлесіп ұйымдастырды. Дәрістер күндізгі және онлайн форматта өтті. EMBA тыңдаушыларымен Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың жетекші оқытушылары, Малайзия, Ұлыбритания, Түркия, Өзбекстан мемлекеттеріндегі ЖОО өкілдері және бизнес секторларының сарапшылары білімдерімен және тәжірибелерімен бөлісті.
«Өткен жылдың соңында университетімізге зерттеу университеті деген беделді мәртебе берілді. Әлемдік тәжірибеде зерттеу университеттерінің үшінші миссиясы бар. Ол  университеттің қоршаған ортаның  экономикалық, саяси, әлеуметтік дамуына қосқан үлесінен тұрады. Осы орайда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті экономиканың, шағын және орта бизнестің дамуына қосатын үлесін үнемі арттырып келеді. Өткен жылы университетте EMBA бағдарламасын іске қостық. Бүгінде алғашқы 8 түлек қолдарына диплом алып отыр. Олар алдағы уақытта ЕҰУ қабырғасында оқуларын жалғастыруды сенімді түрде жоспарлап отыр», - деп атап өтті ғылым, коммерцияландыру және интернационалдандыру жөніндегі проректор Жанна Құрманғалиева.
EMBA дипломдарын «Букитинкз» ЖШС туристік фирмасының директоры Алмагүл Бермағамбетова, «Абадан-2030» ЖШС-нің директоры және директорының орынбасары Әнуарбек Серікбаев пен Мөлдір Ахтаева, «Mumtaz» мейрамханалар желісінің Шымкент қаласындағы филиалының директоры Жанат Ахтаева,  «Rixos President Astana» қонақ үйінің HR директоры Әсел Сұлтанова, «Абадан-2030» ЖШС маркентинг бөлімінің жетекшісі Балауса Ерсін, Шаихов шаруа қожалығының директоры (Павлодар облысы) Сұлтанғазы Аппасов және журналист Ауғанбай Жаңылсын алды. Бүгінгі таңда ЕҰУ ЕМВА 8 бағдарлама бойынша оқыту жүргізеді: - Кеңістіктік дамуды басқаруды ұйымдастыру; - Экономика және маркетинг саласындағы әлеуметтанушы-талдаушы; - Стратегиялық менеджмент; - Білім берудегі менеджмент; - Қонақжайлылық және демалысты басқару; - Аудит-консалтинг; - Қаржыны басқару; -Инновациялар мен экономиканы цифрлық трансформациялау менеджменті.