«Әр отбасының кемінде 1 мүшесі ресми жұмыспен қамтылуы тиіс!». Осы бейсенбіде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі осындай елең еткізерлік ұран тастады. Бірақ бұл адамдардың бәрі кеңседегі кабинетпен немесе кәсіпорындағы станокпен қамтылады деген сөз емес. Бұлардың қатарында фрилансер, инфлюенсер және басқалары да бар, тек ресми тіркеліп, алым-салық төлеп, зейнетақы жарнасын уақытылы аударып тұрса болғаны. Еңбек заңнамасында жұмыстың жаңа форматтары көрініс тауып, анықтамасын алып, заңдастырылды. Цифрландыру өрістеген сайын сол арқылы нәпақасын айырып, қашықтан жұмыс істей алатын мамандар саны да көбеймек. Жұмыс та, жұмысшы да табылады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, тек 2023 жылы Қазақстанда шамамен 1 миллион адам жұмысқа орналасады. Бұл туралы ол ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында жария етті. Жиында министрліктің әлеуметтік-еңбек саласындағы шараларының тиімділігін арттыруға бағытталған 2023-2027 жылдарға арналған Даму жоспарының тұсауы кесілді. Құжаттың бір стратегиялық бағыты – азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.
«Ұлттық еңбек нарығының сын-қатерлері де, халықтың нақты табысына әсер ететін факторлар да көп. Олардың негізгілері – қазіргі халықаралық геосаяси жағдай, еңбек нарығына жастардың үлкен легінің қосылуы, күтілетін жұмыстан босатулар және жаңа жұмыс орындарының аз құрылуы жатады. Сондықтан министрлік жұмысының осы бағытының басты мақсаты – қазақстандық әр отбасының кемінде бір мүшесін ресми жұмыспен қамтамасыз ету және оның әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне қатысуы болады. Негізгі нәтиже – осы жыл ішінде жастарды, жұмыспен қамтылмаған азаматтарды және мүгедектігі бар адамдарды қоса алғанда, жалпы саны шамамен 1 млн адамды жұмысқа орналастыру болып айқындалды», – деді министр.Миллион адамды қайдан табады? Оны іздеудің алгоритмі келесідей: Т.Дүйсенованың мәліметінше, біріншіден, Отбасының цифрлық картасындағы деректер негізінде бірнеше негізгі нысаналы контингент қалыптастырылады. Бұл ретте еңбекке қабілетті, бірақ жұмыс істемейтін екі және одан да көп мүшесі бар отбасыларға, оқуға да, еңбекке де құлқы жоқ жастарға, денсаулығы жұмыс істеуге жарамды мүгедек адамдарға баса назар аударылмақ. Екіншіден, оларға жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік шараларын ұсынатын SMS-хабарламалар жіберіледі. Үшіншіден, егер кім соған үн қатып, келісімін жауап хабарламамен жіберсе, сол азаматтардың ішінен әрбір өңірде жұмысқа орналастырылуы тиіс адамдардың тізілім-реестрі қалыптастырылады. Төртіншіден, жергілікті әкімдіктер 15 қаңтарға дейін осы контингенттегі адамдармен жұмыс істеуге бағдарланған Өңірлік жұмыспен қамту карталарын бекітеді. Бесіншіден, миллион жұмыс орны құрылуы шарт. Осынша орынды министр қайдан табады?
– Тұтастай алғанда, 2023 жылы республика бойынша салалық тұжырымдамалар мен ұлттық жобалар аясында 75 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Бұған қоса, субсидиялайтын 150 мыңнан астам жұмыс орны құрылмақ: жұмыс берушілер төлейтін жалақының бір бөлігін мемлекет өтеу үшін бюджеттен биыл 131 млрд теңге бағытталады. Тағы 780 мың адамды жеке бастамалар аясында және жұмыс берушілердің бос жұмыс орындарына орналастыру жоспарлануда. Құрылатын жұмыс орындарының шамамен 20 пайызы жастар мен мүгедектігі бар адамдарға арналады. Мұның сыртында зейнет жасына жақындағандар үшін «Күміс жас» жобасы жалғасады: оның аясында жыл сайын кемінде 15 мың адам жұмыспен қамтылады, – деді министр.Бұдан өзге, жастардың өз бизнесін тіркеуіне көңіл бөлінеді. Бұл үшін 6 мың жасқа 5 жылға 2,5 пайыздық мөлшерлемемен 5 млн теңгеге дейінгі жеңілдікті микрокредиттер беріледі. Ерекше қажеттіліктері бар жастарға және халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан азаматтарға әрқайсысы 1,2 млн теңгелік 9 мың грант таратылады. Тамара Дүйсенова сондай-ақ былтыр Электрондық еңбек биржасында бірқатар ірі компаниямен бірлесіп жұмысқа қабылдаудың пилоттық жобасы іске асырылғанын атап өтті. Бұл жұмыс осы жылы да жалғасады: 15 ақпанға дейін 20 ірі отандық компаниямен арада тиісті меморандум бекітпек. Сонымен қатар 2022 жылы аталған биржа арқылы 11 мыңнан астам адам басқа өңірлерде өз бетінше жұмыс тауып, көшіпті. Еңбек саласынан тағы бір жаңалық: Т.Дүйсенова Жұмыспен қамту орталықтарын (ЖҚО) трансформациялауды бастағанын айтты. Олардың орнына жаңа құрылым құрмақ: өңірлер деңгейінде бэк-офис функциясын Еңбек ұтқырлығы орталықтары орындайтын болады. Ал аудандар мен қалалар деңгейінде Жұмыспен қамту орталықтары негізінде Мансаптық орталықтар пайда болады. Осы орталықтар көрсететін қызметтер үшін тариф белгіленеді. ЖҚО-дан айырмашылығы, Мансаптық орталықтардың қызметкерлерінің еңбекақысы олардың жұмысқа орналастыра алған жұмыссыздарының санына тікелей байланысты болады. Трансформацияны пилоттық сынақтан өткізу биыл 3 өңірде – Астанада, Қарағанды және Түркістан облыстарында басталады. Фриланстың арғы жағы, бергі жағы Мемлекет мектептерде ағылшын тілін кеңінен енгізе бастағанда, оған қарсы адамдар көп болды. Билік «әр қазақ баласы білім бастауынан алдымен ана тілінде сусындауы тиіс» деген тіл жанашырларының тілегіне құлақ асып, бастауыш сыныптардан жаратылыстану, математика пәндерін ағылшын тілінде оқыту идеясынан бас тартты. Дегенмен, HR Transformation Platform көшбасшысы, персоналды басқару саласының сарапшысы Альвина Байжұмованың айтуынша, ағылшын тілі азаматтар алдынан бүкіл жаһандық еңбек нарығына есік ашады. Мысалы, фрилансер дегенде көбіне, қашықтан жұмыс істей беретін жоғары білікті ІТ мамандар ғана көзге елестейді. Немесе дүниежүзін шарлап, планетамыздың кез келген түкпірінен фолловерлерімен қарым-қатынас жасай беретін блогерлер ойға оралады. Шынында, өзге де мамандар, соның ішінде журналистер, оқытушы-профессорлар, мектеп мұғалімдері, бухгалтерлер, заңгерлер, инженерлер, тіпті біліктілігі төмен мамандар қашықтан, онлайн форматта табыс таба алады. Тіпті бірден бірнеше жұмыс берушіге қызметін ұсынуға мүмкіндігі бар. Басты талап – ағылшын және басқа шет тілдерінде таза, жүйрік сөйлеу, сонымен бірге тәуліктің кез келген шағында жұмыс істеуге дайын болу. Қазақстандықтарға үйінде отырып, АҚШ-тағы ірі компанияның офис-менеджері, хатшысы болып жұмыс істеуге мүмкіндік бар екен. Себебі елімізде интернет лимитсіз, ал халықаралық телефон байланыстары анағұрлым арзан. 68 фриланс-кәсіп бойынша кітаптың авторы, коучер, сала сарапшысы Юлия Коротунның түсіндіруінше, бұрын фрилансер деген ұғым өзін-өзі жұмыспен қамтушы, әр жұмыстың басын бір шалып, тиіп-қашып еңбек ететін, тұрақты орын таба алмаған адамдарды білдіретін. Әрине, ТМД аумағында әлі күнге негізінен, солай болып қалуда. Қазақстанда фрилансерлердің орташа жалақысы ресми мәлімет бойынша 124 мың теңге ғана. Бірақ фрилансерлер, инфлюенсерлер, блогерлер және басқасы шын табысын мемлекеттен жасырады. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелсе де, табысын төмен етіп көрсетіп, содан ғана салық төлейді. Әйткенмен, қазіргі заманда фрилан-сер – уақытша ақша табу кәсібінің нышаны емес, өз ісінің білгірі саналатын маман адамның өзіне лайықты жұмыс орнын жауапты таңдауы, оның өзіндік өмір салты ретінде қабылданады. Бұл тұрғыдан алғанда, фриланс – майталман маманға нақты бір ұйымға тұрақты жұмысқа тұрмай, штатына кірмей, бір мезгілде әртүрлі жұмыс берушімен келісімшарт жасап, табыс табуға мүмкіндік беретін жұмыс форматы. Фрилансер – өз еркі өзінде болатын жұмысшы, ол тек өзіне қолайлы, пайдалы санайтын тапсырысты алады, жұмыс берушіге салығын салмай, төл жұмыс орнын, керек-жарағын өзі сайлайды. Фрилансер өзі орындаған жұмыстың сапасы үшін өзі жауап береді. Себебі, егер тапсырысты сапасыз орындаса, болашақта тапсырыссыз қалады.
«Фрилансты неден бастаған жөн? Бірінші кезекте, қандай салада, кәсіпте мықты, майталман екеніңізді анықтаңыз. Мысалы, Қазақстанда мемлекеттік мекемеде есепші болып қызмет атқарған адам дәмді торт, бәліш жасай біледі екен. Ара-тұра қонақтарға, ұжымына дәм татырып, қуантып тұрған. Содан жыл сайынғы демалысына шыққанда, қол боста торт пісіріп, бірнеше дәмханаға ұсынып көрген. Азын-аулақ тапсырыс алып, айналыса бастайды. Бүгінде ол кісі рестораторлар арасында белгілі адам, өз компаниясы бар, Астанадағы бірнеше танымал дәмхана мен мейрамхананы тәттімен қамтып отыр», – деді Ю.Коротун.Қызмет саласын анықтаған соң, оны егжей-тегжейлі зерделеген жөн: бұған интернет, сол салада бұрыннан жұмыс істейтін мамандарымен сөйлесу көмектеседі. Қажет болса, қысқа кәсіби курстан өтуге болады. Ондай курстар түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында тегін де ұсынылады. Үшіншіден, қаржылық тірек, жинақ болғаны жөн. Қалтада тиын қалмағанда немесе қарыз батпағына батқанда, фрилансерге айналу түңілуден басқа ештеңе әкелмеуі мүмкін. Сарапшының кеңесінше, студент жалдамалы жұмысшы болып жүргенде, бірнеше тартымды, салмақты, мәнді тапсырысты орындағаны жөн. Дамыған елдерде фрилансерлер қызықты, халықты елеңдетер, қоғамдық маңызды жобаларды тегін, волонтер ретінде ақысыз орындай береді. Бұл өз атын шығару үшін қажет. Сондықтан фрилансер үшін жауапты қадам сауатты түйіндеме (CV) түзу болмақ: онда оның қандай маңызды, пайдалы, тиімді, қомақты жобаларды орындағаны, айтуға тұрарлық нендей бастама, идея, бетбұрыстарға бастамашы болып, қаншалықты табысты жүзеге асырғаны туралы қысқаша, бірақ тұшымды түрде баяндағаны абзал. Бұған қоса, сарапшы еш ұялмай, өз қызметі туралы жағымды пікір жинауға кеңес береді: егер салаға сыйлы бір адам мақтауын келістіріп, ұсыным хат жазып берсе, тіпті қатып кетеді. Жалпы, әртүрлі тапсырыс үшін әралуан түйіндеме нұсқасын дайындаған орынды: жұмыс орындары тізбеленетін классикалық түрден бастап, лендинг түрінде қатталған заманауи, оңтайлы онлайн түйіндемеге дейін. Оларды мемлекеттік Электрондық еңбек биржасында, HH және басқа отандық және шетелдік жұмыс іздеуге арналған ірі порталдарда орналастыру қажет. Маманның байламынша, цифрлық коммуникация дәуірінде фриланс форматында жұмыс табуға шектеу жоқ. Мысалы, сәулет нысандарын концептуалды жәны эскиздік жобалаумен айналысатын қазақстандық мамандар бүкіл посткеңестік кеңістіктегі елдерге тапсырыспен қашықтан жұмыс істей алады. Ал егер маманның дамыған елдерде алған жоғары білімі болса, онда ол ауқаттан ықылық атқан батыста да майшелпек жобаларға атсалыса алады. Сарапшылар фриланстың оң және теріс жақтары барын ескертеді. Ыңғайлысына: жұмыс кестесін өз бетінше құру мүмкіндігі; қашықтан жұмыс істеу; локацияны, қай жерде тұруды таңдау мүмкіндігі (шетелдік жағажайда жатып та жұмысты жалғастыруға болады); тапсырыстар мен олардың көлемін қалауына қарай таңдау; негізгі жұмыс орнымен немесе оқумен қоса атқару жатады. Фриланстың қолайсыз жақтарына: тәулік бойы қарбаласқа түсіп, дедлайн-межелердің үнемі төбеден төніп тұруы; нақты жұмыс кестесінің болмауы салдарынан болашақты жоспарлай алмау; әр тапсырыстың қаржылық және заңгерлік тәуекелдерін есептеп отыру қажеттілігі; штаттағы қызметкерлер пайдаланатын әлеуметтік пакеттен, түрлі қолдаулардан қағылу; тапсырыс берушілерді өз бетінше іздеуге мәжбүр болуы; ұдайы онлайн коммуникация кіреді.
«Көптеген ұйым штаттық қызметкерлері орындай алмайтын тапсырмаларды фрилансерлерге тапсырады. Фрилансерлер сияқты орындаушылармен қысқамерзімді келісімдер болашақта сұранысқа ие нақты, тар дағдылары бар жұмысшыларды іріктеудің және жалдаудың ұзақ үдерісінен бас тартуға мүмкіндік береді. Нақты жобаларға фрилансерлерді тарту арқасында бизнес персонал мен инфрақұрылымға, үй-жайларды, компьютерлерді, жабдықтарды және басқасын жалдау шығындарын қысқартады, оларға нәтиже бойынша ғана төлемақы береді. Мысалы, егер бір ауқымды құжатты, есепті шет тіліне аудару қажет болса, компанияға аудармашы-қызметкерді жалдау орынсыз. Ал аударма бюросына жүгіну бюрократиялық шығындарды талап етеді: ол үшін нақты техникалық тапсырманы дайындауы, шартқа, актілерге қол қою керек, басқа қосымша жұмыстары алдан шығады. Сондықтан мұндай тапсырманы фрилансерге беру оңтайлы шешімге айналады», – деді орталық мамандары.ЕРДО дерегінше, фрилансерлер арасында копирайтерлер, контент жасаушылар, редакторлар, аудармашылар, дизайнерлер, IT мамандары, маркетологтар, SMM мамандары бар. Ал Freelancer.com дерегіне сүйенсек, әлемде компаниялардың көпшілігі контент жасау, жазу, виртуалды анимация, ақпараттық технологиялар және бағдарламалау, маркетинг және цифрлық сауда, графикалық дизайн, мультимедиялық редакторлар мамандарын көбірек іздейді. Фриланс үшін қызықты платформаларға Upwork, Fiverr, Toptal, Simply Ніred, PeoplePerHour, Aquent, Crowded, The Creative Group, 99Designs, Nexхt, TaskRabbit кіреді. Сонымен қатар сала үшін әлеуметтік желілердің рөлі өсіп келеді. Фрилансерлер арасында Facebook, LinkedIn, Instagram және YouTube танымалдылығы арту үстінде. Орталық сарапшылары күнделікті жұмыс орнына баруға ерінетін адам фрилансқа көшіп, демалыстан ләззат ала алады деген қате пікір қалыптасқанына назар аудартты. Шынында, фрилансердің өмірі тынбайтын талпыныстан, үздіксіз ізденістен тұрады.
«Жұмыс уақытының шектелмеуі және жұмыс кестесінің тұрақсыздығы жағдайында үнемі өзін-өзі ұйымдастыру талабы кәсіби шаршау, қажу қаупін арттырады. Өйткені тапсырмалар жұмыстан тыс уақытта, белгіленген мерзім аяқталуға таяғанда, соңғы сәтте түсуі мүмкін. Әрі оны тез орындау талап етіледі. Бұл жағдай ұдайы қайталана берсе, бұл фрилансерді әбден жалықтырып, денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Мұндай жұмыспен қамту өз рейтингін көтеру, көбірек тұтынушыларды тарту үшін бастапқы жұмыс көлемінен артық орындауға мәжбүр етеді. Бұған қоса, үнемі трендті білу, трендте болу талап етіледі», – деп түсініктеме берді Еңбек ресурстарын дамыту орталығы.Қорыта айтқанда, фриланс саласы қанша қызықты, игілігі мол көрінгенімен, оның артатын жауапкершілігі де зор. Яғни, кержалқаулар, іске қырсыздар мұнда да еш табысқа жете алмайды. Таяуда депутат ағаларымыздың бірі қазіргі жастардың ТикТок блогер болуды ғана қалайтынына, ауылда жермен жұмыс істейтін адам қалмайтынына алаңдаушылық білдірген еді. Бірақ блогер болу да белгілі бір қабілет, қарымды талап етсе керек. Қалай болғанда, Еңбек министрлігі фриланс саласын еріккеннің ермегі санамай, еңбек санатына қосып отыр. Тек донат жиятын, жарнамадан табыс табатын мыңдаған блогер, көлеңкелі табыс табатын мыңдаған инфлюенсер ресми тіркеліп, алымдарын, салықтары мен жарналарын тұрақты аударып тұрғаны маңызды. Абай атамыз «Есектің артын жусаң да мал тап» деп жазды. Мұнысы адал табыс әкелетін жұмыстан арланба дегені болса керек. Ал егер қазақстандық фрилансерлер Қазақстанда отырып, дүниенің төрт бұрышынан еңбекақы алып отырса, бұл қазақтың заманауи жаһандық еңбек нарығының өріне өрлегені.