№11 мекеме: «Қараңғы түннің артынан жарқырап күн шығады»

жасөспірім

Жасөспірімдерге арналған түзету колониясы Қазақстанда біреу ғана. Сондағы тірлікті көріп қайтуға жолымыз түсті. Алматы қаласы Райымбек батыр даңғылында орналасқан мекеме бірден көзге түсе қоймайды. Кішкентай ғана бұрыш та Алматы қаласының Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты ЛА-155/6 мекемесі деп жазулы тұр. Артынан аты №11 мекемеге ауыстырылған. Яғни, бұрынғы тәрбиелеу колониясында 15-21 жас аралығындағы 39 жасөспірім жазасын өтеп жатыр. Ондағы сотталушылардың көбісі кісі өлтіру, зорлық-зомбылық және есірткі тарату фактісі сияқты аса ауыр қылмыс жасағандар екен.

Ең жас қылмыскер – 15-те

Бұрынғы тәрбиелеу колониясы, бү­гінде кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған қауіпсіздігі орташа түзеу ме­кемесі деп аталады. Қазір ең жасы кіші қылмыскер – 15 жаста. Кәмелеттік жасқа толмағандарды жазаға тарту 14 жастан басталады.

жасөспірім

– Мысалы, 14 жасында қылмыс жасаса, іс қозғалып, тергелгенше бозбала тергеу изоляторында болады. Сот үкімі шығып, айыбы анықталып, бізге түс­кен­де 15 жасқа келеді. Біздегі ең ұзақ мерзім – 12 жыл. Осы мерзімге сотталған бір ғана бала. Ол қылмыстық кодекстің 99-бап, адам өлімі фактісі бойынша айып­талған. 39 сотталушының 11-і ауыр қыл­мыс, 28-і аса ауыр қылмыс үшін сот­талған. Көбісі адам өлімі, зорлау және есірткі бойынша түскендер. Әр баптың түрлі тармағы бар. Мәселен, ішінде анасын қорғаймын деп өгей әкесін өл­тіріп қойғандар да бар, – дейді Мекеме бастығының орынбасары, әділет майоры Дәурен Машимбаев.

жасөспірімБылтырғы қараша айындағы мәлімет бойынша 39 сотталушының 8-і 99-бап «Адам өлтіру» фактісімен сотталған. Жалпы, зорлық ісі бойынша (121-бап 3-1 тармағы, 211-баптың 4-тармағы) жетеуі отыр. Үшінші орында – есірткі тарату (297-бап 3-тармағы) ісі. Яғни, жеті бала есірткі таратқаны үшін айыпталған. Оның көпшілігі – Ақтөбе мен Шымкент қаласының тұрғындары. Ал бесеуі Түркістан облысынан екен.

Оның айтуынша, осындай колония бұрын еліміз бойынша төрт облыста бол­ған. 2011 жылы оңтайландыру мақса­тын­да олар қысқартылып, жалғыз мекеме Алматы қаласында қалған.

Мекеме

«Сол уақытта сотталушы бала саны да көп еді. Себебі, ұрлық үшін де балалар сотталатын. Ал қазір ондай жоқ. Ізгі­лендіру актілеріне сәйкес, бала қылмыс жасаса, әуелі пробациялық бақылауға алынады. Сөйтіп, шектеу жазасы қойы­лады. Егер қылмыс бірнеше рет қайт­а­ланса, яғни қайта-қайта ұрлықпен көзге түссе ғана бас бостандығынан айы­ры­лады. Сондықтан мұнда тек аса ауыр жә­не ауыр қылмыс үшін жауапқа тар­тылғандар жазасын өтейді», – деді Мекеме бастығының орынбасары.

Анасын сағынған бала

Бір ғимараттан екінші ғимаратқа өтсек те, бөлімшеден бөлімшеге барсақ та, барлығын күзетшілер бақылайды. Әрбір есік құлыптаулы. Арнайы тетікше басса ғана есік ашылады. Айнала тым-тырыс. Сөйтсек, сотталушылардың кө­бісі күндізгі мектепте, сабақ оқып жатыр. Алдымен олардың жатын орындарын араладық. Арғы бөлменің бірінен гита­раның үні естілді. Бір бала гитара тартуды үйреніп жатыр екен. Есімі – Нұржан (Есімі өзгертілді – ред.). Түрмеден шық­қанда анасына Ғаділбек Жанайдың «Анашым» әнін орындап бермек.

Мекеме

Айтуынша, бос уақытында гитара ғана емес, шахмат, нарды ойнайды. Түркістандық бозбала үйінің кенжесі екен. Әкесі – күзетте, анасы вахтада жұмыс істейді. Әке-шешесін еске алы­сы­мен жанары жасқа толды. Бірақ оны­сын көрсеткісі келмеді. Ендігі бар ар­маны – әке-шешесіне қолғабыс ету, көмектесу. «Шаштараз ашқым келеді. Сол салада ісімді дөңгелентіп, жұмыс орындарын ашсам», – дейді Нұржан.

 – Соңғы кезде қандай түс көрдіңіз?

– Шыны керек, түс жиі көрмеймін. Соңғы рет көргенім ата-анам еді. Ауылға бара жатыр екенмін. Ал аулада әке-ше­шем, екі әпкем күтіп отыр.

 

– Мұнда достарың бар ма?

– Әрине, бар. Бекежан, Арлан, Тар­ланбек (Есімі өзгертілді – ред.). Осында түскен күні қатты жүрексіндім. Сол кезде олар мені өздеріне жақын тартты. «Уа­йымдама, бәрі дұрыс болады. Бәріміз бостандыққа шығамыз. Қателіксіз адам болмайды» деген Тарланбектің сөзінен кейін бойымдағы қорқыныш сейілді. Бәрі өзім секілді балалар, қазір бауы­рымдай болып кетті, – деген Нұржан қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-тар­ма­ғы, яғни «Адам өлтіруге оқталу» бабымен жауапқа тартылған.

Мекеме

Мүмкін жастықтың да, еркеліктің де әсері болар. Балалармен жүргенде сөзге келіп қалыпты. «Әлгі жерде айтылған біраз ауыр сөз көңіліме тиді. Соны көтере алмадым. Қазір істегеніме өкінемін. Әке-шешемнің айтқанына құлақ аспадым. «Сол кезде оларды неге тыңдамадым?» деген өкініш бар. Еске алсам, жылағың келеді. Уақыт өте өзіңді жинайды екенсің. Басыма тиді, сабақ болды, енді ондайға жол бермеймін», – дейді ол.

21 жастан кейін  ересектер колониясына көшіріледі

Дәурен Машимбаевтың айтуынша, ауыр қылмысқа тартылғандар оқшау­лан­б­айды, бәрі бір жерде отырады. Тәрбиелеу колониясына түскендер алғашқы алты айда жалпы жағдайда болады. Сол аралықта оның тәртібіне, өзін-өзі ұс­тауына байланысты жеңілдетілген немесе жалпы жағдай деген бөлімнің біріне жіберіледі. Егер сотталушы өзін жақсы жағынан көрсетіп, марапатталса, же­ңілдетілген жағдайға ауыстырылады. Оның артықшылығы – жақындарымен кездесу де, сөйлесу де көбейеді.

– Соңғы алты айда, яғни жарты жылда қатаң жазаға ешкім тартылмады. Сондықтан олардың өзін-өзі ұстауы қанағаттанарлық дүние деуге болады. Сотталушы 18 жасқа толған соң өзінің қайда қалатынын таңдауға құқылы. Не болмаса «өзімнің тұрғылықты мекенжайы бойынша үлкен колонияға жіберуіңізді сұраймын» деп сотқа өтініш білдіре алады. Нәтижесінде, соттың шығарған шешімі орындалады. Тіпті тәрбиелеу колониясында қалса да, онда тек 21 жасқа дейін бола алады. Кейін бәрібір ересектер колониясына жіберіледі, – дейді Мекеме бастығының орынбасары.

МекемеСотталушылардың бір-бірімен ере­гесіп, сөзге келіп қалуға мүмкіндігі бол­майды екен. Таңғы сағат 6-да тұрған ба­лалар жуынып-шайынып, жатты­ғуларын жасап, тексерістен өтеді. Таңғы астан кейін түске дейін сабақ оқиды. Ал мектеп жасынан асқандар Кәсіби техникалық мектепте білім алады. Ол жақтан слесарь, сантехник, ағаш бұйымымен жұмыс іс­тейтін қолөнер шебері секілді үш ма­ман­дықтың бірін алып шығады. Аралап жүріп, тынығу бөлмесінен кешкі мектеп­те оқитын екі-үш баланы көріп қалдық. Балалардың бірін әңгімеге тарттық, есімі Асқар (Есімі өзгертілді – ред.) екен.

Өзі Қылмыстық кодекстің 106-бабы, яғни дене жарақатын келтіргені үшін колонияға түскен. Оқиға 2019 жылы болыпты. Көпшіліктің ішінде төбелесіп, жапа шегушіні бөтелкемен басынан ұрған. Ол кезде Асқар 8-сыныпта оқыған.

Мекеме

– Қазіргі Асқар мен бостандықтағы Асқардың айырмашылығы бар ма?

– Әрине, бар. Бостандықтағы Асқар – бала Асқар, ал қазіргі Асқар – есейген Асқар. «Басқа түссе, баспақшыл» деген­дей, басқа түскен іске көндігеміз. Уақыт өте бұл ортаға да үйренеді екенсің. Бәрінен бұрын жандүниең қиналады, арпалысады.

– Үй ішіңізге айтарыңыз бар ма?

– Әр түннің артынан жарқырап күн шығады. Уайымдамаңыздар, бұйырса, үйге келемін, – деген 18 жастағы Асқар биыл бостандыққа шығатынын айтты. Өзінің колонияда отырғанына 3 жылдан асыпты.

«Алға қойған жоспарым көп. Ең бі­рінші ата-анамның қасына оралу, оларға көмектесу, қамқор болу. Екіншіден, Қазақстан теміржол колледжіне түсіп, теміржолшы болғым келеді, – дейді Батыс Қазақстан облысының тумасы.

Ол өзі үйдің үлкені. Артынан ерген екі бауыры бар. Анасы үй шаруасында, әкесі көлік жөндейді.

Сотталғандар жанашыр бола ма?

Балалар бір сағат тынығып алған соң, күніне 2 сағаттан аспайтын уақыт ме­кемедегі оңалту жұмысын істейді. Оған ауланы тазалау, жер аудару секілді та­залық жұмыстары кіреді.

Мекеме

Сонымен қатар күніне 15 минут так­со­фонмен сөйлесе алады. Тіпті, Skype арқылы хабарласуға мүмкіндік беріледі. Ашық есік күндерінде ата-аналар бала­ларымен кездесе алады. Қажет десе, балаларының тіршілігімен танысып, күні бойы қасында болады.

 – Бізде негізінен алыстағы туған-туысы келе алмайды. Келсе немесе сә­лемдемесі болса, қабылдап алуға тырыса­мыз. Ұзақмерзімді кездесу тек жақын туысына рұқсат етілген. Қысқамерзімді кездесу екі сағатқа болса, ұзақмерзімді кездесу 1-2 күнге беріледі. Оған екі ере­сек, екі жасөспірім кіре алады. Ал егер іштегі ережені бұзса, бұл артықшылықтан айырылады, – дейді Әділет майоры Дәу­рен Машимбаев.

Оның айтуынша, жазасын өтеп шық­қан балалардың арасында қайта түскені болмаған. «Тәрбиелеу колониясы бол­ған­дықтан әрбір баланы бақылауда ұс­таймыз. Олармен жасақ басшылары, пси­хологтар, тәрбиешілер ашық әңгіме жүр­гізіп, түзелуіне барынша көңіл бөледі. Көп­теген қоғамдық қормен бірлесе оты­рып, түрлі спорттық сайыстар мен ме­ре­келік шаралар өткізіледі. Ұйымдасты­рылған шараларға қатысып, белсенділігін көрсетсе, мекеме бастығының құқығы­мен алғыс жарияланып», ішінара елеп-ескерілетінін жеткізді.

 

Керісінше, кейбірінің арасында жанашырлық сезімі оянады. Алматының бір баласы колониядан шыққан соң саудамен айналысып, өз жағдайын түзеп алған. Артынан жазасын өтеп жатқан балаларға көмектесіп, қажеттіліктерін әперсем деп хабарласқан екен.

Баласын іздемейтін де ата-ана болады

Негізі колонияда ата-ананың рөлін жасақ бастығының тәрбиешілері атқа­рады. Жасақ бастығының сөзінше, ба­лалардың ата-анасымен байланыссыз қалған жағдайы да болған. «Сергей (Есімі өзгертілді – ред.) деген бала болды. Бізге келгенде ата-анасының нөмірін жоғал­тып алған. Есіне де түсіре алмады. Хабар-ошарсыз қалды. Содан мекенжайы бо­йын­ша интернеттен іздеп-тауып, байла­нысқа шыққанымыз бар» деген ол осын­дай жағдай үш-төрт балада болғанын айтты. Ең маңыздысы – балалардың аға­йын-туғандарымен байланысы үзілмеуі тиіс.

Мекеме

– Бала көп қой, бірақ ешкімді бө­ліп жармай, бәріне бірдей қараймыз. Бірін­ші кезекте оларды сотталған қылмыскер деп емес, бала деп санаймыз. «Бала тәр­биесі – баршаның ісі» демекші, қай жерде болсын баланы тәрбиелеу – біздің жұмы­сымыз. Біз осы балаларға жауап­ты­мыз, олардың адам болып қалыптасуы – біздің мойнымызда. Сондықтан олардың бостандыққа шыққанда, қатарынан қалыспай, қоғамға тез бейімделуіне барымызды салып, түрлі тәрбиелік жұ­мыс жүргіземіз.

Оның үстіне, олардың құбылып тұратын шағы. Балалардың көңіл күйіне қарап, сағы сынып, өзіне-өзі қол сал­мауын қадағалаймыз. Сотталушының қай-қайсысын алсаңыз, өзін жазықсыз санайды. Бірі өзінің араласқан ортасы дұрыс болмады десе, енді бірі өзге бі­реулердің ықпалына еріп кеткенін сөз етеді. Салдарынан ішімдік ішіп, есірткі қолданып, білместіктен қылмысқа барып жатады, – дейді Жасақ бастығы Ернар Сабитов.

МекемеАрасында баласын іздеп келмеген де жағдай болған. Тұрмысы төмен отба­сы­нан шыққан бала колонияға зорлау ісі­мен түскен. Өзінің әкесі жоқ, анасы бол­са ішімдікке салынған. Кездесуге мүл­дем келмеген, бірде-бір рет хабар­лас­паған. «Содан біздің қызметкерлер ана­сын 2-3 рет кездесуге шақырып, жүзде­суін ұйымдастырған. Өз ішімізде ата-аналар комитеті бар. Солар мекеме қыз­меткерлерімен бірлесе отырып, ақша жинап, қажетті азық-түлігін алып, жо­лақысына дейін төлеп берген. Сөйтіп, «2-3 күн ішпей тұра тұрыңыз, шыдаңыз» деп өтінгенбіз. Өкінішке қарай, анасы келмеді» деген әділет капитаны Ернар Сабитов мұндай жағдайдың баланың психикасына кері әсер ететінін айтты.

Толыққанды отбасынан да қылмыскер шығады

Сотталғанның бәрі бірдей тұрмысы төмен немесе толық емес отбасылардан шыққандар емес. Арасында жақсы отба­сынан шыққаны да, әке-шешесі жақсы қызметтегі жандардың да балалары бар. Соның бірі – Олегтің (Есімі өзгертілді – ред.) оқиғасы.

17 жастағы алматылық бала зорлық фактісімен колонияға түскен. «Өткен істі есіме алғым келмейді. Бұл – ыңғайсыз жағдай, сол үшін де ұяламын», – дейді Олег. Бір қарағанда, ата-анасының өз кәсібі бар. Үйдің жалғыз баласы.

Айтуынша, колонияға 2020 жылдың қыркүйегінде түскен. Бұйырса, жарты жыл­дан кейін босатылмақ. Қазірдің өзін­де сабағын жақсы оқып, үздік бітірмек.

 – Меніңше, колонияға түсу бәріне ауыр тиеді. Бірақ мұнда жан алысып, жан берісетіндей күңіренетін жағдай емес. Ке­рісінше, өміріңді өзгертуге берілген мүм­кіндік деп білу керек. Осындағы уа­қытыңды тиімді пайдаланып, толық­қанды білім алып, жетілу керек. Екін­шіден, ашық ауыз, аңқаулықтың қажеті жоқ екенін түсіндім. Өз ісіңмен айна­лы­сып, өзіңді жетілдіру керек, – дейді Олег.

жасөспірімМекеме орынбасары әрбір баланың үмітінің үзілмегенін қалаймыз дейді. «Өткеннен сабақ алып, алдағы өмірін дұрыс жолға қоя білуі керек. Осы мақ­сатта «Ресоциализация» деген жоба жүргізіледі. Мекемеден босауына бір жыл қалғанда сотталушыны босатуына да­йындық жұмысы жүреді. Психологтармен кездесіп, қоғамға оралуына бейімдеуге тырысып, бақылауға алынады», – деген мекеме бастығының орынбасары Дәу­рен Машимбаев жас балалардың жақсы өмірге деген үміті әлі үзілмегеніне сенімді.

Антон Макаренконың «баланы өмірдің өзінен қорғай алмайсың» де­гендей, оқыста болған жағдайда кейде әке-шешенің өзі де шарасыз қалып жатады. Сондықтан баланың өмірде азамат ретінде қалыптасқанға дейін жолдың талай қиындығын бастан өткеретінін ұмытпаған абзал.

Байқау айқын
Байқау айқын
Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.