Зілзаланы дәл болжау мүмкін бе?
Зілзаланы дәл болжау мүмкін бе?
649
оқылды
Жаңа жыл қарсаңында Алматы тұрғындары жерасты дүмпуін анық сезінді. Соңғы он жылда мұндай шайқалу қатты байқалмаған еді. Сондықтан да алматылықтардың бір ғасырда бір қайталануы мүмкін зілзаладан үрейленіп отырғаны рас. Ендеше, төтенше жағдайға дайындық қалай? Ұсынылып отырған ресейлік жаңа әдіс – «томографиялық алгоритм» не бермек? Жер сілкінісін алдын ала болжауға бола ма? Кішігірім дүмпулер пайдалы 28 желтоқсанда Алматы қаласында сағат 23:17 минут шамасында жер сілкінісі тір­келді. Оның ошағы Алматыдан 261 ша­қы­рым жерде болса да, қала тұрғындарының түнімен үрейленіп шыққаны рас. Әсіресе, Facebook парақшаларында әсерлерін жа­рыса жазған алматылықтар, бірі «ілме­шам­ның бұлай қатты шайқалғанын бірінші рет кө­ріп тұрмын» десе, енді бірі «құжат­тары­мыз­ды ғана алып үлгердік, отбасымызбен бір-екі сағаттай далада жүрдік» деп жазады. Қалай болғанда да оңтүстік астаналық­тар­дың қауіпті бір жер сілкінісіне дайын жүр­гені рас. Өйткені мұнда соңғы рет ірі зілзала 1911 жылы болған екен. Ал оған дейін 1887 бо­лыпты. Екі ірі табиғи апаттың арасы – 24 жыл. Мамандар мұндай зілзала­лар Алма­тыда 100-130 жылда бір қайта­ла­нып тұруы мүм­кін екенін айтады. Сондық­тан да цикл­дық қайталанулардан сақтану­дың жөні бар.
«Жаңа жыл қарсаңында алматылықтар сезген жер сілкінісінің энергетикалық кла­сы 13,4-ті құрады. Ол Алматы қаласы мен облысы бойынша 2-3 балл түрінде сезілді. Мұндай дүмпулер осы аймаққа тән жиі қай­таланып тұратын құбылыстар. Сондық­тан да оларды арнайы мақсатта болжау жұ­мыстары жүргізілмейді. Ол мүмкін де емес. Сейсмология тілінде оны «фондық құ­­бы­лыстар» дейміз. Себебі бұл аудан сейс­микалық өте қауіпті аймаққа жатады. Онда мұндай дүмпулер күніне бірнеше рет болуы мүмкін. Бір жағы кішігірім дүм­пу­лердің жиі болып тұрғаны да пайдалы. Өйт­кені бұл жер қыртысына жиналған энер­­гияның біртіндеп шығып жат­қанын біл­діреді. Егер ол осы­лайша шығып кетпей, жи­нала беретін болса, онда үлкен бір қы­сым­ға ие болып, ақыр түбі бір шық­қан кезін­де одан да зор алапат күшпен жер қыр­тысын қозғауы мүмкін. Ал оның сал­­дары тіпті жаман бо­ла­ды», – дейді ТЖМ Сей­с­мол­огия институты жер қырты­сы­ның флюид­ті режимі зерт­ха­на­сының мең­геру­шісі Елизавета Есен­жігітова.
Сериялық дүмпулер қазір де жал­ға­сып жа­тыр. Мәселен, Алматы маңын­­да жыл ба­сынан бері жер сілкінісі жиілеген. Соның ең соңғысы тіпті шаһар­ға жақын жерде 25 ша­қырым қа­шық­тықта 10 қаңтар күні таңғы 04:12-де болыпты. ТЖМ «Сейс­мо­ло­гия­лық тәжірибе-әдістемелік экспе­ди­ция­сының» (СТӘЭ) сейсмикалық стан­ция­лары тіркеген, энерге­тикалық класы 9.0, MPV маг­ни­тудасы 4,2 болатын, эпи­цент­рі 20 шақырым терең­дікте орналасқан бұл дүм­пуді алматылықтардың қа­­лай сезбей қал­ғаны бел­гісіз. Өйткені мәліметте ай­ты­­­ла­­тын: «қаладан оңтүстік-шы­ғысқа қарай Қырғызбен ше­кара­лас жердегі Қазақстан аума­ғы» дегеніміз Алма-арасан шат­қалы мен Шымбұлақ арасындағы жер. Ал жалпы 1 қаң­тардан бастап СТӘЭ стансалары 13 рет сейсмикалық дүм­пу тір­кеген екен. Со­ның ең көбі – 5 қаңтар күні 5 рет жер сілкін­ген. Олардың ең қуат­тысы – 6,6 балл Ау­ғанс­танда болған болса, қалғандары Қытай, Қырғыз беттен жет­кен. Ал 8-9-10 қаңтар күндері үш күн қа­тарынан жер сілкініпті: 8 қаңтарда 1 рет, 9-10 қаң­тарда 2 реттен.
«Алматы қаласының айналасындағы 400 шақырым радиуста жыл сайын ірілі-ұсақ­­ты 5 мыңнан астам жерасты дүмпуі бо­лып тұрады. Мәселен, былтырғы қараша-жел­тоқсан айларының өзінде 60 жер сіл­кінісі тіркелді. Олардың көпшілігі қаланың оң­­түстік және оңтүстік-шығыс жақ бетінен се­зілген. Алматы облысы мен Алматы қала­сы орналасқан Солтүстік Тянь-Шань сілемі – Орталық Азиядағы ең сейсмоқауіпті ай­мақ. Соның ішінде Алматы шаһары 9-10 бал­дық сейсмоаумақта орналасқан. Оның ең көп назар аударта­тыны да сондықтан. Ал жалпы еліміз бойын­ша алар болсақ, рес­публика аумағы­ның 40%-ы сейсмика­лық белсенді аймақ саналады. Оның 30%-ы техногендік сипат­қа ие. Бұл аумақтарда 10 миллион адам тұрып жатқан 400-ден астам елді мекен орналасқан. Өнеркәсіп ны­сандарының 40%-ы және жалпы эко­номикалық нысан­дардың 50%-ы шоғыр­ланған. Сейсмоаймақ саналатын аумақта 1200-ден астам дамба, 900-ден астам мұздақ көл бар, 45 000 шақырымнан астам жол мен 8000 км-ден астам мұнай-газ құбыры созылып жатыр», – дейді ТЖМ Сейсмология институтының ресми өкілі Эльмира Сұлтанбаева.
Жер сілкінісінің негізгі себебі жерасты қыр­тыстарында ұдайы тоқтаусыз жүріп жататын геологиялық процестермен бай­ла­нысты. Соның салдарынан энергия қор­­­даланып қалады да, ол жер бетіне шық­қан кез­де дүмпу тудырады екен. Осы есеп­пен ал­ғанда жыл сайын Қазақстан бойын­ша 10 мың­дай тербеліс болып тұра­ды. Ұлттық ғылыми орталық құрылмақ Мамандардың ай­туынша, жер сілкінісі­нің нақты қашан болатынын тап басып болжау әлемнің қай елінде де мүмкін емес. Өй­ткені ол тосыннан болатын құбылыс. Сон­­дықтан да алма­тылықтар кез келген уа­қытта ірі зілзалаға дайын болуы керек. Ал өз тарапынан Сейсмология институты да қамсыз емес.
«Біздің ғалымдар болжам жасау ісін же­­тілдіре түсу үшін үнемі ізденіс үстін­де жү­реді. Олар сейсмостансалар­дың мәлі­меттерін жинап, оны 200 параметр бойын­ша өңдеп, болжам­дар жасайды. Осы мақ­сат­та біздің институттың базасында болжау ко­миссиясы құрылған. Қазір олар алдағы уа­қытқа болжам жасау үшін қарқынды жұ­мыс жүргізуде. Бұл жұ­мыс­тар аясында ар­найы сейсмокарталар жасалған. Болжам­ның үш түрі бар: ұзақмерзімді, ортамерзімді және қысқамерзімді. Қаңтар айының ая­ғында комиссия бір жылға жасалатын ұзақ­мерзімді бол­жамды қайта қарап отырады. Сол кезде ұйғарым дайын болса, елі­міздегі сейсмоахуал қаншалықты қауіп­ті екенін нақты айта аламыз. Ал әзірге айтарым, біздің орта мерзімдік бол­жам­дарымыз көп ретте орындалып келеді», – дейді ТЖМ Сейс­мология институтының дирек­торы Дәулет Сәрсенбаев.
жер сілкіну Үкімет тарапынан да бұл бағытта жұ­мыс­­тар жандана түсуде. Биыл Сейсмология институты мен «Сейсмологиялық тәжіри­бе-әдістемелік экспедициясы» қайта құры­лып, «Сейсмологиялық бақылаулар және зерттеулердің ұлттық ғылыми орталығы» ЖШС-не біріктіріледі екен. Орталық қыз­метінің негізгі бағыты: күшті жер сіл­кініс­терін ғылыми болжау, ірі елді мекендер мен стратегиялық нысандардағы сейсмикалық қауіп­ті бағалау және Қазақстанның сейс­микалық қауіпті аймақтарында кешенді сейс­­мологиялық мониторинг жүргізу бол­мақ.
«Сейсмология институты – сейсмика­лық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша іргелі және қолданбалы зерттеулер сала­сын­дағы жетекші ұйым. Ал «Сейсмо­ло­гиялық тәжірибе-әдістемелік экспедиция­сы» – Алматы, Шығыс Қазақстан, Жам­был, Қа­рағанды, Түркістан облыстары мен Ал­маты қаласы сынды сейсмикалық ай­мақ­­тарда орналасқан стансалар ақылы ке­шен­ді сейсмологиялық мониторинг жүр­­гізуші мекеме. Бұған дейін, СТӘЭ-нің Жар­­ғысы бірнеше рет өзгертіліп, негізгі ере­желері қайта қарала бергендіктен ке­шенді сейсмологиялық бақылаулардың са­па­сына кері әсерін тигізген болатын. Енді бірігуі кезінде бұл келеңсіздіктер жойы­лып, Ұлттық ғылыми орталыққа шұ­ғыл әрі сапалы шешімдер қабылдауға мүм­кіндік береді. Мамандандырылған екі сейс­мологиялық ұйымның ортақ мүдделері өзара үйлестіріліп, ғылыми және экспе­ри­менттік міндеттер біртұтас ұстанымға ай­нал­мақ. Бірлестік сейсмикалық, геофи­зика­лық, гидрогеологиялық, биологиялық жә­не басқа да деректердің бірыңғай әдісте­мелік негізінде бірыңғай деректер қорын қалыптастыруға ықпал ететін болады», – дейді Сейсмология институты директоры­ның ғылым жөніндегі орынбасары, фи­зи­ка-математика ғылымдарының кандидаты Нұрсәрсен Өзбеков.
«Сейсмикалық томография» – ресейлік әдіс не береді? Таяуда Сейсмология институтының қыз­меткерлері Ресей Ғылым академиясына қарасты А.Трофимук атындағы Мұнай-газ геологиясы және геофизика институтының Сейсмикалық томография зертханасының меңгерушісі Иван Кулаковпен кездесу өт­кізген болатын. Сол жиында геофизик мей­ман «Сейсмикалық томография» әдісін қол­дану тәжірибесін бөлісті. Бұл тәсілді үл­кен қысыммен атқылап жатқан жанар­тау­ға да, су асты геологиялық нысандарына да пайдалануға болады екен.
«Геологияда миллиондаған жылдар бойы жүретін баяу процестер де, бір секунд ішінде болатын жылдам процестер де кез­деседі. Біздің қолымызда осындай про­цес­терді сейсмикалық томографияның кө­мегімен анықтауға мүмкіндік беретін құрал бар. Бұл алгоритмнің әртүрлі модифи­кация­ларын қолдану арқылы алғашқы сантиметрден бастап мыңдаған шақырымға дейін­гі масштабта ауқымды зерттеу жүргі­зу­ге болады. Осылайша, жүктелген тау жы­нысы үлгісіндегі сейсмикалық модель оның жарылу алдында бірден күрт өзгеруі жылдамдығының жер сілкінісіне ықтимал әсерін зерттеуге мүмкіндік береді. Мәселен, Камчаткадағы Авачинский жанартауын терең сейсмикалық зондтаудан алынған мұ­рағаттық деректерге негізделген томог­рафия нәтижелері 30 мың жыл бұрын бол­ған апатты атқылау нәтижесінде пайда бол­ған үлкен шұңқырдың іздерін анықтауға мүмкіндік берді. Ал Ключевский вулкандар то­бының астындағы жер қыртысы мен жо­ғарғы мантияның томографиялық үлгісінде суға батып бара жатқан мұхиттық плитаның бетінен көтеріліп, белсенді жанартаулар астында магма көздерін құрайтын сұйық­тықтар мен балқымалар ағыны анық көрі­неді. Нәтижесінде, Альпі-Гималай белдеуі­нің әртүрлі сегменттеріндегі соқтығысу про­цестерін сипаттауға негіз болған бүкіл Еуразияның ауқымды моделі жасалды», – дей­ді Ресей ғылым академиясының кор­респондент-мүшесі Иван Кулаков өзі­нің «Сейсмикалық томография көмегімен жер­дің терең қойнауын кең ауқымды зерт­теу» баяндамасында.
Жиында аудиторияның назарын сейс­микалық интерферометрия немесе шулы томография деп аталатын табиғи шу жазба­ларынан пайдалы сейсмикалық толқындар­ды алу алгоритмі ерекше аударды. Мұндай жолмен екі станса қатар үздіксіз сейсми­калық жазбаларды өзара корреляциялау арқылы бір сейсмикалық станциядан екін­ші сейсмикалық станцияға таралатын жал­ған беттік толқынды құруға болады. Ал шы­­ғарылатын сигналдың қайталану қабі­леті соншалықты жоғары болғандықтан сейсмикалық интерферометрия әдісі ар­қылы оның жер қойнауындағы серпімділік қасиеттерінің өзгеруін анықтауға болады. Бұл осы әдісті әртүрлі жылдам табиғи үде­рістерді бақылау және пайда болу кезеңін анықтау үшін қолдануға мүмкіндік береді.
«Біздің зерттеуде қарастырылып отыр­ған «Сейсмикалық интерферометрия» әдісі жер қыртысындағы сейсмикалық жыл­дам­дықтардың салыстырмалы түрде әлсіз ауыт­қуларын анықтау үшін өте пайдалы. Бұл күшті жер сілкінісінің алдында сыни кернеулердің тез жинақталуын қадағалауға мүмкіндік береді. Қазақстан мен оған ірге­лес аумақтардың астындағы жер қырты­сы­ның және жоғарғы мантияның аймақтық томографиялық моделін құру және үш өл­шемді ортада жер сілкіністерін локализа­ция­лау алгоритмін енгізу жер сілкінісі ошақтарын анықтаудың дәлдігін айтарлық­тай жақсартады. «Сейсмикалық томогра­фия» әдісін қолдану арқылы табиғи жерас­ты құбылысының ошағын анықтауға бо­ла­ды», – деді Иван Кулаков.
Жаңа әдістің тиімділігі зор екеніне көз же­тіп отыр. Ендігі мәселе, көршімізбен сейс­моәріптестікті жолға қойып, бірінші ке­зекте Алматы маңын әрбір сантиметріне дейін зерттеп алу. Үкіметтің Қаулысымен құрыл­ғалы жатқан жаңа Ұлттық ғылыми орталықтың бір бағыты осы халықаралық әріптестік болса керек. Қабаттасқан құрылыстар қауіпті Асылы, өткеннен сабақ алғаннан ар­ты­ғы жоқ. Сөз басында айтқандай, Алматыда ара­сына 24 жыл салып 1987 және 1911 жыл­дары екі рет ірі зілзала болған екен. Сол кез­де көптеген ғимарат қирап, қаншама адам қаза болған. Мәселен, «Вернендік апат» деп аталған алғашқы жер сілкінісі ке­зінде саз балшықтан, тастан және кір­піштен салынған 1798 үй толығымен қирап қал­ған. Ал ағаштан тұрғызылған үйлер аз­дап зардап шеккен. Оның себебі, 1870 жы­лы Верный басшылары халыққа үй тұр­ғызуда ағаш емес, қолдан жасалған сазды кір­пішті қолдануға рұқсат берген. Ондағы мақ­сат – қаланың сыртындағы жасыл же­лек­терді зақымдамай, экологияны сақтау бо­латын. Осыдан соң қалада үйлерді кір­піш­тен тұрғызуға тыйым салынып, ірі ғи­ма­раттардың көпшілігіне негізінен ағаш қол­даныла бастады. Ал «Кеминдік апат» ата­лып кеткен екінші зілзала тіптен қатты бол­ғанға ұқсайды. Жер тербелісінен қала ішін­дегі көшелер қақ айырылып, адам бойы­мен бірдей жырықтар пайда болған. Бұл зілзалада 776 үй қирады деген мәлімет бар. Осы реттен келгенде, бүгінде Алматы қа­ла­сында қабаттастырып салынып жатқан ғи­марат құрылыстарына тоқтау салу керек. Өйт­кені, олардың сейсмикалық мықты­лы­ғына қалай болғанда да кепілдік жоқ. Әсі­ре­се, тау баурайларында және тектони­ка­лық жарық бойында қарқынды жүріп жат­қан құрылыстар қауіпті.
«Біз Алматы облысы мен ШҚО бойын­ша бүге-шігесіне дейін сейсмикалық аудан­дар­ға бөлу жұмыстарын толық аяқтадық. Оның ішінде Алматы мен Өскемен қа­ла­лары бар. Бүгінде бұл жұмыстар Жамбыл облысында жүріп жатса, 2024 жылы Шым­кентте басталмақ. Сондықтан да барлық құрылыс нысандары осы картаға негізделіп ор­наластырылуы керек. Өйткені текто­ни­калық жарықтар бұрын жерасты дүмпулері өтке­німен ғана емес, болашақта да қайта­лануы мүмкін екендігімен қауіпті. Мұндай геологиялық қыртыстардың ұзындығы бірнеше метрден жүздеген километрлерге дейін, ал тереңдігі оншақты километрге дейін жетеді. Бұл тұста, беталбаты құры­лыс­тар жер сілкінісін тудырады деген қате ой­дан аулақ болу керек. Олар керсінше, жер сілкінісі кезінде бірінші кезекте зардап ше­гуі мүмкін. Ғылыми тілде жер сілкінісінің әр­бір қозғалысының атауы бар. Жер қыр­тысының тереңдігі, ені, тербеліс қуаты, ыр­ғалу амплитудасы барлығы дәл сипат­та­лады. Мұның барлығы картада көрсетілген. Сондықтан құрылыс компаниялары мен жергілікті билік бұл талаптарға бірінші ке­зек­те назар аударғаны дұрыс», – дейді ТЖМ Сейсмология институтының ресми өкілі Эльмира Сұлтанбаева.
жер сілкінісі 2022 жылы жаңартылған Алматы агло­мерациясының сейсмикалық картасына сәйкес қалада барлығы 27 тектоникалық жа­рық бар екен. Егер орасан үлкен энер­ге­тикалық класс тура Алматының түбінен ұрар болса, тектоникалық жарықтар опы­ры­лып, шаһар жердің астына кетіп қалуы да ғажап емес. Алматы үшін ең қауіптісі – Іле тектоникалық жарығы. Өйткені ол – диа­гоналды жарық. Әл-Фараби даңғы­лы­нан басталып, Желтоқсан көшесін бойлап тө­мен кетеді. Сондай-ақ Сайран көлінің тү­бін­де де Солтүстік жерасты жарығы жа­тыр. Ол Әуезов ауданына үлкен қауіп төн­діре­ді. Сондықтан да қаланың сейсмо­кар­тасы­мен алдын ала танысып қойған дұрыс. Бұл ақпараттарды әрине тұрғындарды үрей­лендіріп, дүрлігіс тудыру үшін айтып отыр­ғанымыз жоқ. Алматылықтар оларға жер сілкінісі кезіндегі дүмпулер мен тол­қу­лар ғана қауіпті емес екенін бірінші кезекте тү­сінгені абзал.
«Зардабы зор зілзалалардың салдарын жою жөніндегі әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр­ғандай, оның 50%-дан көп зияны жер сіл­кінісі тудырған табиғи және техногендік құ­былыстардан келеді. Мәселен, жер сіл­кінісі кезенде су тасып, сел жүріп, жер қыр­тыстары жарылып, өрт шығып, ғима­рат­тар қирап адам өміріне үлкен қауіп төн­діреді. Сондықтан адамдар көп ретте үйін­ді астында, өрт ортасында қалып әлде жер жарығына түсіп кетіп немесе үстіне бірдеңе құлап қаза табады. Оған былайғы уақытта қаладан тыс жерлерде Іле Ала­тауын­да болған сілкіністерден сел көш­кен оқиғалар дәлел. Мәселен, Үлкен Алматы өзе­нінде сел жүріп, плотинаны жарып кет­кен болатын. Сондай-ақ адамдар байбалам са­лып, дүрлігіп те бір-бірін таптап немесе кө­лікпен қағып кететін, жоғарғы қабаттан се­кіріп кететін кездер көп кездеседі. Со­н­дық­тан сейсмоқауіпсіздік сауатына әркім осы бастан дайын болуы керек. Өйткені жер сілкінісі қуатына қарай бірнеше тол­қын­нан тұрады. Бірінші толқын мен екінші тол­қынның арасында 5-10 секунд уақыт болуы мүмкін. Осы кезде отқа қауіпті тоқ, газ көздерін айырып, ғимараттан шығып, ашық алаңқайға қашып үлгеру қажет», – дейді геология-минералогия ғылым­дары­ның кандидаты Елизавета Есенжігітова.
Сонымен Қазақстан жер сілкінісіне дайын ба? Әрине, «апат айтып келмейді», бір­ақ қамсыз емес. Ғылым мен апаттық қыз­мет игілігі осы табиғи құбылыстан сақ­тану­ға жұмылдырылған. Төтенше жағдай­лар министрлігі мезгіл-мезгіл азаматтар ара­сында да, ведомство бойынша да сейс­мо­жаттығулар өткізіп тұрады. Жыл сайын­ғы халықаралық «Жер» және «Жартасты қала» командалық-штабтық оқу-жат­ты­ғу­лардың бір мақсаты – осы. Бұл ретте аза­мат­тар тарапынан да жеке басының қауіп­сізідігіне жауапкершілікпен қарағаны лә­зім. Алдын ала керекті құжаттары мен бі­рін­ші кезекте қажетті дәрі-дәрмек, ауыз­су, қалың киім, фонарик сынды заттарды оңай жерге дайындап қойғаны абзал. Зілзала кезінде лифтіні, эскалаторды, көліктерді пайдалануға болмайды. Ғимарат ішінде маңдайша сияқты белағаштарды паналаған жөн. Ал қалада қабаттаса құрылыс салынып жатқаны – бұл «өзің отырған ағашты кес­кен­дей» кешірілмес надандық. Өйткені да­­лаға қашып шыққан жағдайда да биік үй­лердің маңайында жасырыну қауіпті. Шама келгенше футбол алаңы, саябақ, ал­лея, сквер сияқты ашық жерлерге кету қа­жет. Өзгелерге көмек көрсетуге бірінші ке­зектегі міндет. Бәрін айт та бірін айт, то­сын­нан келер зауалға жергілікті билік пен құ­ ры­­лыс компанияларының себепкер бо­лып отырғаны өкінішті. Сол себепті, Тө­тен­­ше жағдайлар министрлігіне құры­лысқа рұқсат беретін құзіреттің берілгені жөн-ақ!