Тіркеу уақыты таяды
Тіркеу уақыты таяды
Былтыр автокөлік тақырыбы қызықтыратын азаматтарды бір хабар қуантқан болатын. Бірнеше жылдық талқылаудан кейін ақыры Қазақстанда жүрген шетелдік нөмірдегі көліктерді тіркеуге рұқсат берілді. Енді тіркеу кезеңі 23 қаңтарда басталмақ. Шетелдік көліктері барларға берілген жеңілдіктен мемлекет не ұтады? Осы жөнінде аз-кем сараптап көрсек. «Бір қайнауы» кем құжат Жақында Ішкі істер министр­лігі шетелде тіркелген машина­ларды заңдастыру 23 қаңтарда басталып, 1 шілдеге дейін жалға­са­тынын жария етті. Осы ара­лықта М1, M1G, M2, M2G, N1, N1G санатындағы жеңіл кө­ліктер, сондай-ақ 2022 жылғы 1 қыр­күйекке дейін келген шағын ав­тобустар мен шағын жүк көліктері жеңілдікпен тіркелмек. Дегенмен бір жайтты ұққан жөн. Былтыр 31 тамызда кірген көлікті тіркете аласыз, алайда 1 қыр­күйекте кір­гізілген темір тұлпар­ларға мұндай мүмкіндік беріл­мейді. Полицей­лер машина елге кірген күнді шекара қызметі мен мемлекеттік кірістер органы­ның базасынан анықтайды. Не­месе Қазақстанда алғаш сақ­тан­дыру полисін рә­сімдеген күнге қарайды. Заңдастырылатын көлік із­деуде жүрмеген, бұрын тіркелген мемлекетте есептен шыққан, ке­дендік тазартудан өткен болуы тиіс. Айтпақшы, ІІМ басшысы­ның орынбасары Игорь Лепёха ша­нағы ауысқан машина тіркел­мейтінін мәлімдеді.
«Әдетте бұрынғы иесі автомо­билін сатқаннан кейін өзі өтініш беріп, оны тіркеуден алып тас­тайды. Автокөлікті есептен шы­ғару фактісін қашықтан тексере­міз, ал кей жағдайда тиісті сұра­ныс жібереміз», – деді ол.
Шетелдік көлікті заңдастыру үшін иесі 200 мың теңге тіркеу ақысын төлейді. Мұндай машина утилалымынан босатылады. Ма­шинаны жеңілдікпен тіркеуге мамандандырылған ХҚКО-да немесе «Азаматтарға арналған үкі­мет» порталында онлайн өті­ніш беруге (ЭЦҚ арқылы) болады. Өтініш беруші көлікті бастапқы тіркеу үшін сұралатын алым мөл­шерін қолдануға келісетіні туралы өтінішті жазып, жеке куәлік, кө­ліктің паспорты және көлікті тір­кеу туралы куәлік, көліктің мен­шік құқығын растайтын құ­жаттарды тапсыруы қажет. Заң­дастыруға рұқсат алған көлік иесі алғашқы тіркеу ақысы ретінде – 200 мың теңге, техникалық пас­порт ресімдеуге – 4 313 теңге, мем­лекеттік нөмір алуға 9 660 теңге мемлекеттік баж төлейді. Бір қызығы, құжатта билік заң­дастыратын көліктердің шық­қан жылына қатысты ақпарат жоқ. Бірақ құжат дайындалып жат­қанда ІІМ машинаның эко­логиялық класы мен техника­лық жабдықталуына қатысты шектеу болмайтынын айтқан. 23 қаңтарға дейін ҚР ИИДМ №342 бұйры­ғына өзгеріс енуі мүмкін, дәл осы құжат елде экологиялық класы Еуро-4 стандартынан төмен, қауіпсіздік жүйесі жоқ машина­ларды алғаш тіркеуге тыйым са­лады. Бұл жайттың қалай шеші­летіні әзірге белгісіз. Елімізде ескі көліктің көп екенін ескерсек, шет­елден келген машиналар осы санатты одан әрі толтырып, эко­логиялық зардабын тарттыруы мүмкін. [caption id="attachment_236031" align="aligncenter" width="1518"]шетелдік көліктер © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Бұған дейін шетелден әкелін­ген көліктердің жыры дастанға айналғанына бірнеше жылдан асқаны мәлім еді. Бірде Үкімет шекара асып келген көліктерді елден біржола шығарып таста­ғысы келді, бірде қайта құбылып, уақытша тіркеуге қоюға ынта­ланды. Не керек, жауапты ведом­стволар бір тоқтамға келе алмай, мәселені екі жылдан бері сөзбұй­даға салған. Былтыр ақыры тір­кеуге рұқсат берілетіні хабарлан­ғанда қуанғандардың қарасы мо­лайды. Олар көлігін бұрын шет­елден әкелген азаматтар екені айтпаса да белгілі. Сәл жаңалау көлік шекара асып тасымалдап, ақыры тіркеудегі қиындықтан қажыған жұрт бір марқайды. Рас, елімізде жаңа көліктердің бағасы өзге елдермен салыстырғанда сәл арзанырақ, қаржы болса алу оңтайлы. Дегенмен қазір еліміздің автокөлік нарығында 20 жылдан асып кеткен машиналардың да бағасы ұшып тұр. Мәселен, ха­лықтың сұранысындағы Toyota Camry көлігінің 40-тық шанақ­тағы нұсқасының шыққанына 15 жылдан асып барады. Соған қа­рамастан қазір кемі 7 миллион теңге сұрайды. Осыдан кейін азаматтар шетелден көлік алып келмегенде не істейді? Мыңдаған жүргізушінің осындай жанай­қайына құлақ асқан Президент биылғы Қазақстан халқына Жол­дауында Ішкі істер министрлігіне мәселені жедел шешуді тапсырған болатын. Тіркеу құнын утилиза­ция алымымен қоса есептегенде, 200-250 мың теңгеден асырмауды да міндеттеді. Сенат бекіткен соң Салық кодексіне осы өзгеріс енгі­зілді. Құжатқа сәйкес, 2022 жыл­дың 1 қыркүйегіне дейін елге әке­лінген шетелдік көліктерді заң­дастыру 200 мың теңге деп көр­сетілді. Сенат депутаты Ғұмар Дүйсембаев құжат әзірлене бас­тағанда мұның бәрінен бұрын жергілікті бюджеттерге пайдалы екенін айтқан болатын.
«2022 жылғы 1 қыркүйекке де­йін әкелінген автомобильдерді заңдастыру мақсатында алғашқы тіркегеніне бірыңғай алымды белгілеу арқылы 300 мыңға жуық автокөлікті есепке қоюға жағдай жасалады. Сондай-ақ осы авто­мобильдер бойынша көліктерге салынатын салық жергілікті бюд­жетті толықтырады», – деді ол.
Осындай оң шешімнен дәме­ленгендердің көңілі толды. Әйт­песе, осыдан екі жыл бұрын аза­маттар шетелден әкелген көлігін тіркеуге қойғысы келгенде 3 мил­­лион теңгеге дейін шығында­латын. Дәмеленгендер дандайсымай ма? Қазір елімізде 307 мыңнан астам шетелдік тіркеудегі машина бар. Көбі Еуразиялық экономи­калық одақ елдерінен кіргізілген. Үкімет бұл өзгерістің оларға тиім­ді болатынына сенімді. Жауап­тылар да есепсіз емес, салықтың бәрі ел экономикасына да оң әсер етеді. Әйтсе де, тағы бір мәселе тудырар тұсын айтпай кетуге бол­мас. Стандартты утилалым мен алғашқы тіркеу құнының орнына бірреттік төлем жүргенімен, тағы да айтамыз, жауаптылар маши­налардың шыққан жылына, эко­логиялық сәйкестігіне талап қой­маған. Яғни, ескі-құсқы, құр ша­нағы әрең жүрген ескі көлік­терді де қабылдап алғалы тұрмыз. Онсыз да елімізде ескі көліктер өріп жүр. Былтыр еліміздің жол­дарында жүрген 1 млн 200 мың көліктің зауыттан шыққанына 20 жылдан асқаны мәлім болды. 2015 жылы шыққанына 10 жылдан асқан автокөліктердің үлесі елде 59 пайызды құраса, 2020 жылы 70 пайыздан асты. Қазір одан әрі артқаны анық. Сонда елдегі 4 млн көліктің 3 млн-ға жуығы тозған әрі экологиялық талапқа сай емес болып саналады. Шетелден кір­гізілген көліктердің бәрі жаңа емес, басым бөлігі 10 жылдан ас­қан. Бұл – бірінші кем тұсы. Екін­шіден, шетелдік көліктер тіркеледі дегеннен автонарықтағы бағалар лезде көтеріле бастады. Авто­сарапшы Олжас Оқас осыған дейін шетелдік тіркеумен жүрген көліктердің аяқасты қымбаттай бастағанын айтқан еді.
«Осы жаңалықтан кейін шет­елден әкелінген Toyota Camry кө­лігінің иелері бағаны күрт өсір­ді. Бірақ бұл жерде бізді маза­лайтын бір сауал бар: шетелдік көліктерді сенімхатпен жүргізіп келген азаматтар не істейді? Он­дайлар да көп кездесетінін білеміз. Сонда Қазақстан азаматына тие­сілі емес көлікті қалай атына аударады? Мұны алда ескерусіз қалдыруға болмайды», – дейді ол.
Енгізілген өзгерістің күнгейі мен көлеңкесін қатар қарастырып, қысқаша шолып шықтық. Ал жауабы жоқ сұрақтарды құзырлы ведомство өкілдері алдағы уа­қытта пысықтай түсер. Осы жерде бізді толғандырғаны – алдағы уақытта да шетелден көлік әкелу үрдісі тыйыла ма? Кіргізілген жағдайда ертеңгі күні, шамамен 2-3 жылдан кейін олар да көлік­терін тіркеуді сұрап, талап қой­масына кім кепіл? Біздің бол­жауымызша, шетелден машина тасып жүргендер көбеймесе, азая қоятын сыңайы байқалмайды. Соңғы уақытта әлеуметтік желіде Сауд Арабиясынан, АҚШ-тан тиімді бағада автокөлік жеткізіп беретінін хабарлаған жарнамалар көбейді. Оларға қызығушылық танытқандардың саны да көп. Яғни, шетелдік көліктерді жеңіл­дік­пен тіркеу жайы алдағы уақытта да көтерілетін сыңайлы.