Ұмытылған алаш боздағы
Ұмытылған алаш боздағы
1,103
оқылды
Біләл Сүлейұлы! Намысты, білімді, жан-жақты тұл­ға болатын. Ол – елін шетсіз-шек­сіз сүйген жан еді! 1937 жылғы 15 желтоқсан күні Бі­ләл Сүлейұлын Советтер Одағы­ның НКВД-сы «Халық жауы» деп та­нып, оны ату жазасына кесті. 44 жа­сында мінезді қазақ оқығаны ша­һид болды. Кім үшін? Не үшін? Оны неге атты?! Тәуелсіз Қазақстан үшін күрес­кен арысты неге ұмыттық?! *** Біләл – жер жәннаты – Жеті­судың Баянжүрек тауының бау­райында туған қазақтың абадан аза­маты еді. 1893 жылдың 3 сәуірінде дү­ние есігін ашқан. Мағжан Жұма­бай, Сұлтанмахмұт Торай­ғырұлы сияқты Алаш оғландарымен бір жылда туған оқымысты. Бала кезінен-ақ зерек, алғыр, ақылды болып өсіпті. Барлық саба­ғын тек қана үздік бағаға оқыған. Ол өзінің ана тілінен бөлек орыс тілі мен ағылшын тілін, араб пен түрік тілін, татар мен башқұрт тілін өте жетік біліпті. «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл!» деген осы екен ғой! Біләл – Қапалдағы атақты Ма­ман-Тұрысбек әулеті ашқан «Мама­ния» мектебінде және Уфадағы «Ғалия» жоғары дәрежелі мектеп-медресесінде оқып, қанаттанған жас талап. Талапкер Біләл 1913-1916 жыл­дары Орын­бор қаласындағы Мұ­ғалім­дер семи­нариясында оқыған. Осы жылдары Біләл ұлт ұстазы, қазақ­­тың аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, про­фес­сор Ахмет Байтұрсынұлының шәкірті болып, дәрісін алып, тағылымын тың­даған. Орынбор мұғалімдер семинария­сында оқитын семинарист Біләл «Қазақ» газетінің редакциясында корректор қызметін атқарып, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы ағаларының жа­нын­да жүріп, Алаш идеясын түсініп, жүрегіне Алаш сөзін ұялатқан болатын. «Қазақ» газетінде қызмет еткен жыл­дары Біләл ұлтқа ақысыз-пұлсыз қызмет етуді үйреніп, қос дегдардың өнегесін, үлгісін көрген-тін. Дүние бір орнында тұрмайды. 1916-1917 жылы І Жаһан соғысына қазақтар да қатысып, Күнбатыс майданында Ресей патшалығы үшін қолдарына қару алған болатын. Соғысқа 19-43 жас ара­лығында оқу сауаты жоқ қазақтың жасы мен кәрісі қатысқан-ды. Сондай қиын шақта қазақтың оқыған-тоқыған азамат­тарын бастап ұлт көсемі Әлихан Бөкей­хан атамыз майдан даласына барған-тын. Оқығандар тобында Біләл да болыпты. Бір жылдай май­дан даласындағы оқ пен оттың ішін­де болып, елге хабар таратып, соғы­сып жүрген сарбаздарға дәрігерлік көмек көрсетіпті. Соғыстан кейін Біләл аға дип­ломын қолына алып, туған жеріне Қапалына келеді. Қапалдағы татар қыздар мектебіне мұғалім болып қыз­метке тағайындалады. Ауыл-ай­мақтың баласына әріп үйретіп, сауат аштырады. Ол Ахмет ұстазының әдіс­темесін көпке үйретіп, қазақтың ұлттық әліпбиін насихаттаған Алаш мұғалімі еді. 1917 жылдың ақпанында Ресей патшасы ІІ Николай тақтан құлады. Импе­рияның ішкі жағдайы ушығып тұр­ған сәтте қазақтың оқыған аза­мат­тары бір тудың астына жиналып, Құрылтай шақырды. Алаш ұлттық мемлекетін жария­лап, Алаш Орда Ұлт кеңесі үкіметін құрды. Біздің мемлекетіміздің негізі 1917 жылы желтоқсан айының 12 күні қаланған болатын. Біләл осы жылдан бастап саясат ісіне араласып, Алаш Орданың Жетісудағы өкілі бо­лып, ұлт-азаттығы үшін күреске шық­ты. Ол – еркіндік үшін күрескен боз­дақ! 1918 жылдың қаңтарында Алаш Орда Үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейхан көсеміміз ұлттық әскер құру керек деп бұйрық береді. Жетісу­дағы атты әскер жасаған құру ісін Біләл қолға алып, ауыл-аймақтан білекті, шымыр жігіттерді жинай бастайды. Біләл – Алаш әскерін құрған сардарлардың бірегейі. 1920 жылдың 5 наурызында Алаш Орда Үкіметі тарап, жұмыс істеуін тоқтатуға мәжбүр болады. Екі жыл бес ай жиырма күнге жуық өмір сүр­ген мемлекетіміз әскер және халық санының аздығынан, қару-жарақ пен азық-түліктің тапшылығынан қиналды. Амалсыз қазақ халқы Советтер Одағына қосылып, қайтадан құлдық, отарлық өмір­ге тағдырын аманат­тады... Қазақстанға Совет үкіметі орна­ған жылы-ақ қанды қырғын бастал­ды. 1921 жылы Қазақстанның Ақтө­бе, Ырғыз, Орал, Жымпиты, Ойыл, Торғай, Сарыарқа, Жетісу өңір­лерінде алапат ашаршылық пен жұт болды. Біләл жұт жайлаған даланы кезіп, ашыққан, тарыққан ағайынға демеу болып, ашаршылыққа қарсы күрес ұйы­мын құрған. Ол – шынайы халық перзенті еді! Біләл – Советтік Қазақстанның оқу-ағар­­ту саласына үлкен үлес қосқан қай­раткер. Білім менеджері. Қазақстанның Ақтөбе, Жетісу об­лыстарында білім басқармасын басқарып, бірқатар бастауыш, орта және арнаулы оқу мектептерін ашқан ұстаз еді. Семей қаласындағы педагогика­лық ин­ститутты құрып, алғашқы ректоры қыз­метін атқарған. 1929-1930 жылдары – Орынбор­дағы бұрынғы КИНО (Қырғыз оқу-ағарту ин­ституты) оқу орнын Орал, Ақтөбе қала­ларына көшірген Қазақ­станның арнайы өкілі қызметін ат­қарған. 1929 жылдары Сталин бұрынғы Алаш қозғалысына мүше болған қазақ оқыған­дарын лек-легімен түрмеге қаматып, итжеккенге айдатқан. 1930 – 1932 жылдары Біләл Сү­лей­ұлы да түрмеге қамалып, жазасын өтеген-ді. Біләл аға түрмеде жатып өз бетінше ағыл­шын тілін үйреніп, өзін-өзі дамытқан болатын. Түрме бастығының балаларына матема­тика, орыс тілі пәнінен сабақ беріп, ақша тапқан екен. Түрмеде жатып тіл үйреніп, жұ­мыс істеп, абақтының тас еденінде жатып өзін жетілдірген не деген қайсар ер еді! Ал біз ше?!... Жылы үй­де әрі ақ төсекте жатырмыз. Қарнымыз – тоқ, көйлегіміз – көк. Қанша тілді білеміз? Біләл – сегіз қырлы, бір сырлы нағыз жігіттің төресі. Ол – ақын, сатирик, драма­тург, журналист, аудармашы, лингвист-ғалым. Әр жылдары «Тілші» (Қазіргі «Жетісу» газеті) газетінің редакторы, Семей педин­ститутының ректоры, Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогика институтының Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті, Қазақ Оқу-ағарту комис­сиартының (министрлігі) орынбасары, Қарақал­пақстан Республикасы Оқу-ағарту комиссары (министрі) қызметін атқарған үлкен тұлға. Біләл Сүлейұлы лингвист-ғалым әрі жоғары оқу орнының ұйымдас­тырушысы ретінде 1926 жылдың 26 ақпан – 5 наурыз күндері Баку қала­сында өткен Бірінші Бүкіл­одақтық түркітанушылар құрыл­тайы­на қа­тыс­қан. Ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы, әріптестері Елдес Омарұлы, Әміре Қашау­байұлы бастаған азаматтармен бірге әліпби мәселесін талқылаған оқымысты. Ол – өте ақылды еді. Парасат-пайым иесі еді. Оны және оның ұстаздары мен достарын коммунистік билік бірін қал­дырмай атып, есім-сойларын ұзақ уақыт ұмыттырып тастады… Біләл – қазақтың болашағын, ұлтының мүддесін биік қойған, елі үшін қара басын қатерге тіккен, сол жолда қасқайып тұрып құрбан бол­ған арыс. Асылында, Біләл – мен үшін, сен үшін және біздер үшін кеудесін оққа тосқан боздақ еді! Біз осындай айбатты, айбарлы ерлер сияқты ұлтшыл, мемлекетшіл болып өсуге міндеттіміз. Сөз соңында оқу-ағарту ісіне мол үлес қосқан ағартушының бірер сөзін оқырман назарына ұсынғым келеді. Бұл ойлар әлі де өзектілігін жоймаған, құндылығы аса маңызды. «Ұлтқа сынық инедей пайда тигізе алмайтын мектептің болғанынан да болмағаны қайырлы» немесе «Ауыл мектебі – ұлт мәдениетіміздің, ұлт әдебиетіміздің, адамшылық салты­ның ең алғашқы қайнап шығатын жері. Ауыл мектебін жөндемесек, жалпы қара бұқараны оқытпасақ, қалалы жерге келіп өзге елдің мек­теп­теріне бірен-сарандап кіріп «за­кон» оқығанымызбен ұзап еш қайда бара алмаймыз».   P.S. 
Қазақстанда Біләл Сүлейұлының атын­да не мектеп, не арнаулы оқу орны жоқ. Педагог, ғалым, білім беру саласының ұйымдастырушысы ре­тінде өз заманында зор істерді атқарған ерді құрметтеуге, лайықты бағасын беруге еш асығар емеспіз. Осы мерейлі жылында туған жерінде еленер ме екен деген үмітіміз бар...

Елдос ТОҚТАРБАЙ, жазушы, алаштанушы