Қызылордалық оқушы үлкен ізденістің нәтижесінде асқабақтан сабын жасаудың тың әдісін тапты. Оның айтуынша, ешқандай химиялық қоспасыз табиғи жолмен дайындалған бұл өнім адам терісіне өте пайдалы екен. Креативті жобаны ойлап тапқан Айша Тұрмахан Қызылорда қаласы Әли Мүсілімов атындағы № 101 мектеп-лицейінің 5-сынып оқушысы. Ол алғашында «Асқабақтың біз білмейтін пайдалы қасиеттері» тақырыбындағы ғылыми жобаға тыңғылықты дайындалыпты. Оған «Жаратылыстану» пәнінен сабақ беретін ұстазы Мөлдір Қалдыбек қолдау танытып, жетекшілік еткен. Осы арқылы 2-7 сынып арасында өткен республикалық «Зерде» зерттеу жобалары байқауының қалалық, облыстық кезеңінде бірінші орынды иеленіпті.
«Айша – өте дарынды оқушы. Сабаққа ынтасы жоғары. Сол себепті де ғылыми жобаны алып шығатынына сенімді болдым. Асқабақты да таңдағанымыз бекер емес. Өйткені асқабақтың құрамында адам ағзасына қажетті көптеген дәрумендер бар. Соған орай, қызығушылығымыз артып, көп зерттеу жүргіздік. Нәтижесінде, бұл көкөніс түрінен сабын, косметикалық кремдер мен маска жасаудың тың тәсілін таптық. Өзінің тынымсыз ізденімпаздығының арқасында Айша осы ғылыми жобадан жүзден жүйрік шығып, өзге қатысушылардан оза шапты. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш», – дейді «Жаратылыстану» пәні бойынша ұстазы, әрі жетекшісі Мөлдір Жандосқызы.Негізінен асқабақтың құрамында көптеген дәрумендер, минералдар, қышқылдар және басқа да микроэлементтер бар. Талай дертке дауа өнімнің терінің сұлулығы мен адамның жастығын сақтайтын ерекше қасиеті дәлелденген. Бір қызығы, Айша асқабақты бұған дейін тағам ретінде онша ұнатпайды екен. Ғылыми жоба барысында қызығушылығы артып, жан-жақты зерттеп, зерделеген.
«Осы ғылыми жобаға дайындық барысында асқабақ жайында деректер жинадым. Кітапханадан, ғаламтор көздерінен зерделеп, көптеген ақпараттармен таныстым. Осы арқылы тың жаңалық ашсам деген қызығушылығым туды. Соның нәтижесінде, сабынның бірнеше түрін жасап шықтым. Соның ішінде асқабақтан жасалған желатинді сабын адам ағзасына қауіпсіз саналады. Оның құрамына асқабақ шырыны, желатин, глицерин қосылған. Бұл сабын балаларға аллергия туғызбайды. Ал екіншісі экосабын болып табылады. Ол табиғи зәйтүн, кокос, пальма сынды майлармен дайындалған. Яғни, құрамында адам ағзасына кері әсер ететін химиялық қоспалар жоқ. Бұл өнімдер адам терісін ылғалдандырып, нәрлендіріп, теріні жұмсартып, әжімнің алдын алады», – дейді Айша Тұрмахан.Сонымен қатар бетке арналған масканың екі түрін ойлап тапқан. Оның айтуынша, бетке арналған масканың бұл түрлері де химиялық қоспасыз, табиғи таза өнім саналады. Айшаның анасы Бақыткүл Орданова қызының ашқан тың жаңалығын мақтан тұтады.
«Қызым өте еңбекқор, әрдайым ізденіс үстінде жүреді. Өнерге де жақындығы бар. Бүгінде қосымша М.Қалауов атындағы өнер мектебінде вокал сыныбы бойынша оқиды. Осы кезге дейін әртүрлі ән байқауларына қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеді. Болашақта әнші болсам деген арманы асқақ. Сонымен қатар шет тілдерін үйренуге, бассейнге түсіп, спортпен шұғылдануға құштар. Ағылшын тілін жақсы меңгерген», – дейді анасы.Айша алдағы республикалық байқауға бетке және адам денесіне арналған скраб кремнің бірнеше түрін дайындап жатыр екен. Ғылыми жоба аясында асқабақты жан-жақты зерттеп, зерделеген оқушы оның жеңсік, әрі пайдалы ас екенін айтады.
Қызылорда облысы