Автокөліктің де «егізі» болатынын бұрын-соңды кім білген? Солтүстік Қазақстан облысында осындай машина табылды. Өкініштісі сол, осы жайттан көліктің иесі зардап шегіп отыр. Оның ақ, адал ақшаға сатып алған көлігі айыппұл тұрағына қойылды. Мамлют қаласының тұрғыны Арғын Қанғожин 2021 жылдың қаңтарында Астана қаласына барып TOYOTA ESTIMA көлігін сатып алған. Ресей есебіндегі көлікті сатқан Руслан Мұқаш деген азаматқа екі миллион жеті жүз мың теңгесін шытырлатып санап беріпті. Сол жерде сақтандыру полисін ресімдеп, көлікті басқару құқығына ие болған.
«Машинаны сатып алмас бұрын Ресей Федерациясындағы таныстарыма хабарласып, деректер базасынан тексеруді өтіндім. Ондағылар дәл осы көлік есепте тұрғанын, құжаттары дұрыс екенін айтты. Содан соң ғана ақшамды төледім. Бұрынғы иесінің жазып берген қолхаты да бар», – дейді Арғын Қыздаркеұлы.Алайда «жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» демекші, сол жылдың қарашасында облыс орталығынан қала маңындағы Бескөл кентіне бара жатқанында оны «Южный» қосынында полиция қызметкерлері тоқтатып, көлігін тартып алған. Бұл әрекетін полицейлер «көлігіңіз басқаның «егізі» деп түсіндіріпті. Тіпті винкод нөмірінің сәйкессіздігін де көрсетіпті. Бірден қылмыстық іс қозғап, машинаны айып тұрағына қойған. Содан бері жаяу қалған Арғын Қанғожиннің әділдік іздеп бармаған жері, баспаған тауы қалмапты. Әділет министрлігі Сот сараптамалар орталығының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалы жасаған сараптама көліктің Ресейде тіркелгені туралы куәліктің жалғандығын, бірақ көліктің өзі таза, ешқандай қылмысқа қатысы жоқ екенін, ешқандай деректер базасында тіркелмегенін көрсеткен. Қалалық прокуратура анықтағанындай, бұл Toyota Сергей Лихобаба деген адамға тиесілі екен. Бірақ тіркеу куәлігі Ресей Федерациясы аумағында көлік құралын тіркеу туралы куәлікті жасау әдісіне сәйкес келмейді. Сондықтан қалалық прокуратура Арғын Қанғожиннің арызын қараудан бас тартқан. Сондай-ақ оған көлігін де қайтармаған. Себебі, машинаның өзі заң бойынша қылмыстық іс аяқталғанша заттай айғақ ретінде іс материалдарына қосылады. Айтқандай, қылмыс жасаған адам табылмаса, іс тоқтатылуы мүмкін. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсің»
Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті процессинг орталығының бастығы Әсет Мәтеннің түсіндіруінше, егер өтініш иесі өзінің әрекеті заңды екенін дәлелдей алса, көлігі қайтарылуы мүмкін. «Бірақ оны мінуге болмайды. Тек қосалқы бөлшек ретінде пайдалануға не бөлшектеп сатуға ғана болады. Себебі, дәл осындай мемлекеттік нөмірлі машина Ресей Федерациясында да бар. Мұның құжаттары жалған, қолдан жасалған. Оны біздің қызметкерлер винкод арқылы дәлелдеді. Винкод көліктің теміріне, кузовына, шассииіне – кез келген жеріне жазылуы мүмкін. Қос тіркеуі бар көліктер легализациялауға жатпайды», – деп түсіндірді маман.Биыл 23 қаңтарда шетелдерден әкелінген көліктерді заңдастыру басталады. Көлік иелері 200 000 теңге төлеп машиналарын заңдастыра алады. Ал «егіздің сыңары» болып табылатын көліктер заңдастырылмайды. Мұндай заңсыздықты анықтау үшін біздің полицейлер ресейлік әріптестерімен бірлесіп, олардың деректер базасына кіріктірілген. Құжаттардың заңды-заңсыздығын анықтауға әрі кетсе жарты-ақ сағат уақыт жеткілікті көрінеді.
«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсің» дегендей, легализация басталған кезде егіз қозыдай көліктер қаптап кетеді деген жорамал бар. Процессинг орталығы бастығының айтуынша, ресейлік есептегі көлік сатып алушылардың 99,9 пайызы құжаттарының жалған болып шығуы мүмкін екенінен хабардар. «Дегенмен, арзан бағасына қызығып саналы түрде осындай тәуекелге барады», – дейді ол.«Егіз» көліктер тым көп таралмаса да, ара-тұра кездесіп қалады екен. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, былтыр өңірде осындай сегіз көлік анықталған. Күйзелістің салдары Өтініш иесі әділдік іздеп «AMANAT» партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдауына жүгінді. Мұндай қадамға баруына тек көлік мұңы ғана емес, осы келеңсіздіктен жүйкесі әбден жұқарған зайыбының белгісіз дертке ұшырауы да себеп болған. Арғын Қыздаркеұлының айтуынша, сап-сау жүрген келіншектің бүгінде құр сүлдері қалған. Бойына ешқандай тамақ батпайды. Бір жыл ішінде 40 килограмға жүдеген Алмагүл Қанғожинаны апармаған дәрігер қалмапты. Тіпті, Петропавлды былай қойып, Астанаға, Көкшетауға, Омбыға, Шымкентке, Түркістанға дейін барған. Ташкенттің дәрігерлеріне де жүгініпті. Өкініштісі сол, дәрігерлердің ешқайсысы оған диагноз қоя алмаған. Тек Ташкент хирургтары асқазанының 2/3 бөлігін және он екі елі ішегінің жартысын кесіп алып тастапты. Бірақ одан науқас оңалып кете қоймаған. Солтүстік Қазақстан облыстық ауруханасында да жіңішке ішегінің бір бөлігінен айырылған.
«Бұл да дертіне дауа болмаған Алмагүлдің жағдайы күннен-күнге нашарлап барады. Бұған дейін қазақ тілінің мұғалімі болған ол бүгінде жұмыс істеуге қауқарсыз. Диагноз қойылмағандықтан, аурухана парағын ашу да қиын. Екі ұлымыздың бірі – бронхит астмасына шалдыққан. Оны да емдеу керек. Отбасын асырау мұңға айналды. Бұрын Мамлюткадан Бескөлге тәркіленген көлікпен қатынап жұмыс істейтінмін, арасында көлікпен жүк тасып қосымша табыс табушы едім. Енді оның бірі де жоқ. Бескөлге көшіп келуге мәжбүр болдық. 62 мың теңгеге үй жалдап тұрамыз. Банктегі несиелерімізді өтеуге шама жоқ. Барлық есеп-шотым бұғатталған, еңбекақым бірден банкке кетеді. Зайыбымның белгісіз ауруға шалдығуына көлігімізден айырылуымызға байланысты терең күйзеліс себеп болды деп ойлаймын», – дейді өтініш иесі.«AMANAT» партиясының филиалындағылар Алмагүлді емдеу мәселесін облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп шешетін болды. Тәркіленген көлікті қайтару мәселесін де заң аясында оң шешуге ықпал жасалмақ. Тек бір әттеген-айы, сап-сау мініп жүрген көлігін Арғын Қанғожин қайтарған күннің өзінде тек қосалқы бөлшек ретінде ғана пайдалана алады. Бұдан шығатын қорытынды – шет ел есебіндегі көлікті сатып алған кезде белгілі бір тәуекелдер бар екенін естен шығармаған жөн.
Солтүстік Қазақстан облысы