Пайдалы парақшалар
Пайдалы парақшалар
702
оқылды
Соңғы уақытта әлеуметтік желіде қазақтілді оқыр­мандарға арналған ғылым тақырыбындағы танымдық парақшалар көбейіп келеді. Бірі күрделі физика теорияларын қарапайым тілмен түсіндіріп, ға­рыштың тылсымдарынан сыр шертетін бей­нероликтерді қазақша дыбыстап жүрсе, бірі химиялық элементтердің өзара әре­кеттерін оқырмандарға экс­пери­мент түрінде паш етеді, енді бірі химия мен биологияның тақырыптарын TikTok-тағы трендтермен «тәп­сір­лейді». Бәрінің де мақ­саты бір – қа­зақша ғылыми кон­тентті кө­бейтіп, ба­ла­­лар мен жа­сөс­­­пі­рім­дерді ғы­­лымға бір қа­дам жа­қын­дату.   Еркін АСАНОВ, YouTube пен Facebook-тегі «Физика және Ғарыш» парақшасының авторы:

Аспан денелері туралы аңыздарға қызығушылық көп

Өзім негізі компьютер маманымын. 2016 жылғы ақпанда гравита­циялық толқындар ашылғаннан кейін физика мен космология тақыры­бындағы YouTube-арналарды жиірек қарай бастадым. Minutephycics арнасындағы роликтерде әртүрлі тілдегі субтитрлер барына назар ауда­рып, қазақша субтитр қосып жүрдім. Кейін осы роликтерді қазақша дыбы­стап, жеке арнада жариялау туралы ой келді. 2017 жылы ақпанда «Физика және Ғарыш» арнасында алғашқы ролик жарияланды. Кейін астрономия, космонавтика бойынша да роликтер аудара бастадық. Қазір жобаның арналарында 500-ден астам бейнеролик бар. Бізде негізінен ағылшын тілінен аударылған роликтер жарияланады, кейде өзім оригинал роликтер құрастырамын. 2017 жылдың аяғына қарай жоғарыда айтылған ғылымдардағы жаңалықтардан күнделікті хабардар етіп тұру үшін Facebook-тегі парақшаны аштым. Бес жылда жылда 2000 шамасында пост шықты. Видео және фотоконтентті НАСА, Еуропа ғарыш агенттігі, Еуропа Оңтүстік обсерваториясы, т.с.с. ұйымдардың ресми парақша­ларынан аламын. Контент әзірлейтін тұрақты команда жоқ. Ағылшын тілі бойынша кеңесшілерім бар. Дыбыстау жағынан Қонаев қаласы орта мектеп-гимназиясының мұғалімдері мен оқушылары үлкен көмек берді. Осы гимназия ұжымымен бірлесе отырып, оқушылар арасында офлайнда көптеген ғылыми-танымдық шара өткіздік. Қазақтілді оқырмандарды Күн жүйесі ғаламшарлары, астрономиялық оқиғалар (Күн, Ай тұтылуы, т.б.), Марсты игеру, жұлдыздар туралы аңыз­дар көбірек қызықтыратын секілді. Алайда бір қынжылтатыны – кері бай­ланыстың аздығы. Оқырмандар постқа лайк басу, бөлісумен шек­теледі. Жазылған дүниенің талқыланып, сол жөнінде көбірек білетін оқырман болса, толықтырып, пікір таластырып жатуы сирек.   Нұрболат ЖҰМАҒҰЛОВ, Instagram-дағы Newchemist парақшасының авторы:

Балалар эксперимент жасауға мұқтаж

   width= Мен Астана қаласының «Білім-Инновация» ер балалар лицей-интернатында химия пәні мұғалімімін. Химия пәнінен 7, 8, 9, 10, 11-сынып оқулықтары авторларының бірімін. Бұл парақшаны 2013 жылы аштым. Басында сабақ үстіндегі химиялық эксперименттермен, қызықты мәліметтермен бөлісіп жүрдім. Лицейде сабақ бере жүріп, химиядан ағыл­шынтілді біраз контентпен таныстым. Содан ойыма осы материал­дарды қарапайым қазақ баласына да түсінікті болатындай етіп аударып, әрлеп, постерлер жасау туралы идея келді. Парақшадағы контент тақырыбын алдын ала ойластырып, Аdobe Іllustrator дизайнерлік бағдарламасы көмегімен посттар жасап шығарамын. Негізгі бағыттарымның бірі – периодтық кестедегі 118 элементтің барлығына арнап пост жасау. Сондай-ақ биохимия саласы бойынша әртүрлі тамақ, жеміс-жидектердің химиялық құрамын салыстырамын. Одан бөлек, астрохимия, геохимия, бейорганикалық химия салаларына да арнап посттар салып жүрмін. Оқырмандарды химиялық эксперименттер арқылы қызықтыру оңай. Себебі көп мектепте химия сабағында тәжірибелер жасалмайды. Бітіруші түлектердің көбі химияны тек есеп шығару мен теориялық материалдар деп ойлайды. Оқырманда­рымның көбі мектеп оқушылары болғандықтан, оларға органикалық және бейорганикалық химия тақырыптары қызық. Себебі олар мектепте сол тақырыптарды ғана меңгереді. Ал жалпы алғанда ғылымға қызығатын қауымға әр тақырыптың қызықты мәліметтерін ұсынуға тырысамын. Мен жасымнан химия ғылымын түстер, құбылыстар арқылы жақсы көрдім. Ұсынатын посттар қызықты болуы үшін түрлі түстерді, әдемі шрифтті (Gilroy), көркем дизайнды қолданамын. Энциклопедияда химиялық қосылыстың түсі жазылып тұрса, сол түстің CMYK, RBG кодтарын іздеп, максималды түрде бояймын. Қысқасы, жасаған контентімнің оқылымды, пайдалы болып шығуына барымды саламын. Назира ШӘБДЕНОВА, TikTok-тағы «Оңай Study» парақшасының авторы:

Химияны TikTok-тағы трендтермен түсіндіремін

   width= Мен елордадағы Astana Garden School мектебінде химия пәнінен сабақ беремін. Химияға махаббатым сонау мектеп кезінде ашылған. Якутияда өткен химиядан халықаралық олимпиаданың жеңімпазы болдым. Кейін Назарбаев университетінің химия факультетін бітірдім. Әлеуметтік желіде химия жөнінде қазақтілді парақша ашу туралы идея биыл жазда келді. Менің Жұлдыз есімді сіңлім – TikTok-та бірнеше мил­лион адамнан тұратын аудиториясы бар блогер. Менің химияны оқушы­ларға қазақ тілінде түсіндіргім келетін ниетімді көрген ол маған TikTok-тағы трендтерді көрсетіп, біраз ақыл-кеңесін берді. Бір айдай ойланып жүріп, парақша аштым. Кейіннен жаныма биология және ағылшын тілі пән­де­рі­нің мұғалімдерін де қостым. Бүгінде біз оқырмандарға осы пәндерге ке­рек дүниелерді, ережелерді әртүрлі TikTok-тренд арқылы түсіндіріп жүрміз. Мұндай әдіс-амал өте қолайлы екен. Өйткені қазір балалардың барлығы-дерлік осы әлеуметтік желіні қолданады. Пайдасыз контент тамашалағанша, өздеріне керекті, сабағына пайдасы тиетін видеолар көргені жақсы емес пе?! Трендтерді қолданып, күрделі тақырыптарды да түсіндіру оңай. Мәселен, «Мен химиялық элемент болсам, не болар едім?» деген видео балаларға өте жақсы өтті. Химиялық реакция түрлерін, теңестіру, валенттілік деген тақырыптарды да TikTok форматына салып түсіндіремін. Қазір аудиторияны белгілі бір атпен атау сәнге айналды ғой. Мысалы, Ninety One фанаттары eagles деп аталады. Сол секілді, мен де өз оқырмандарымды химиялық элементтің атымен Aurum, яғни «Алтындарым» деп атаймын. Қазір менде 783 алтын бар. Олардың бәрі – ешқандай арнайы бағдарламамен жиналмай, өздері қосылған балалар. Маған олардың әрбірі қымбат.