Арандатуға арбалғандар
Арандатуға арбалғандар
192
оқылды
Шенеуніктер елдегі кез келген шиеленістің артында арандатушылар тұр деп мәлімдеп жатады. Наразылық акциялары кезінде де арам пиғылды сыртқы күштерден сақтандырады. Алайда қаскөйлердің нақты кім екенін ашып айтпайды. Сонда көзге көрінбейтін, қолға ұстал­майтын арандатушылар деген кімдер? Ғылымда «дискурс» деген ұғым бар. Дискурс адамдардың сөзі мен әрекетіне қатты әсер етеді. Қоғам­да оқыс оқиға бола қалса, аранда­тушылар оны өзінше түсіндіріп, өз мүддесіне сай дискурс туғызады. Өйткені халықтың бәрі саяси сауатты емес, алдау мен арбауға тез шырмалады. Азаматтардың мұн­дай аңғалдығын террористік, экстремистік және саяси күштер пайдаланып кетуі ықтимал. Алысқа бармай-ақ, ақпанның басында дүйім жұртты дүрліктірген Қордай оқиғасына назар ауда­ра­йық. Президент тұрмыстық түйт­кілдің ұлтараздыққа ұласуына арандатушыларды айыптады. Мемлекет басшысы арандату­шы­лар жайлы әңгімені көктен сауып, жерден тауып алған жоқ деп ой­лаймыз. «Ел құлағы – елу» деген­дей, шет жағасын біз де естідік. Куәгерлердің сөзіне сенсек, жап­пай төбелеске бейтаныс жастар белсене қатысыпты. Ал төбелестен кейін ұшты-күйлі жоғалып кетіпті. Бөтелкелерге арнайы сұйықтық құйып, мұздай қаруланған бұзақы топ басқа жақтан әдейі жіберілген болуы мүмкін деп болжайды жер­гілікті тұрғындар. Тәртіп сақшы­ларынан құралған қоршауды кө­лікпен бұзып кіріп, екі автокөлікті отқа ораған, артынша мылтық атып, қантөгісті бастаған да солар деседі. Шыны керек, біздікі – куә­гер­лердің сөзінен шыққан жора­мал ғана. Құқық қорғау орын­дары мен Үкіметтік комиссия бұл ақ­паратты әлі растамады. Сонымен, арандатушылар де­ге­німіз – көбінесе ақша табу мақ­сатында бір адам не топтың мүд­десіне жұмыс істейтін, белгілі бір жиынның шырқын бұзып, ел ішіне лаң салатын жалдамалы «жен­дет­тер». Олардың қатарында әдетте қоғамдық, саяси оқиғаларға мүлде бейжай қарайтын адамдар жүреді. Арандатушылар мемлекеттің іргесін сетінетіп, тұнығын лайлау үшін ең алдымен нақты бір мәсе­лені ушықтыруды көздейді. Қай мәселе екені маңызды емес. Жерді жалға беру мәселесі, Қытайдың 55 зауыты, еңбек дауы, тіпті жануар­ларды жәбірлеуге қарсы акциялар да оттықты тұтатуға жарай береді. Халықтың қиын-қыстау сәттегі аумалы-төкпелі көңілін теріс бағытқа бұруды аңсайтындар Арыс оқиғасында да аңғарылды. Аран­дату, жалған ақпарат тарату, заңсыз шеруге шығу деректері бойынша 10 адам ұсталып, түсіндіру және тергеу жұмыстары жүргізілді, 4 қыл­мыстық іс қозғалды. Соның бір мысалын өз көзімен көрген блогер Яков Федоров былайша суреттейді: «Адамдардың арасында Shymkent Plaza орталығына кіріп, азық-түлікті тегін алуға шақырғандар болды. Оның бәрі халықтікі екен-міс. Кейбірі сыртынан бақылай қарап, басқыншылық жасауға ұран­дады. Алайда халық тыныш­тық сақтады. Заңсыз ұсыныстар түскенде немесе зорлық әрекеттері жасалғанда митингіге шыққандар­дың өзі оларды басып тастады. Бәрі тыныш өтті. Арандатушылар екі сағаттан кейін жоқ болып кетті», – дейді куәгер. Егер нақтылай кетсек, Арыста жарылыс болған кезде радиация тарапты деген қауесет лезде ақпа­рат айдынын, әлеуметтік желілерді қаумалап кетті. Қорғаныс министрі ол мәліметті жоққа шығаруына тура келді. Ал 2010 жылы Қырғыз Республикасындағы Киров су қоймасы жарылып, су Таразды шайып кетеді деген жалған ақпар талай тараздықты әбігерге түсірді. Болмаса, құрықталған экс-пре­мьер-министр Серік Ахметов көз жұмды деген мәлімет қоғамда дау туғызды. Кейін ол жалған мәлім­демені таратқаны үшін 2015 жылы Байшеміров есімді азамат ұсталды. Немесе жоғарыда сөз болған Қор­дай қақтығысынан соң арандату­шылықпен айналысқан екі азамат Алматыда ұсталды. Тізе берсек, мұндай фактілер аз емес. Барлығында ортақ ұқсастық бар. Ол – қоғам үшін маңызды мәселеде қауесет әлеуметтік желі не мессенджерлер арқылы тарай­ды. Оның рас-өтірігін тексермеген жұрт хабарды ары қарай тарата түседі. Яғни, арандатушылар аза­мат­тардың ақпараттық, құқықтық сауатсыздығына үміт артады, соған ден қояды. Сөйтіп, дегеніне жетеді. Арандатушыларды шетелдегі қашқын банкир қаржыландырады деген қауесет бар. Қауесет дейміз-ау, Бас прокуратураның өзі күні кеше «Әблязов халықтан жымқыр­ған қаражатты митингіге шық­қан­дарға төлеп отыр» деді. «Полицияға ұсталған арандатушыға 100 мың доллар, емханаға түсіп, анықтама қағазын көрсеткендерге 10 мың доллар береді» деп жақында де­путат Бақытбек Смағұл да айтып қалды. Ашық ақпарат көздеріне жүгін­сек, сыртқы күштердің ақшасы Қазақстанға Украина мен Ресейдің PR-компаниялары арқылы ауда­рылады екен. Бұл агенттіктер Мәс­кеу, Украина, Еуропада оқитын қа­­зақстандық студенттерді жалдау­ға, оларға бірнеше жалған аккаунт ашқызуға тырысады екен. Яғни, жырақта, қазақстандық құқық қор­ғау органдарының құрығы жет­пей­ді. Студент, оған үнемі ақша керек. Кейінгі кезде қолдан тұрақ­сыздық ұйымдастырудың жаңа құралдары мен тетіктері жасалған. Бұл тақырыпта том-том кітаптар жазылған. Осы ретте әйгілі Джин Шарптың «Диктатурадан демо­кратияға» деген еңбегін ерекше атап өтер едік. Әлгі кітапта көңілің толмайтын билікті құлату жолда­ры, сатылары, айла-шарғылары егжей-тегжейлі баяндалған. Ха­лық­ты жинау, назар аударту, тәртіп сақшыларын шектен шығару сияқты әрекеттердің 198 жолы ұсы­нылған. 2011 жылы «Араб көктемі» толқыны басталғанда бұл инс­трук­таждың қалай жүзеге асқанын сырттай бақылаған адам бірден байқайтын еді. Төңкеріс жасаудағы танымал тәсілдің бірі – қолдан қантөгіс жасау. Арнайы дайындалған, қо­лына суық қару, жарылғыш қос­палар алған жігіттер полицияны күш қолдануға итермелейді. Поли­ция шеп құрады, қорғанады, шегі­неді, ақыры қақтығыс басталады. Нәтижесінде адамдар жарақат­танады, қаза табады. Оның соңы жаппай дүрбелеңге жалғасуы ға­жап емес. Арандатушылардың көздегені – осы. Сондықтан өсек-аяң, жел сөзге ілеспей, әліптің артын баққан дұрыс. Тұрақсыздық тудыруды көксейтін әлдекімдердің ойыншығына айналудың арты жақсылыққа апармайды. Әрине, наразылыққа шық­қан­дар міндетті түрде тыңшы немесе арандатушы деген қағида жоқ. Өзіндік ой-пікірі, көзқарасы бар қарапайым азаматтардың да қа­расы қалың. Қарсылық шарасына жиналғандардың көбі – ауыр тұрмыстан қажыған, әлеуметтік мәселелерге ашынған азаматтар. Үкімет оның бәрін арандату­шы­ларға жаба салмай, шынайы мо­йындап, жұмыс істеуі тиіс. Осы орайда Досым Сәтпаевтың бір сөзі ойға оралады. «Президент мұндай кикілжіңдерді арандату­шылардың ісі дейді. Бірақ мынаны ескеру керек: арандатуға татитын нәрсе бар жерде ғана аранда­тушылар пайда болады» дейді саясаттанушы. Келіспеске амал кем.    width=Еркебұлан НҰРЕКЕШ