«Құқықтық көмек»: Игі бастама Индер ауданында жалғасты
«Құқықтық көмек»: Игі бастама Индер ауданында жалғасты
462
оқылды
«AMANAT» партиясы Атырау облысында іске қосқан «Құқықтық көмек» жобасы шеңберінде жергілікті жерде азаматтарға заңгерлік көмек көрсету жұмысы жалғасып жатыр. Күні кеше белгілі құқық қорғаушы Абзал Құспан бастаған бір топ заңгерлер Индер ауданының азаматтарын қабылдады. Аудан тұрғындарын толғандырған мәселелердің басым бөлігі әлеуметтік сипатқа ие. Оның ішінде  алимент төлемейтін азаматтардан зардап шегіп отырған тұрғындар да бар. Заңгерлер осы тектес мәселелерді жергілікті жерде шешуге тырысуда. Бұл ретте, Абзал Құспан қазір  елімізде «Жеке тұлғаны банкрот деп тану» туралы заң жобасы әзірленіп жатқанын және жақын арада күшіне енетінін жеткізді. Шешімін таппай жүрген мәселесін айта келген азаматтың бірі – Индербор кентінің тұрғыны Данияр Габсалимов. Ол 2013 жылы шаруа қожалығын қаржыландыру үшін «Атырау» ӘКК» ҰК» АҚ-дан мемлекеттік бағдарлама аясында қаржы алыпты.
«Алған қаржыны қайтару кезінде қаржыландырушы тараптан қателік кетті. Сондықтан келісімшартты тоқтатуға мәжбүр болдық. Ал ҚР Ұлттық банк тарапынан қаржыны қайтару жөнінде талап келген кезде серіктестіктің кейбір құрылтайшысының қаражаты болмады. Сондықтан қаржыны қайтара алмадық. Алайда біз серіктестікті тарату туралы шешімге келіп отырмыз», – деді ол.
Өз кезегінде Абзал Құспан бұл мәселені жергілікті жерде шешуге болатынын айтты. Қажетті құжаттарды қосымша алдыртып, осы мәселені Атырау қаласында өтетін жиын кезінде құзырлы органдар алдында баяндайтынын жеткізді.
«Исатай ауданында да осыған ұқсас мәселе кездесті. Оны оңтайлы шешуге осындағы заңгерлердің құзіреті де, біліктілігі де жетеді. Алайда Атырау қаласында өтетін қорытынды жиында бұл мәселе негізігі ұсыныстарымның бірі болады», – деді Абзал Құспан.
Халықтың құқықтық сауаттылығын арттырып, заңнамалық көмек беруді көздейтін партиялық жобаның жұмысы ары қарай Мақат, Жылыой аудандары мен Атырау қаласында жалғасады. Қабылдауға партияның республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің 8-800-080-44-41 телефоны арқылы жазылуға болады.