Солтүстікте маскүнемдер көбейіп тұр. Облыстық Психикалық денсаулық орталығының мәліметіне сүйенсек, алты мыңға жуық адам маскүнем ретінде наркологиялық орталыққа тіркелген. Бұл өңірде спирттік ішімдіктерге әуес 5 675 адам тіркеуде тұр екен. Бірақ мамандар мұның 2018 жылмен салыстырғанда төмендегенін айтады. Психикалық денсаулық орталығының нарколог дәрігері Елена Шарабар: «2019 жылы орталықта 5 675 адам есепте тұрса, 2018 жылы 5 768 адам болатын. Орталықтың тіркеуінен талаптар орындалған жағдайда ғана есептен шығарылады. Ол үшін тіркеудегі емделуші ай сайын психиатр-наркологқа қаралуы тиіс. Спирттік ішімдіктен бас тартып, емін жалғастыруы керек. Сондай-ақ психологиялық көмек алуы тиіс», – дейді.
Маскүнем әйел көбейді
Қазір орталықта 5 мыңнан астам адам есепте тұрса, соның мыңнан астамы – әйел. Араларында бала да бар. Өкініштісі, 24 жасөспірім наркологтың бақылауында емделуде. Бізді елең еткізгені де – осы. Бір өңірде мыңнан астам әйел – маскүнем. Ал еліміз бойынша алкоголь ішетін әйелдің саны 30 мыңнан асыпты. Қазір қазақтың қызы да, әйелі де арақ-шарапқа құмар. Бұл жаңалық болудан қалғаны қашан?! Әйелдің маскүнемдігі дерт пе, сор ма? Қарап тұрсаңыз, бұл да қасірет. Отбасының, ошақ қасының ұйытқысы ішімдікке құмартса, қасірет болмағанда қайтсін?!.Нарколог дәрігерлер әйелдер ішімдікке салынса, ол жолдан шыға алмайтынын айтады. Өйткені әйел алкогольге құмартса, ең алдымен отбасы бұзылады, балалардың психикасына әсер етеді. Зорлық-зомбылық көбейеді. Анасы ішімдікке құмар отбасының балалары да алкогольге тәуелді болып шығады. Ер азаматтарға қарағанда, әйелдердің алкогольдік тәуелділігі жоғары деңгейде дамиды. Алкоголь тек психиканы емес, ішкі органдарды да бұзады. Гепатит, бауыр циррозы, неврит және витаминдік тепе-теңдіктің бұзылуы еркектерге қарағанда, әйелдерде екі есе жиі кездеседі. Сонымен қатар бүйрек жеткіліксіздігі, сондай-ақ ұйқы безі мен асқазанның зақымдануы да дамиды. Жүрек зардап шегеді, инсульт пен инфаркт қаупі өте жоғары болады.«Ішімдікті жиі пайдаланатын әйелдің бала туу мүмкіндігі айтарлықтай төмендейді. Өлі туылады, шала туылады және туа бітті дене кемістігі бар балалар өмірге келеді. Егер әйел жүктілік кезінде ішімдік ішсе, онда жаңа туатын нәрестеде ұрықтың алкоголь синдромы жиі пайда болады, салмақтың өсуі мен кешігуі, беті, аяқ-қолы, буындары кеш дамиды, ақыл-ойы артта қалады. Еркектерге қарағанда әйелдерде жиі алкоголь галлюцинациясы мен психоз жиі байқалады. Психозды емдеу қиын және ұзақ уақытқа созылады. Емдеу баяу жүреді әрі адамның қайта қалпына келуі мүмкін емес» дейді нарколог дәрігерлер.
Табысы төмен азаматтар ішімдікке үйір келеді
Әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова «Мұның басты себебі – тұрмыстық түйіткілде» дейді. «Статистикалық деректер бойынша ер-азаматтарға қарағанда әйелдердің арасында жұмыссыздық деңгейі өте жоғары. Ресми статистика 5,7 деңгейін көрсеткенімен, тіркелмеген жұмыссыз әйелдердің саны одан да көп. Тағы бір себеп – жалақы айырмашылығы. Әйелдердің жалақысы еркектерге қарағанда, 33 пайызға кем. Асыраушысы жоқ отбасылар деп саналатын, яғни жалғыз басты әйелдердің де саны артып келеді. Мұндай отбасылардың негізгі жауапкершілігі – әйелдің мойнында. Сондықтан осындай тұрмыстық түйткілдер әйелдердің ішімдікке құмартуына алып келеді. Әрі олардың жұмысқа орналасуы да қиын. Осылайша, әйел азаматтар қоғамда өзінің әлеуметтік орнын таппағаннан кейін «жеңіл жолды» таңдап кетеді. Одан бөлек, адамның маскүнемдікке салынуына оның білім деңгейі мен табысының көлемі де әсер ететін көрінеді. Табысы мен білімі төмен азаматтар ішімдікке үйір келеді» дейді ол.Алкогольге үйір азаматтар сауығуды да қаламайды. Олар дәрігерге өздігінен қаралмайды. Ішімдік қабылдайтын адамдар өз мамандығын тез жоғалтады, мамандығына сай емес жұмыспен айналысып кетеді. Сол себепті де емдеуді ерте бастан бастаған жөн. Әйелдер арасындағы алкоголизмнің әлеуметтік салдары ерлерге қарағанда ауыр. Асқынған алкоголизм жағдайында әйелдің интеллектуалдық қабілеті мүлдем төмендеп кетеді. Психикасы өзгеріп, ашушаңдық, адуындық мінез-құлық пайда болады. Моральдық тұрғыдан азғындап, теріс жолға түсу қаупі артады. Мамандар мұны әйелдің алкогольдік дегредациясы деп атайды. Мұндай әйелдерді қоғам қабылдай бермейді. Ет жақындары ғана емес, тұтас қоғам оларға жиіркенішпен қарай бастайды. Сол деградация әйелдің өз-өзіне қол жұмсауына алып келеді.Ал психолог Ғалияш Көптілеуқызы: «Қазір ажырасу көп. Көбіне бір сөмкеден басқа мойнына артқан жүгі жоқ еркек есіктен шығып кете береді. Ауыртпалықты әйел көреді. «Ажырасам, болды, жетті» деп күйеуден шаршаған әйел, қиындықпен бетпе-бет қалғанда қиналады. Қаржылық қиындық, әйелдік табиғи қажеттілік бәрі қысады. Шаршайды, жұбанышты сырадан бастайды. Ішсе бәрі ұмытылады, жеңілдейді. Ал есін жиса, азайған қиындық жоқ. Сонымен қиындықпен арпалысып жүріп, көңілін сейілтетін емін өзі табады. Кейін сол еміне өзі батады. Махаббаттан зардап шегіп, ішімдікке алданатын әйелдер бар. Қазір сезімнің қадірі жоқ. Еркектер әйелдерге өте жеңіл қарайды. Әйелдер бақытын әр еркектің бетіне, аузына қарап іздейтін заман. Осылай бағын іздеймін деп сорын табатын әйелдер де осы ішімдікпен басады құмарлығын. Ал ең басты себеп, түсінетін, тыңдайтын адамның жоқтығында. Ішсе айта алады, ішкендермен жүрегін ашады, еркін сырласады. Жаны ашылуды, сырласуды іздейтін әйелдер де осы ащы суға құмар болады. Әйел қанша мықты көрінгісі келгенмен, жаны нәзік болады. Олар ұзақ шыдайды, ұзақ күреседі, ұзақ ертегіге сенеді. Бірақ бір күні морт сынады. Иман Солтүстік аймақта көп тарала қоймаған болар. Дін құтқарушы. Сабыр мен тоқтамға шақырушы. Құтқарушы, жамандықтан қашырушы. Қиындық қатты қысқанда, арқа сүйер ері болса да, болмаса да, өз қиындығымен күресе алмаса, әйел дінді пана тұтқаны дұрыс. Ал еріне құйып беріп отырып, еріп ішетіндердің әңгімесі бір бөлек. Бұл – мінез әлсіздігі. Себеп осылай кете береді», – дейді.
P.S. Ашаршылықта, небір нәубет замандарда ұлтты сақтаған ұлы аналар екенін жазып та, айтып та жүрміз. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» бүгінгі бейбіт заманда әйел маскүнемдікке ұрынса, бұл да үлкен қасірет. «Сананы тұрмыс билейтіннің» кері – осы. Әлеуметтік мәселесі шешімін тапса, табысы жоғары болса, тұрмысы түзелсе, әйел де ащы суға құмартпас еді. Өзі – мас, сөзі – лас, ісі – нас адамдар көбеймесін деп тілейік.