Жерлеу үйінің иесі марқұмдардың денесін бөлшектеп, сатып отырған
Жерлеу үйінің иесі марқұмдардың денесін бөлшектеп, сатып отырған
АҚШ-та Колорадодағы жерлеу үйінің бұрынғы иесі Меган Хесс марқұмдардың органдарын заңсыз сатқаны үшін 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жерлеу үйінен бөлек, Donor Services донор орталығын ашқан.
  46 жастағы Меган Хесс пен оның 69 жастағы анасы Ширли Кох өздерінің Donor Services донор орталықтары арқылы марқұмдардың туыстарының рұқсатынсыз Өлілер бюросында қаза тапқан адамдардың ағзаларын сатқан. Анықталғандай, олар 560 мәйітке осылай жасаған. Олардың қылмыстары 2016-2018 жылдары Reuters агенттігінің АҚШ-та адамдардың дене мүшелерін сатуға қатысты тергеуінің арқасында әшкереленген. АҚШ-та трансплантация үшін органдарды сатуға заңмен тыйым салынған. Оларды тек донорлыққа беруге болады. Бірақ дене бөліктерін ғылыми және зерттеу мақсатында сату федералды заңмен реттелмейді. Меган Хесс басқаратын Sunset Mesa жерлеу үйінің ("Кешкі месса") бұрынғы қызметкерлері де әйелдердің мәйіттерді туыстарының рұқсатынсыз бөлшектегенін растады. 2018 жылы осыған қатысты тергеу жарияланғаннан кейін рейд жүргізілді.
"Хесс пен Кох жерлеу үйін негізінде донорлыққа дене мүшелерін бөлшектеп, ұрлау үшін пайдаланған. Олардың бұл қылмыстары марқұмдардың туыстарына жантүршігерлік эмоционалды азап әкелді", – деді прокурор Тим Нефф сотта.
Мұнымен қоймай Хесс қайтыс болған адамдардың туыстарынан кремация үшін 1 000 долларға дейін алған. Кейбір клиенттері үшін Хесс денені әкелгені үшін кремацияны тегін ұсынған. Туыстары түрлі мәйіттердің күлдерімен араласқан қалдықтарды қоқыс жәшіктерінен тапты. Прокурорлардың мәліметінше, Меган Хесстің әрекетінен 200-ден астам отбасы зардап шеккен. Ал одан дене бөліктерін сатып алған хирургтер мен өзге де мекемелер, ұйымдар оның қылмысы туралы білмеген. Сотта Ширли Кох кінәсін мойындап, жауапкершілікті көтеруге дайын екенін айтты. Ол алаяқтық жасағаны үшін 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Меган Хесс 20 жылға сотталды. Бұл –  заңмен рұқсат етілген ең жоғары мерзім. Сот отырысы барысында Хесстің адвокаты әйелдің қылмысы 18 жасында алған бас-ми жарақатымен байланысты екенін, сондықтан оны "құбыжық" деп атау әділетсіздік екенін айтты.