Ішкі істер министрлігі жүйесіндегі әскери-тергеу органдары тарапынан әскери қызметкерлердің заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтауына бағытталған іс-шара жеткілікті. Дегенмен ІІМ Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасы Тараз бөлімінің қызметкерлерімен жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында облыс аймағындағы әскери мен әскериленген құрылымдардың қызметкерлерімен жасалған қылмыстық құқықбұзушылықтар анықталып, жан-жақты тергеп-тексеру жұмысы жүргізіліп, кінәлі тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тарту үздіксіз атқарылуда. Мысалы, 2018 жылдың наурыз айында Қорғаныс министрлігі №85 393 әскери бөлімінің материалдық техникамен қамтамасыз ету ротасының командирі, капитан М.Түктібай мен оның қылмыстық сыбайласы №85 395 әскери бөлімінің санитар-нұсқаушысы А.Жаңабектің меншікке қарсы және мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы сыбайлас жемқорлық санатындағы ауыр қылмыстық құқықбұзушылықтарды жасағаны анықталған. Яғни, 2018 жылдың жаз айларында М.Түктібай мен А.Жаңабек екеуі келісімшарт бойынша әскери қызметке орналастыруға құзырларының жоқ екенін біле тұра, алаяқтық жолмен бөтеннің мүлкін иемденуге бағытталған қылмыстық ой туындап, аталған қылмыстық жоспарын жүзеге асыру мақсатында А.Жаңабек азаматша Т. есімді жәбірленушінің баласын келісімшарт бойынша әскери қызметке орналастыруға ниетін біліп, оған баласын жұмысқа орналастыруды әскери қызметтегі өзінің танысы М.Түктібай арқылы мәселені шеше алатынын жеткізген. Т. есімді жәбірленуші өзінің әскерден келген ұлын келісімшарт бойынша әскери қызметке А.Жаңабек пен оның танысы М.Түктібай екеуінің орналастыру мүмкіндігінің бар екеніне толық сеніп, қуанған. Алайда А.Жаңабек Т. есімді жәбірленушіге баласын жұмысқа орналастыру үшін нақты қазір 200 000 теңге беруі қажет екенін, кейінірек тағы 180 000 теңге ұсынуы керегін М.Түктібай айтты деп жеткізіп, ол ақшаны жоғарыдағы басшыларға беру үшін және сол соманы ұсынған жағдайда баласының келісімшарт бойынша әскери қызметке міндетті түрде орналасатынын айтып, алдауын жалғастырған. Бұған толықтай сенген Т. есімді жәбірленуші өзінің әскерден жаңадан келген баласын келісімшарт бойынша әскери қызметке орналастыру үшін банктен несие рәсімдеп, өзінің алтын бұйымдарын ломбардқа өткізіп, көрсетілген соманы толықтырып, А.Жаңабек пен М.Түктібайға береді. Алайда капитан М.Түктібай мен А.Жаңабек Т. есімді жәбірленушінің ақшасын алаяқтық жолмен иемденуге бағытталған қылмыстық ойларын аяғына дейін жеткізгеннен кейін, Т. есімді жәбірленушіге баласының әскери қызметке орналасу уақытын «ертең», «жақын қалды», «келесі апта» деген сылтаумен бір жыл бойы созып келген. – Ішкі істер министрлігі Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасы Тараз бөлімінің қызметкерлерімен аталған дерек өткен жылдың наурыз айында анықталып, жасырын тергеу әрекеттерін атқару барысында фигуранттар жоғарыда көрсетілген соманың 100 000 теңгесін қайтарып беру барысында құрықталды. Аталған деректер бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігі 1) және 3) тармақтары яғни «бөтеннің мүлкін алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтеннің мүлкін иемденуді, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасау» және 367-бабы 3-бөлігі 1) тармағы яғни «мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамға не оған теңестірілген адамға немесе жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамға не лауазымды адамға айтарлықтай мөлшерде пара беруге, басқа адамды азғыру немесе басқа да тәсілмен қылмыстық құқықбұзушылық жасауға көндіріп, айдап салуды, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасау» бойынша қылмыстық іс қозғалған. Көрсетілген қылмыстық іс бойынша шұғыл түрде жедел-іздестіру шаралары және жан-жақты, объективті тергеп-тексеру әрекеті жүргізіліп, М.Түктібай мен А.Жаңабектің көрсетілген қылмыстық құқықбұзушылықтарды жасағаны дәлелденген. Соңғылардың іс-әрекеттері ҚК-нің көрсетілген баптары бойынша сараланып, қылмыстық іс құжаттары сотқа жолданған. Сот үкімімен соңғылар кінәлі ретінде танылып, тиісті қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Жоғарыда көрсетілген деректер бойынша Қорғаныс министрлігі «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына Қылмыстық процессуалдық кодексінің 200-бабының талаптарына сәйкес «қылмыстық құқықбұзушылықтар және басқа да заңбұзушылықтар жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөнінде» ұсыныс жолданып, оның негізінде жауапты лауазымды қызметкерлер қатаң тәртіптік жауапкершіліктерге тартылды, – дейді Ішкі істер министрлігі Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасы Тараз бөлімінің басшысы, подполковник Досжан Мамырбаев. Асылы ӘДІЛ, Тараз қаласы