Негізгі қызметін төрт бағытта жүргізетін, соның ішінде сиыр етін өңдеуге басымдық беретін америкалық трансұлттық Tyson Foods компаниясы Жетісу жеріне көз тігіп отыр. Еліміздегі аграрлы аймақ, оның ішінде төрт түлігімен мақтана алатын өңір ретінде аталатын облысымызда ет өңдеу бағыты бойынша тағы бір ірі жоба жүзеге асуы мүмкін. Нақтырақ айтқанда, Алматы облысында жылына 500 мың бас ірі қара етін өңдейтін, 20 мыңға жуық жанды жұмыспен қамтитын, жалпы құны 300 млн АҚШ долларын құрайтын ет комбинатын салу жөніндегі алғашқы жүздесу сәтті өтті деуге болады. Облыс әкімі Амандық Баталов пен өңірдегі ет өндірісіне жауапты тұлғалар америкалық трансұлттық Tyson Foods компаниясы мен олардың Қазақстандағы серіктесі өндірістік-инвестициялық Kusto Group компаниясының өкілдерімен кездесіп, жобаның жай-жапсарымен ақылдасты. Кездесуге Ауылшаруашылық вице-министрі Гүлмира Исаева, өңірдегі 11 ірі шаруа қожалықтың басшылары қатысты. Жетісу жерінің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттары, инвестициялық мүмкіндіктері, трансұлттық компаниялармен бірге қолға алынған жобалар жайлы айтылғандарды мұқият тыңдаған іскер қонақтардың өңірде инвесторларға барлық қажетті қолдаулар жасалатынына көздері жете түсті. «Алматы облысының өңірлік даму орталығы» ЖШС дайындаған бейнетаныстырылымнан мәлімет алды. Tyson Foods Inc кәсіпорнының аға вице-президенті, бас директор Шэйн Миллер қонақжайлық пен жобаны жүзеге асыруға қажетті толық мәліметтер үшін алғысын білдірді. Оның айтуынша, Tyson Foods компаниясының қаржы айналымы өткен жылы 42 млрд АҚШ долларына жеткен. Компания 4 бағытқа маманданған, соның ең ірісі – сиыр етін өңдеу. Компанияда 140 мыңға жуық қызметкер істесе, оның 38 мыңы ет бағытында жұмыс істейді. АҚШ-та компанияның 6 ет комбинаты бар, оларда жылына 7,5 млн бас ірі қараның еті өңделіп, әлемнің 80 еліне шығарылады. Алматы облысында салынатын зауыт толық қуатына көшкенде жылына 500 мың бас ірі қараның етін өңдей алады. Екі ауысыммен жұмыс істейтін кәсіпорында 4 мыңға дейін жаңа жұмыс орны құрылады. Сонда зауыт жұмысын қамтамасыз ететін қосалқы құрылымдарды қоса алғанда 20 мыңға жуық адам еңбекпен қамтылады. Шэйн Миллер компанияның ірі шаруашылықтармен қатар, шағын шаруа қожалықтарымен де бірігіп жұмыс істеуге дайын екенін айтты. Kusto Group компаниясы Директорлар кеңесінің төрағасы Еркін Тәтішев те жобаның жай-жапсарын егжей-тегжейлі түсіндіруге тырысты. Өркенді өңірдің мал шаруашылығының әлеуеті осы маңызды инвестициялық жобаны сәтті жүзеге асыруға мүмкіндік беретініне жан-жақты тоқталды. – Елімізде трансұлттық компаниялардың қатысуымен жүзеге асырылып жатқан 19 жобаның 9-ы – біздің облыста. Ет өңдеу саласын дамыту – басты бағыттың бірі. Сондықтан осы жобаның іс жүзінде орындалуы біз үшін аса маңызды. Біз өз тарапымыздан барлық қажетті қолдау көрсетеміз. Қажетті мамандықтарға кадрларды бюджет есебінен оқытуға жәрдем жасай аламыз. Менің әріптестерім сіздерге комбинатты салуға болатын орындарды көрсетеді. Әрине, Талдықорғанда сондай ірі өндіріс ашылса керемет болар еді, – деген облыс басшысы орынбасарлары мен тиісті лауазымды тұлғаларға жобаны жүзеге асыру жұмыстарымен айналысуды тапсырды. Америкалық компанияның өкілдері жергілікті кадрларды АҚШ-та жұмыс істеп тұрған өндірістерінің базасында оқытуға әзір екенін білдірді. Болат АБАҒАН, Алматы облысы