Бүгінде Түркістан облысында өңір тұрғындарының 56,7 пайызы табиғи газбен қамтылған. Жалпы, аймақты газбен толық қамту 2026 жылға дейін жоспарланған. Ал өңірді ауызсумен қамту деңгейі 80 пайызды құрап, 671 елді мекен таза ауызсу пайдалануда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Игорь Алексеев мәлімдеді. Жиында басқарма басшысы Түркістан облысында өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірде 1,1 млн халық, яғни тұрғындардың 56,7 пайызы табиғи газбен қамтылғанын жеткізді. Сондай-ақ 2020 жылы 25 нысанның құрылыс жұмысын жүргізу жоспарлануда. Облыс бойынша 21 нысанның құрылысы аяқталып, 154 мың тұрғын табиғи газбен қамтылады. Оның айтуынша, осы жылы облыс бойынша жалпы 423 елді мекен немесе 1,2 млн халық /64,4 %/ табиғи газбен қамтамасыз етілетін болады. «Облыс орталығы Түркістан қаласының тұрғындары биыл 50 пайыз газбен қамтылса, 2021 жылы толық барлық үйлер мен ғимараттарға көгілдір отын кіретін болады. Облыс әкімдігімен «Түркістан облысын газбен қамтамасыз етудің іс-шара жоспары» бекітілген. Жоспарға сәйкес, 2026 жылға дейін облыс елді мекендерін 100 пайыз газбен қамтамасыз ету жоспарлануда», – деді басқарма басшысы. 2019 жылы электрмен қамтамасыз ету саласы бойынша жылдың қорытындысымен облыста 10 мың халық тұратын 4 елді мекенде құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға тапсырылды. Ал ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында су құбыры мүлдем жоқ 40 мың халық тұратын 43 елді мекенге жаңа ауызсу құбыры салынып, 12 елді мекеннің тозығы жеткен ауызсу жүйелері жаңартылды. Нәтижесінде, ауызсумен қамту деңгейі 80 пайызды құрап, 671 елді мекен таза су ішіп отыр. Тельман БЕЙСЕН, Түркістан облысы