Тараз қаласының білім саласынан тағы шу шықты. Бұл жолы №43 мектептің ұстазы Күнсұлу Бөрінбекова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнежазба жолдап, білім ордасы директорының заңсыз жұмыстан шығарғанын айтып, көмек беруін сұрады.
Бейнежазбада аталған мектепте 29 жыл ұстаздық еткен Күнсұлу Ташкенбайқызы мектеп директорының қудалағанын мәлімдеп қана қоймай, біраз былықтың бетін ашып отыр.
«Мектеп директоры Эльмира Өмірбекованы 2017-2018 оқу жылында бізге басшы қылып әкелді. Сол уақыттан бері мектепте ақша жинау, ұстаздарды қызметтен қуу сияқты әңгімелер бір басылмауда. Оның шегі ағымдағы жылдың 15 ақпанында көрініс тапты. Мұғалімдерді жинап алған мектеп басшысы бірқатар ұстазға сөгіс беріп, маған да қызметіме толық сай емес деген жаза тағайындады. Алайда оның себебін сұрап едім, толыққанды түсіндірмеді. Ал жаңажылдық шыршаға жиналған ақшаның қайда кеткенін сұрап едім, «сені «статьямен» жұмыстан шығарамын, 15 ақпаннан бастап жұмысқа келмей-ақ қойсаң болады» деді. Содан 17 ақпан күні жұмысқа келсем, менің сыртымнан екі ескерту беріп, жұмыстан шығарып жіберіпті. Және бұйрық 30.01.2020 жылғы күнмен, яғни артқа шегеріліп шығарылған. Бұл күні мектеп директоры бұйрық шығармақ түгілі, жұмыс орнында болмағанын жақсы білемін.
Бұдан бөлек, өткен жылы желтоқсан айында Президент жалпыұлттық аза тұту күнін жариялағанда, біздің мектеп директоры оқушылар арасында 200 теңгеден ақылы дискотека ұйымдастырды. Сондай-ақ ай сайын ақша жинау, облыстық, қалалық білім бөлімдерінен адамдар келе жатса 1 000-2 000 теңгеден жинау, еңбек немесе бала күтімімен демалысқа шыққандардан 50-100 мың теңгеден алу сияқты заңсыз әрекеттеріне шек жоқ. Енді мені «статьямен» жұмыстан қуып отыр. Сондықтан құрметті Президент сізден көмек беруіңізді сұраймын» делінген бейнежазбада.
Бұл жайтқа қатысты мектеп басшылығы өз уәжін айтып отыр. Мектеп директоры Эльмира Өмірбекованың сөзіне сүйенсек, ұстаз Күнсұлу Бөрінбекова өзіне тиесілі міндеттерді жауапкершілікпен атқармапты. Сондықтан мектеп басшылығы оған ескерту жасап, одан сабақ алмағаннан кейін арнайы баппен қызметтен босатқан. «Мен Күнсұлу Бөрінбекованың бейнежазбада айтқанымен толықтай келіспеймін. Ол кісіні қызметін лайықты атқара алмағандықтан жұмыстан босатып отырмын», – дейді мектеп басшысы.
«Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтыны» белгілі. Бүгін облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен мектеп мұғалімінің Мемлекет басшысына жолдаған өтінішіне байланысты арнайы комиссия құрылды. Тексеру тобы алдағы уақытта арыздың қаншалықты дәлелді екенін зерттемек.
Осы тұста бір еске сала кетерлігі, мектеп директоры Эльмира Өмірбекова қалалық №25 мектепке басшылық еткенде де артынан осындай арыз еріп, соңы айқай-шуға ұласқан болатын.
Жамбыл облысы