Атыраулықтар кәсіби заңгерлік кеңес алды
Атыраулықтар кәсіби заңгерлік кеңес алды
372
оқылды
«AMANAT» партиясының «Құқықтық көмек» жобасы аясында Атырау облысының тұрғындарына 4 күн бойына кәсіби заңгерлік кеңестер берілді. Белгілі құқық қорғаушы Абзал Құспан бастаған бір топ заңгер маман Исатай, Индер, Мақат, Жылыой аудандарында және Атырау қаласында болып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Пилоттық режимде іске қосылған жо­ба­ның атыраулықтар арасында үлкен сұранысқа ие болғандығы байқалады. «Құқықтық көмек» тобы сотта және тағы басқа жағдайда арыз-талап толтыру, өкі­леттік ету, өзін-өзі қорғау мәселелері бо­йын­ша азаматтарға кеңес берді. Көр­сетіл­ген заңгерлік көмек үшін ешқандай ақы алынған жоқ. Газетіміздің өткен нөмірінде айтып кеткеніміздей, Исатай ауданынан басталған кездесулер Индер ауданында жалғасқан еді. Шешімін таппай жүрген мәселесін айта келген азаматтың бірі – Индербор кентінің тұрғыны Данияр Габсалимов. Ол 2013 жылы шаруа қожалығын қаржылан­дыру үшін «Атырау» ӘКК» ҰК» АҚ-дан мемлекеттік бағдарлама аясында қаржы алыпты.
«Алған қаржыны қайтару кезінде қаржыландырушы тараптан қателік кетті. Сондықтан келісімшартты тоқтатуға мәжбүр болдық. Ал Ұлттық банк тарапы­нан қаржыны қайтару жөнінде талап келген кезде серіктестіктің кейбір құрыл­тай­шысының қаражаты болмады. Сон­дықтан қаржыны қайтара алмадық. Алайда біз серіктестікті тарату туралы ше­шімге келіп отырмыз», – деді ол. Абзал Құспан бұл мәселені жергілікті жерде шешуге болатынын, қажетті құжаттарды қосымша алдыртып, осы мәселені Атырау қаласында өтетін жиын кезінде құзырлы органдар алдында баяндайтынын айтты.
Мақат ауданында құқық қорғаушы Абзал Құспан бастаған заңгерлерге хабар­ласқандардың бірі – жеке шаруа қожа­лы­ғының иесі Балтагүл Едігеева 2017 жылы 30 бас ұсақ малын ұрлатқан екен. Кейін полиция күдіктіні анықтағанымен, ол ұсталмаған.
«Одан арада бірнеше жыл өткен соң жалғыз сиырым ұрланды. Үйіме ұры түсіп, материалдық шығын келтірді. Оны кім өндіріп береді? Әлі күнге дейін тиісті ор­гандардан мардымды жауап алған жоқ­пын», – дейді ол. Өз кезегінде, Абзал Құс­пан бұл мәселе тереңірек зерттеп, толық сараптауды қажет ететіндігін атап өтті. Одан бөлек, аудандық прокурордың орынбасарына әр факті бойынша заң мен нормаларға сәйкес нақты жауап беруді ұсынды. Исатай, Индер, Мақат ауданда­рын­да қабылдау жүргізген адвокат жалпы саны 40-тан астан адамды қабылдап, 100-ден астам сұраққа жауап берді.
Ал Жылыой ауданының орталығы Құл­сары қаласында өткен кездесу бары­сында қойылған сауалдардың басым бөлігі әлеуметтік сипатта және тұрғын үй қаты­настары туралы болды. Одан бөлек, кадр­лық мәселелер де бар. Мысалы, Атырау мұнай өңдеу зауытында қызмет етіп жүрген бір топ азамат жұмыстан заңсыз қысқарып қалған.
«2020 жылы біздің штат бірлігіміз қыс­қартуға ұшырап, жұмыстан босап қалдық. Бірақ тура 15 күн өткеннен кейін зауытқа басқа 21 қызметкер алынды. Олардың арасында біздің қысқартылды деген штат лауазымына сәйкес мамандар да болды. Оның ішінде сол кездегі басшының туыс­қан­дары, зауыттың басшылық лауазым­дағы тұлғаларының ағайындары бар еке­нін анықтадық. Бұл сыбайлас жемқор­лық­тың көрінісі, – деп ашынды қабылдауға келген азамат. Арызданушылардың ай­туын­ша, негізінен жұмыстан әділдік талап еткендігі үшін қудаланған. Осыдан кейін олар алдымен бірінші деңгейлік сотқа, кейін апелляциялық сотқа шағымданған.
Абзал Құспан жұмысшылардың құ­шақтай келген құжаттарына көз жүгіртіп, әрі қарай заң жүзінде қандай әрекеттер жасауға болатыны туралы кеңес берді.
«Қазір жағдайды анықтадым. Бұл жерде тек бір ғана әрекет жасай аласыздар. Екі мәселе бойынша және анықталған жаңа фактілерді тізіп, қажетті құжаттарды тіркеп, «AMANAT» пратиясының облыс­тық филиалының атына арыз жазыңыз­дар», – деп кеңес берді. Ал Атырау қаласында заң кеңесі кө­мегіне жүгінген Маржан есімді тұрғын: «Мен ағамның мәселесімен келіп отыр­мын. Ол психоневрологиялық диспан­серде есепте тұрады. Оның атында жеке­мен­шік үйі бар. Қазір оның қамқоршылы­ғымен уәкілетті органдар айналысуда. Анамыз қайтыс болған, әкеміз жасы ұл­ғайғандықтан мүмкіндігі болмай отыр. Менің сұрағым: «ағама қамқоршылық етуге және үйін өз атымызға аударуға мүм­кіндік бар ма?», – деп сұрады.
Адвокат Абзал Құспан бұл мәселелерді құзырлы органдардың араласуымен шешуге болатынын және егер үй сатыла­тын болса ол кісінің келісімін алу қажетті­гін айтты. Партия заңгерлері де бұл мәсе­лені шешуге көмектесетінін жеткізді.