Абу Даби саммиті: ортақ мүдде мен орнықты даму
Абу Даби саммиті: ортақ мүдде мен орнықты даму
452
оқылды
Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары аясында «Абу Даби тұрақты даму апталығы» атты саммиттің ашылу рәсіміне қатысты. Сонымен қатар жиынға Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян, Оңтүстік Корея Президенті Юн Сок Ёль, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Ангола Президенті Жуан Лоренсу, Мысыр Сыртқы істер министрі, БҰҰ Климаттың өзгеруі жөніндегі конферен­циясы 27-ші сессиясының (СОР27) пре­зиденті Самих Шукри, сондай-ақ саясаткерлер, жаңартылатын энергия, технологиялық даму және инновация салаларының жетекшілері, инвесторлар мен кәсіпкерлер қатысты. ADSW 2023 – орнықты даму үдерісіне халықаралық күш-жігерді қолдауға ба­ғытталған БАӘ жаһандық бастамасы. Абу Даби саммиті – азық-түлік пен су ресур­сы қауіпсіздігі, энергияға қол­же­тім­­­ділік, өнеркәсіпті көміртегінен арыл­ту, ден­сау­лық сақтау және климаттағы өзгерістерге бейімделу сияқты ауқымды әрі өте ма­ңыз­ды мәселелерге арналған биылғы ал­ғашқы халықаралық форум. Жиынның мақсаты – жаһандық қоғам­дас­тықты біріктіретін және түрлі мәсе­ле­лерде, жаңа­шыл серіктестік қатынас­тар мен ин­но­вациялық шешімдерде келісімге қол жеткізу үшін конструктивті диалогқа жол ашатын орнықты даму саласының күн тәртібін қалыптастыру және COP28 кон­ференциясына тың серпін беру. ADSW 2023 алаңында алғаш рет Жасыл сутегі саммиті өткізіледі. Онда экономи­ка­ның негізгі секторларын көміртегінен арылту ісінде саммиттің әлеуеті айқын­далады. Сондай-ақ «Абу Даби тұрақты даму апталығы» саммитінің аясында Zayed Sustainability Prize сыйлығын тапсыру рәсімі өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыйлықты Global High Schools номинациясы бойынша (Америка аймағы) колумбиялық Fundacion Bios Terrae - ICAM Ubate мектебіне табыс етті. Zayed Sustainability Prize – тұрақты даму саласындағы орасан зор жетістігі үшін берілетін Біріккен Араб Әмірліктерінің жаһандық сыйлығы. Бұл марапат БАӘ Тұңғыш Президенті марқұм шейх Заид бен Сұлтан Әл Нахаян­ның гуманитарлық мұрасына құрмет белгісі ретінде 2008 жылы өткен «Болашақтың энергиясы» әлемдік саммитінде тағайындалды. Аталған сыйлық денсаулық сақтау, азық-түлік, энергетика, суды үнемді пай­далану секілді санаттар бойынша тұ­рақты даму саласындағы тиімді және ин­но­вациялық шешімдері үшін коммер­циялық емес ұйымдарға, шағын және орта кәсіпорындарға және орта мектеп­терге беріледі. 2009 жылдан бері әлем бойынша 96 адам осы сыйлықтың иегері атанды. Zayed Sustainability Prize сый­лы­ғының жүлдесі – 3 миллион АҚШ дол­лары. Биыл сыйлыққа 152 елден 4 538 өтінім түсіп, оның үздік 30 жобасы финалға өткен. Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы өз сөзінде жаһан­дық маңызы бар өзекті тақырыптар тал­қыланатын ауқымды халықаралық шараны ұйымдастырғаны үшін жоғары мәртебелі шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянға алғыс айтты. Президент анағұрлым таза әрі «жасыл» әлем жолындағы орнықты даму баршаға ортақ міндет екенін атап өтті.
– Өкінішке қарай, геосаяси тұрақ­сыз­дықтың шиеленісуі және энергетикалық қауіпсіздіктің сақталмауы климаттың өзге­руіне қатысты мәселені елеусіз қалдырды. Жаһандық орташа ауа температурасы көтерілген сайын әлемдегі құнарлы азық­тың 66 пайызын қамтамасыз ететін негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарының шы­ғымы едәуір азаюы ықтимал. Сондай-ақ тұщы су тапшылығына душар болу қаупі зор. БҰҰ баяндамасына сәйкес, 2050 жылға қарай климаттың өзгеруі салдарынан 5 мил­лиардтан астам адам ауызсуға зәру бо­луы мүмкін. Бұл дүниежүзілік азық-түлік, энергетика, қала және экология жүйелеріне қатер төндіреді. Мұның бәрі саяси шешім­дерді ғана емес, басқа да жедел әрі тиімді шаралар қабылдауды талап етеді. Пла­нетамызды сақтау үшін бұрын-соңды болмаған мөлшерде қаржылай инвестиция құю керек, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, климаттың өзгеруіне қарсы күрес тек даму немесе жаңғырту шараларымен шектелмей, өзара тығыз байланыста қатар жүруге тиіс.
– Халықаралық қоғамдастық климат­тың өзгеруіне қарсы күрес шараларын қаржыландыру мәселесіне қатысты мін­деттемелерін арттыра түседі деп сенеміз. Бүгінгі жиынның маңыздылығы да – осы. Қазақстан көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің ұзақмерзімді міндеттемелерін айқындады. Іс жүзінде еліміз Париж келісі­мін алғашқылардың бірі болып рати­фика­циялады. Сол сәттен бері біз экономиканы әртараптандыруға және жаңартылатын энергия көздері мен орнықты технология­ларды ілгерілетуге бағытталған барынша теңгерімді, ұтымды саясатымызды қалып­тастырдық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент елімізде электр энергия­сы­ның 70 пайызға жуығы көмірден өндіріле­тінін атап өтіп, алдағы уақытта өнеркәсіп пен экономикаға түбегейлі құрылымдық өзгерістер әкелетін ауқымды шараларға арнайы тоқталды. Президенттің айтуынша, жаңа Экологиялық кодекс өнеркәсіп кор­порацияларының жаңартылатын энергия көздеріне көшуіне оң ықпал етеді.
– Компанияның экологиялық жаң­ғыруға құятын инвестициясының толық құны бюджетке төленетін экологиялық тө­­лемнен шегеріледі. Мәселенің норма­тив­тік-құқықтық реттеу жағына келер болсақ, биыл барлық негізгі өнеркәсіп са­ла­лары үшін Ең үздік қолжетімді тех­ника­лардың (BAT) салалық стандарттар анықтамалығын әзірлеу ісі аяқталады. Келесі сатыда ластанған табиғаттың 80 пайызына жауапты 50 ірі корпорация осы стандарттарға өтуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан – көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін ұзақмерзімді стратегия қа­был­даған Орталық Азиядағы алғашқы ел. Аталған стратегия ұлттық деңгейде анық­талған климаттың өзгеруіне қарсы күрес көрсеткіштеріне үлес қосудың оңтайлы тәсілдерін айқындайды.
– Парниктік газдар шығарындыларына квота бөлу және квоталарды саудалаудың ұлт­тық жүйесі ауаға тарайтын шығарын­дыларды азайтуды және энергия үнемдеу технологиясын дамытуды ынталандыратын механизм ретінде өз тиімділігін дәлелдеді. Біздің ортақ мақсатымыз – Парниктік газдар шығарындыларын саудалаудың ұлт­тық және еуропалық жүйесіндегі алшақ­тығын жою. Бұл шаралардың барлығы Париж конвенциясындағы міндеттемелерді 2030 жылға қарай толық орындауға мүмкін­дік береді, – деді Мемлекет басшысы.
Президент саммит қатысушыларына Қазақстандағы жаңартылатын және бала­малы энергия көздерінің перспективалары туралы мәлімет берді.
– Күн мен жел факторлары, сондай-ақ ұлан-ғайыр жеріміз Қазақстанның кли­матты сақтау жолындағы жаһандық іс-әрекеттерге атсалысып, жаңартылатын энер­гия секторында көш бастауына мүм­кіндік береді. Осыған байланысты біз инвесторларға анағұрлым ұтымды шарттар ұсыну үшін нормативтік-құқықтық база­ны жетілдіріп жатырмыз. Жалпы, біздің жоспарымыз бойынша 2035 жылға қарай Қазақстанда 6,5 ГВт жаңартылатын энер­гия ресурсы пайда болады. Бұл орайда «жасыл сутегі» – келешегі зор бағыттың бірі. Халықаралық сарапшылардың пікі­рін­ше, еліміз сутегін экспорттау­шылардың алғашқы ондығына кіре алады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент атом энергиясын пайдалану мәселесіне назар аударып, бұл ауаға тарай­тын парниктік газдардың көлемін азайтуға әсер ететін басты фактордың бірі екенін айтты. Сондай-ақ Қазақстанның атом энергетикасын дамытудағы артық­шылық­тарына тоқталды.
– Еліміз табиғи уран өндіру бойынша әлемде бірінші орында. Біз ядролық отын­ның компоненттерін өз елімізде өндіреміз және атом энергиясын қауіпсіз пайдалану ісін одан әрі дамытуға мүмкіндігіміз мол. Біздің пікірімізше, бұл – аймақтық және жаһандық деңгейдегі сауда мен инвестиция үшін келешегі мол сала, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев климаттың өзгеруін тежеу стратегиясы үшін орман өсіру өмірлік маңызы бар ба­ғыт саналатынын жеткізді. Оның айтуын­ша, Қазақстан Климаттың өзгеруі жөнін­дегі БҰҰ 26-шы конференциясында қа­был­данған Орман мен жерді пайдалану декларациясына қосылды. Бұдан бөлек, елімізде 2025 жылға дейін екі миллиард ағаш отырғызуды көздейтін ауқымды жоба басталды. Былтыр 282 миллион түп ағаш отырғызылды. Биыл тағы 410 миллион ағаш отырғызу жоспарланып отыр. саммит Мемлекет басшысы астық өндірісі бойынша Қазақстан әлемде жетінші орын алатынын атап өтіп, дүниежүзілік азық-түлік тапшылығымен күресте еліміз өзінің ауыл шаруашылығы әлеуетін пайдалануға ниетті екенін мәлімдеді.
– Біз ауған халқына гуманитарлық көмек ретінде бидай ұнын жеткізу үшін Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасымен, сондай-ақ БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Осы ретте дамушы елдерді азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымымен де ынтымақтаса жұмыс істеуге шақырамын, – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңында саммитке қатысушылардың барлығын «жасыл жобаларды» жүзеге асыруға бел­сене атсалысуға, сондай-ақ ESG-инвес­тициялар мен орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін күш біріктіруге шақырды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Abu Dhabi Ports Group компаниясының бас директоры Мұхаммед әл-Шамисимен кездесті.Кездесу барысында көлік және логистика саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру перспективалары талқыланды.Президент Abu Dhabi Ports Group компаниясының Каспий теңізіндегі теңіз және порт инфрақұрылымын дамытып, «ҚазМұнайГаз» ұлттық ком­па­ния­­сымен стратегиялық серіктестік ор­нату жөнінде келісімге қол қою жоспарын құп­тады.Мұхам­мед әл-Шамиси кездескені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, қазақстандық компания­лармен ынтымақтастық орнату жоспары туралы айтты. Abu Dhabi Ports компаниясы Кас­пий теңізі мен жалпы өңірдің көлік-логистика саласында өзара тиімді серіктес­тік орнатып, түрлі теңіз қызметі мен ше­шімдер ұсынуды көздеп отыр.