Құқық қорғаушылар шындап кіріскендей...
Құқық қорғаушылар шындап кіріскендей...
9,921
оқылды
Мемлекеттің миллиардтарына тұрғызылып, басты бөлігі пайда­лануға берілгеніне бірнеше жыл ғана болған «Береке» атты коттеджді қалашықтан береке қашқанына, аты дардай баспаналардың екі-үш жыл өтер-өтпестен шиі шығып, алды тұруға жарамсыз болып жатқанына, жүздеген баспананың құрылысы шала-шарпы екеніне қатысты жаз­баған, көрсетпеген БАҚ қалған жоқ. Біздер де өткен аптада осы мәселеге үн қосып, газетке «Берекесі қашқан «Береке» деген мақала жариялаған едік. Ақыры көптің өкпе-назы, БАҚ-тың дабылы құқық қорғау органдарының құлағына жеткендей. Күні кеше қасына қала әкімін және тағы да басқа лауазымды тұлғаларды ерткен Жетісу облысының прокуроры Мадияр Басшыбаев коттеджді қалашыққа кезекті рет барып, жағдайды өз көзімен көріп қайтты. Жұртпен тілдесті. Бірер жыл ішінде алды тұруға жарамсыз болып жатқан үйлерге тапсырыс берген­дерді де, құрылысты жүргізген мердігерлер мен арадағы делдалдарды да жазалауға уәде берді.
Естеріңізге сала кетсек, құрылысы бас­талғалы басынан дау арылмаған қала­шықтағы үйлердің алды 2019 жылдың соңын­да беріле бастаған. 2020 жылы жүздеген баспананың кілті тапсырылды. Негізінен жылдар бойы жеңілдікпен үй алу кезегінде тұрғандар қоныстанған еді. Олардың ішінде көпбалалы отбасылар, жалғызбасты аналар, мүгедектер және тағы басқа да әлеуметтік әлжуаз топтағылар көптеп саналады. Коттедждердің кілттерін тапсыруға арналған салтанатты шараларға сол кездегі облыс, қала басшылары мін­детті түрде қатысып, құрметті қонақ ретін­де елге белгілі тұлғалар шақырылатын. Сондай салтанатты рәсімдердің біріне талдықорғандық ғарышкер, Халық қаһар­маны Айдын Айымбетовтің де қатысқаны есімізде. Жерлестерінің үйлі болып жат­қанына жұртпен бірге қуанған ғарышкер уақыт өте келе, кілтін өз қолымен тап­сырған баспаналардың қоныстанушылар үшін бас ауруына айналарын болжамағаны анық. Оны айтасыз, сол кездері үйлі болғандар, баспаналарының сырты бүтін, іші түтін боларын білмей, шашуларын ша­шып, дастарқандарын жайып, ақ түйенің қарнын жарып тастаған еді. Қазір ғой: «үйлі атанғанымызбен, әлі күнге күйіміз келмей тұр», – деп күйзеледі.
Баспана пайдалануға берілісімен үй­лер­дің кемшіліктері біртіндеп шыға бас­таған. Алғашында ұсақ-түйек қой, қолдан келсе, өзіміз істеп алармыз дегенмен, жиілеп кеткен проблемалар жеке адамның шамасы жетпейтіндей көбейіп, күрделене түскен. Қабырғалары қақырап, төбелерден су сорғалап, еден шөгіп кеткен.
– Өткен жылдың соңында коттеджді қалашықтағы жағдайға байланысты қыл­мыстық іс қозғадық. Содан бері көптеген са­рап­тама жүргізіліп, мамандардың қоры­тындысы шығарылды. Соған сай кі­нәлі­лердің барлығы жауапқа тартылады. Тап­сырыс бергендер де, қабылдап алған­дар да, үйлерді тұрғызған мердігерлер де, екі араны жалғастырған делдалдар да жа­за­дан құтылмайды, – деді облыс про­куроры Мадияр Басшыбаев.
Осынау даулы жағдайды басынан бас­тап бақылап, жұртқа жанашырлық көр­сетіп, ақыл-кеңес беріп жүрген азамат­тық белсенділер алдағы кезде қазына қара­жатына тұрғызылған әлеуметтік нысан­дарды қабылдау үшін баламалы комиссия енгізуді ұсынады.
– Әлеуметтік нысандар салынып жатқан құрылыс алаңдарындағы жұмыс барысын байқайық деп талпынған бір­неше әрекетеміздің тауы шағылды. Мерді­герлер жолатпайды. Заңда азаматтардың тәуелсіз ерікті комиссиялар құрып, салынып жатқан мектептер, ауруханалар және тұрғын үйлердің құрылысын зерттеп, зер­делеуіне рұқсат беретін норма жоқ. Соңғы жылдары осындай әлеуметтік ма­ңызы аса зор осындай құрылыстарда заң­сыздықтар жиілеп, сапасыздықтан аяқ алып жүре алмайтын жағдайдың қалып­тасқанын ескеріп, сондай комиссиялардың құрылуын заңдастыру қажет. Осы тұрғыда прокуратура бастама көтерсе дұрыс болар еді, – дейді азаматтық белсенді Ерболат Айдар­беков.
Қыс ортасында мазалары әбден қашып, төбеден сорғалаған суды қайта-қайта шылапшынмен сыртқа төгіп, едендерін жамап-жасқап, қабырғаларын қамсаулап отырған тұрғындар болса, тап­сырыс берушілер мен мердігерлерді ғана емес, қабылдау комиссияларының мүше­лерін, оларға қоса көзбояушылыққа, сол арқылы шаруаға қырсыздық пен жемқор­лық­қа өз үлестерін қосқан құрметті қонақ­тардың да жауапкершілігін қарастырған жөн деп отыр. Сонда ғана болашақта он­дай­лар ел алдындағы қылықтары үшін ұялатынын ойлайтын болады. Қалашық тұрғындары облыс про­куроры­ның уәдесінен соң, жағдай жақса­рар деп үміттеніп отыр. Дегенмен, көңіл­дерінде күдік те жоқ емес. Өйткені былтыр күзде облысқа арнайы жұмыс сапарымен келген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов коттеджді қа­ла­шыққа келіп, жағдайдың бақылауда екенін, мұндағы құрылыс барысында жем­қор­лық сипаттағы көріністер анықталға­нын, кінәлілер жазаланатынын айтқан еді. Одан бері де бірнеше ай өтіп кетті, «баяғы жартас, сол жартас» қалпында. Оңалған ештеңе жоқ. Әзірге қылмыстық іс қозға­лғаны ғана көңілге медеу...

Болат АБАҒАН, Жетісу облысы