Мемлекеттің миллиардтарына тұрғызылып, басты бөлігі пайдалануға берілгеніне бірнеше жыл ғана болған «Береке» атты коттеджді қалашықтан береке қашқанына, аты дардай баспаналардың екі-үш жыл өтер-өтпестен шиі шығып, алды тұруға жарамсыз болып жатқанына, жүздеген баспананың құрылысы шала-шарпы екеніне қатысты жазбаған, көрсетпеген БАҚ қалған жоқ. Біздер де өткен аптада осы мәселеге үн қосып, газетке «Берекесі қашқан «Береке» деген мақала жариялаған едік. Ақыры көптің өкпе-назы, БАҚ-тың дабылы құқық қорғау органдарының құлағына жеткендей. Күні кеше қасына қала әкімін және тағы да басқа лауазымды тұлғаларды ерткен Жетісу облысының прокуроры Мадияр Басшыбаев коттеджді қалашыққа кезекті рет барып, жағдайды өз көзімен көріп қайтты. Жұртпен тілдесті. Бірер жыл ішінде алды тұруға жарамсыз болып жатқан үйлерге тапсырыс бергендерді де, құрылысты жүргізген мердігерлер мен арадағы делдалдарды да жазалауға уәде берді.
Естеріңізге сала кетсек, құрылысы басталғалы басынан дау арылмаған қалашықтағы үйлердің алды 2019 жылдың соңында беріле бастаған. 2020 жылы жүздеген баспананың кілті тапсырылды. Негізінен жылдар бойы жеңілдікпен үй алу кезегінде тұрғандар қоныстанған еді. Олардың ішінде көпбалалы отбасылар, жалғызбасты аналар, мүгедектер және тағы басқа да әлеуметтік әлжуаз топтағылар көптеп саналады. Коттедждердің кілттерін тапсыруға арналған салтанатты шараларға сол кездегі облыс, қала басшылары міндетті түрде қатысып, құрметті қонақ ретінде елге белгілі тұлғалар шақырылатын. Сондай салтанатты рәсімдердің біріне талдықорғандық ғарышкер, Халық қаһарманы Айдын Айымбетовтің де қатысқаны есімізде. Жерлестерінің үйлі болып жатқанына жұртпен бірге қуанған ғарышкер уақыт өте келе, кілтін өз қолымен тапсырған баспаналардың қоныстанушылар үшін бас ауруына айналарын болжамағаны анық. Оны айтасыз, сол кездері үйлі болғандар, баспаналарының сырты бүтін, іші түтін боларын білмей, шашуларын шашып, дастарқандарын жайып, ақ түйенің қарнын жарып тастаған еді. Қазір ғой: «үйлі атанғанымызбен, әлі күнге күйіміз келмей тұр», – деп күйзеледі.Баспана пайдалануға берілісімен үйлердің кемшіліктері біртіндеп шыға бастаған. Алғашында ұсақ-түйек қой, қолдан келсе, өзіміз істеп алармыз дегенмен, жиілеп кеткен проблемалар жеке адамның шамасы жетпейтіндей көбейіп, күрделене түскен. Қабырғалары қақырап, төбелерден су сорғалап, еден шөгіп кеткен.
– Өткен жылдың соңында коттеджді қалашықтағы жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғадық. Содан бері көптеген сараптама жүргізіліп, мамандардың қорытындысы шығарылды. Соған сай кінәлілердің барлығы жауапқа тартылады. Тапсырыс бергендер де, қабылдап алғандар да, үйлерді тұрғызған мердігерлер де, екі араны жалғастырған делдалдар да жазадан құтылмайды, – деді облыс прокуроры Мадияр Басшыбаев.Осынау даулы жағдайды басынан бастап бақылап, жұртқа жанашырлық көрсетіп, ақыл-кеңес беріп жүрген азаматтық белсенділер алдағы кезде қазына қаражатына тұрғызылған әлеуметтік нысандарды қабылдау үшін баламалы комиссия енгізуді ұсынады.
– Әлеуметтік нысандар салынып жатқан құрылыс алаңдарындағы жұмыс барысын байқайық деп талпынған бірнеше әрекетеміздің тауы шағылды. Мердігерлер жолатпайды. Заңда азаматтардың тәуелсіз ерікті комиссиялар құрып, салынып жатқан мектептер, ауруханалар және тұрғын үйлердің құрылысын зерттеп, зерделеуіне рұқсат беретін норма жоқ. Соңғы жылдары осындай әлеуметтік маңызы аса зор осындай құрылыстарда заңсыздықтар жиілеп, сапасыздықтан аяқ алып жүре алмайтын жағдайдың қалыптасқанын ескеріп, сондай комиссиялардың құрылуын заңдастыру қажет. Осы тұрғыда прокуратура бастама көтерсе дұрыс болар еді, – дейді азаматтық белсенді Ерболат Айдарбеков.Қыс ортасында мазалары әбден қашып, төбеден сорғалаған суды қайта-қайта шылапшынмен сыртқа төгіп, едендерін жамап-жасқап, қабырғаларын қамсаулап отырған тұрғындар болса, тапсырыс берушілер мен мердігерлерді ғана емес, қабылдау комиссияларының мүшелерін, оларға қоса көзбояушылыққа, сол арқылы шаруаға қырсыздық пен жемқорлыққа өз үлестерін қосқан құрметті қонақтардың да жауапкершілігін қарастырған жөн деп отыр. Сонда ғана болашақта ондайлар ел алдындағы қылықтары үшін ұялатынын ойлайтын болады. Қалашық тұрғындары облыс прокурорының уәдесінен соң, жағдай жақсарар деп үміттеніп отыр. Дегенмен, көңілдерінде күдік те жоқ емес. Өйткені былтыр күзде облысқа арнайы жұмыс сапарымен келген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов коттеджді қалашыққа келіп, жағдайдың бақылауда екенін, мұндағы құрылыс барысында жемқорлық сипаттағы көріністер анықталғанын, кінәлілер жазаланатынын айтқан еді. Одан бері де бірнеше ай өтіп кетті, «баяғы жартас, сол жартас» қалпында. Оңалған ештеңе жоқ. Әзірге қылмыстық іс қозғалғаны ғана көңілге медеу...
Болат АБАҒАН, Жетісу облысы