Өткен аптаны шымкенттіктер қармен алысумен өткізді. Аптаның екінші күнінен басталып, екі күн бойы тоқтаусыз жауған қалың қар талайларды әбігерге салып тастады. Дәл мұндай қалың қар, соңы -26 градусқа дейінгі аяз шымкенттіктер үшін тосын құбылыс болды. Әбден мамыражай жылы маусымға үйренген күнгейліктер қалың қарға дайын болмай шықты. Көлік нөпірі көп үшінші мегаполис билігі де қардан тазарту шараларына үлгере алмай, әбден халықтың сынына ұшырап, титықтады. Шымкент қаласының әкімдігі таратқан мәліметке сүйенсек, тазалау жұмыстарына 162 техника, 1 140 қызметкер жұмылған. Одан соң, қосымша тағы 125 техника тартылғаны туралы ақпарат берілген. Сонымен қатар Қаратау ауданының өзіне 200 тонна тұз, 1 100 текше метр құм себілді деген мәлімет бар. Осылайша, жергілікті биліктің әп-сәтте қалың қарға дайын еместігін, «бармақ басты, көз қысты» әрекеттердің көптігін сездіріп қойды. Қар тазалауға сақадай саймыз деп қанша жерде ақпарат бергенімен, оның шындыққа жанаспайтынын көпшілік нақты аңғарғандай...
Шымкент қалалық білім басқармасы 10-11 қаңтар күндері аралығында 1-8 сынып оқушыларын қашықтан оқыту туралы шешім қа-былдады. 9-11 сынып оқушылары дәстүрлі форматта білім алуды жалғастырды. Ал төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қалың қар салдарынан қалада бірнеше оқыс оқиға орын алған. «Нұрсәт» шағын ауданындағы №114 үйдің ауласында жалпы көлемі 252 шаршы метр болатын екі бастырма құлап, 5 автокөлікті басып қалған. Оқиға орнына ТЖД өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінің мамандары техникасымен жедел барды. Адамдар зардап шеккен жоқ. Бұдан бөлек, Тұран ауданына қарасты «Сәуле» шағын ауданында «DAF» маркалы жүк автокөлігі, Құрсай шағын ауданында қалааралық №60 бағыттағы автобус қарға тығылып қалған жерінен тартып шығарылды. Сонымен қатар Бозарық айналма тасжолы бойында «Ютонг» маркалы Ташкент–Алматы бағытындағы автобус бұзылып, жолда қалып қойған, ішінде Ташкенттен Алматыға жолға шыққан Қарақалпақстан азаматтары болған. «Оқиға орнына жеке құрамнан 7 адам және 2 бірлік техника жөнелтілді. Өрт сөндіруші және құтқарушылар вахталық автокөлікпен бұзылып қалған автобустың 34 жолаушысын «Файз» қонақ үйіне жеткізді. Осылайша, өрт сөндіруші және құтқарушылардың көмегінің арқасында жолаушыларға уақытылы көмек көрсетілді», – дейді Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі. Ал 12 қаңтар күні бір тәулікте шымкенттік өрт сөндірушілер 13 жүк автокөлігі мен 1 автобусты қардан шығарған.
Шымкент қаласы