Тұрғын үй құрылысы қарқынды
Тұрғын үй құрылысы қарқынды
178
оқылды
Кейінгі жылдары Алматы облысының халқы күрт өсіп, 2 миллионнан асып жығылды. Тұрғындардың 180 мыңға жуығы облыс орталығы Талдықорған қаласында тұрады. Жетісу өңірі бас шаһары облыс орталығы мәртебесін қайта иеленген 2001 жылы мұнда 130 мың халық тұратын. Содан бергі 19 жылда тұрғындар саны 50 мыңға артып, 180 мыңға жетіпті. Соған сай Талдықорған қаласының іргесі кеңіп, жаңа шағынаудандар мен әлеуметтік-мәдени нысандар да қатар бой түзуде. Былтыр олардың қатарына өзіндік ерекшелігі бар коттеджді қалашық қосылды.  Биыл да құрылыс қарқыны бә­сең­­сімейді. Кейіннен пайда бол­­ған 8- шағынауданда барлы­ғы 782 пәтерден тұратын 24 көпқабатты үйдің құрылысы басталып, жетеуі жыл соңына дейін қолданысқа беріледі деп жоспарланыпты. Сонымен бірге осы шағынауданда кезекті білім беру нысаны – 1 200 орын­дық мектеп салынады. Ин­весторлар да Талдықорғанға қаржы салуға құштар. Олар «Шы­ғыс» шағынауданында 726 пә­тер­лік 22 көпқабатты үйдің құры­лы­сын жүргізбек. Былтыр коттеджді қалашықта 155 жеке үй салынып, оның негізгі бө­лігі көпбалалы аналарға берілді. Тұр­ғын үй кезегінде жылдап тұр­ғандар да баспаналы болып, осы қала­шықтан жеке үй алды. Оқу жасындағы балалар саны да көбейгенін, олардың қаланың басқа аудандарына қатынап, білім алуы ата-аналар үшін қиындық туғызатыны ескеріліп, қалашықта 900 орындық заманауи мектеп пен 280 орындық балабақша тұр­­ғы­­­зылады. Облыс әкімінің тап­­­­сыр­­­масымен қалашық аума­ғы то­­лық абаттандырылып, кө­гал­­дан­дырылып, жасыл же­лекке бө­­­­­ленеді. Балаларға арнал­ған екі ойын және футбол алаңы жаб­дық­­­та­лады. Әзірге сырт көзге сиық­­сыз­дау болып көрініп тұрған кот­тедж­ді қалашық бірер жылда көрсе көз тоятын дәрежеге жетеді де­ген үміт мол. Жетісу мемлекеттік уни­вер­ситеті студенттеріне арнал­ған жатақ­хананың ғимараты мен жа­бық жүзу бассейні де биыл бітеді. Қаланың тұрғындарға қолай­лы болуы да ойластырылуда. Соң­­ғы жыл­дары бітпес жыр­ға ай­нал­ған жолаушылар тасы­ма­лы да жөнге келтірілмек. Жеке та­сы­мал­­­даушыларды суб­­сидиялау те­ті­гін пайдалана оты­рып, қа­ла­лық жо­лаушылар тасы­малы көліктері то­лығымен жаңар­ты­лады. Жай­лы авто­бус сатып алынып, қыз­мет са­­­­пасы мен қауіпсіздігін қам­та­­ма­­­сыз ету үшін талаптар күшей­ті­­­ліп, электронды билет жүйесі ен­­­гізілмек.   Болат АБАҒАН, Алматы облысы