«Алдағы дүйсенбі күні Зайсанға тағы да келемін» деген облыс әкімі Даниал Ахметов кеше Зайсан ауданына жұмыс сапарымен барды. аудан активіне жаңа басшы, бұған дейін де Зайсан ауданын 2010-2013 жылдары басқарған Серік Зайнулдинді аудандық мәслихат депутаттарымен келісе отырып, өз өкімімен аудан әкімі қызметіне тағайындады. Серік Зинабекұлы бұған дейін Қытаймен шекарада жатқан тағы бір іргелі аудан Үржарды соңғы жеті жыл бойы басқарып келген болатын. – Серік Зинабекұлының басшылық қызметте тәжірибесі мол. Ауданның экономикасын, әлеуметтік жағдайын, халқын жақсы біледі. Сондықтан артылған сенімді толық ақтайды деп сенемін. Сіздерден Серік Зинабекұлының кандидатурасын қолдауыңызды сұраймын, – деді облыс әкімі. Облыс әкімі ұсынған кандидатураны аудандық мәслихаттың депутаттары да бірауыздан қолдап, дұрыс шешім қабылданғанын атады. Депутаттар ауданның жаңа әкімінен аудандағы соңғы төрт-бес жыл көлемінде қордаланған ауылшаруашылық саласын көркейту, әлеуметтік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, кадрлық саясат, идеология, халықпен кері байланыс, шекаралық ауданды дамыту секілді мәселелерді бірінші кезекте шешуді сұрады. – Ауданның бұрынғы басшысы Серік Ақтановқа да рақмет айтамыз. Алдағы қызметте оған табыс тілейміз. Ал Серік Зинабекұлына аудан жақсы таныс, экономиканы жете біледі, кімнің кім екенін біледі, кадрларды дұрыс таңдай алады. Оның үстіне бұрынғы үш аудан қосылған Үржар ауданын басқарып келіп отыр. Сондықтан алда Қазақстанның шығыстағы қақпасы – Зайсан ауданының гүлденіп, көркеюіне тер төгеді, облыс әкімінің сенімін ақтайды деп сенеміз, бастамаларына қолдау білдіреміз, – деді жиында облыстық мәслихаттың депутаты, өңірдің Құрметті азаматы Болатбек Нұрасыл. Ауданның жаңа әкімі Серік Зайнулдин өз сөзінде ең алдымен коронавирусқа қатысты Зайсанда орын алған келеңсіз жағдайға байланысты барша зайсандықтардың атынан облыс әкімінен кешірім сұрады. Ал таяудағы ауданда шығып, бүкіл республикаға әйгіленген коронавирус шуына байланысты әкімдік креслосынан айырылған бұрынғы әкім Серік Ақтановтың енді қандай қызметке барары әзірге белгісіз. Актив жиынынан соң облыс әкімі Даниал Ахметов аудандық әкімдіктің ғимаратында зайсандықтардың ұсынысымен құрылған келісім комиссиясының жиналысын өткізіп, комиссия мүшелерімен, тиісті басқарма басшыларымен бірге шекаралық ауданның алдағы даму бағдарламасын талқылады. Бес жыл көлемінде облыстың шекаралық бес ауданына 207 млрд теңге бөлінетінін айтып, алдағы 10 күн шамасында ауданда тағы да болатынын жеткізді. Келесі ретте аймақ басшысы аудандық орталық ауруханаға барып, денсаулық мекемесінің хирургия, перзентхана және реанимация бөлімдерінің жұмысымен танысты. Осындағы перзентхананы биыл үшінші деңгейден екінші деңгейге көтеру туралы тапсырма берді. Ауруханадағы науқастармен, жергілікті халықпен тілдесіп, хал-жағдайларын, қажетті дәрі-дәрмектің қаншалықты жеткілікті екенін сұрады. Сондай-ақ биыл шетелде біліктілік деңгейін арттырған жас дәрігерлермен де кездесіп, оларға саланы дамытуға қатысты нақты сауалдар қойды. Дәурен АЛЛАБЕРГЕН