СҚО-да 20 адамнан "доңыз" тұмауы анықталды
СҚО-да 20 адамнан "доңыз" тұмауы анықталды
Солтүстік Қазақстан облысында эпидемиологиялық маусым басталғалы 30 мыңға жуық адам жедел респираторлы вирус инфекциясына, 269 адам тұмауға шалдықты. СҚО-да ЖРВИ-мен ауыру 1,6 есе, тұмауды жұқтыру 7,7 есе артқан. СҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаевтың айтуынша, 1 қазан – жаңа эпидемиологиялық маусым басталғалы өңірде 29 581 адам ЖРВИ жұқтырған, өткен жылы 18 мыңға жуық адам ауырған. Сондай-ақ биыл ауырғандардың 65% - 14 жасқа дейінгі бала.
«14 қазаннан бері өңірде грипп жұқтырудың 269 жағдайы тіркелді. Былтыр небәрі 35 адам ауырған еді. Биылғы 20 жағдай «доңыз» тұмауына қатысты. 4 адамға H3N2, яғни «гонконг» тұмауы диагнозы қойылды. Ауырғандардың 52-сі – жүкті әйел, 84-і 14 жасқа дейінгі бала», - дейді Әсет Жұматаев.
Тұмауды жұқтырғандардың басым бөлігі Петропавл қаласының тұрғындары.
«Эпидемиологиялық маусым басталғалы 16 қаңтарға дейін ЖРВИ-мен стационарларда 748 адам жатып, ем алып шықты. Олардың 96-сы жүкті әйел, 599-ы – бала. Жалпы ауырғандардың 65% - балалар. Коронавирус инфекциясы кезінде мектептерде балалар қашықтан білім алды, балабақшалар жұмыс істеген жоқ. Салдарынан балаларда тиісінше иммунитет қалыптаспады. Сондықтан бүгінде олар жиі ауыратын болған», - дейді СҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Құмар Күсемісов.
Облыстың бас дәрігерінің айтуынша, стационарларда тұмаумен 10 адам жатты, тағы алтауы «доңыз» тұмауынан емделген.