Экоеріктінің ерекше бастамасы
Экоеріктінің ерекше бастамасы
358
оқылды
Талдықорған тұрғыны өз еркімен сұрыптап, бөлектеп жиинаған тұрмыстық қатты қалдықтардың кәдеге асыратындарын қабылдаушыларға өткізіп, одан түскен ақшаны қайырымдылық қорларына аударады. Ол осылайша қоқысты сұрыптап, қайта өңдеу арқылы экологияның тазалағына үлес қосып қана қоймай, сырт көмекке мұқтаж жандарға жәрдемдесіп, алғыс арқалауда.  Талдықорғандық экоерікті Ғазиз  Аманжолұлы облыс орталығындағы ғана емес, өңірдегі игі істердің, қайырымдылық қадамдардың, мәдени шаралардың бел ортасынан көрініп, үнемі белсенділігімен ерекшеленіп жүреді. Және ондай істерін жарнамалауға да құштар емес. Содан да болар, Ғазиздің өз үйінен шығатын тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, бөлектеп жинап, қағаз, целлофан, пластик, металл сияқты қайта өңдеуге келетіндерін арнайы мекемелерге өткізіп келе жатқанына 2 жыл болғанын жұрт енді біліп жатыр.   Экоеріктінің айтуынша, сұрыпталған қоқыстан соңғы іріктелген шикізатты қабылдап алушы компанияларға өткізіп, түскен қаржыны қайырымдылық қорларына аударады. Олардың арасында талай жанға үй тарту еткен «Харекет» қоры да бар.
 «Менің бұл бастамам бір оқпен бірнеше қоянды атқандай пайдалы. Үйден шыққан қағаз, металл, пластик, целлофан сияқты қайта өңдеуге жарайтын қалдықтарды сұрыптап, бөшкелер толған кезде арнайы мекемелерден қабылдаушыларға хабарласамын. Олар келіп, жиналған қалдықтарды өлшеп, менен сатып алады. Ал түскен қаржыны бірден  қайырымдылық қорларына жіберемін. Әр келгенде орташа есеппен 2 000-3 000 теңгеге қалдық өткіземін. Әкем жолаушы тасымалдайтындықтан,  күнделікті көлігінде жолаушылардан қалған 5-6 пластик бөтелкені әкеліп береді. Сондықтан пластикке арналған бөшке тез толады.  Сонымен қатар денсаулыққа қауіпті саналатын жарық бергіш шамдар мен  батереяларды да бөлек сұрыптап, арнайы контейнерлерге тастаймын. Қағаздар бір бөлек, целлофандар бір бөлек дегендей.  Осы ісім арқылы экологияға да өз үлесімді қосамын, қайырымдылықты да назарымда ұстаймын», - деген Ғазиз барша азаматтарды осындай сауапты әрі пайдалы іске шақырады.
экоерікті Жалпы, барлығымыз білетіндей, табиғаттың қоқыспен ластануы біздің елдегі ғана емес, бүкіл  әлемдегі басты проблеманың біріне айналып отыр. Дүниежүзіндегі мемлекеттердің аумақтарына, тіпті айдын шалқар теңіздер мен мұхиттарға, асқар таулар мен ормандарға орны толмас зардап тигізуде. Жанған қоқыстардан улы химикаттар бөлініп, ауаны бүлдіріп, жаны барлардың тірлігіне қауіп төндіре бастады. Өкінішке қарай, соның бәрін күнделікті көріп, естіп, оқып жүрген адамдар қоқысты сұрыптау мәдениетін дамыту арқылы табиғатты қорғап, қоршаған ортаны сақтап қалатынымызды естен жиі шығарып алады. Сондықтан талдықорғандық экоеріктінің қайырымды әрі қайырлы қадамын бүкіл ел болып құптаған жөн. «Таза болса табиғат – аман болса адамзат» дегенді жадыда ұстап,  қоршаған ортаны қорғайық!

Болат АБАҒАН

Жетісу облысы.