Республикалық ономастика комиссиясы Астана қаласында жаңадан құрылған аудан мен көшелерге және Жамбыл облысы әкімдігінің Сарысу аудандық Мәдениет үйіне атау беру мәселесін қарады. Республикалық ономастика комиссиясы бірауыздан қолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, комиссияның қарауына мемлекеттік органдардан барлығы 15 ұсыныс келіп түсті. Оның ішінде, Жамбыл облысы әкімдігінің Сарысу аудандық Мәдениет үйіне ақын Майкөт Сандыбайұлының есімін беру туралы ұсынысы қолдау тапты. Сонымен қатар Астана қаласы әкімдігінің ұсынысына сәйкес, елордада жаңадан құрылған ауданға «Нұра» атауы берілді. Астананың Есіл ауданындағы Е-583 көшесін ерлікпен қаза тапқан өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің есімімен атау ұсынысы да қолдау тапты. Ол Астанада өрттен үш адамды құтқарған. Өрт сөндіруші өртке оранған пәтерге жоғарғы қабаттан кіру үшін қорғаныш киімін шешіп, тек дем алу аппаратын ғана алған. Үйден 80 жастағы әжені, 22 жастағы немересін және көрші пәтерде балконға тығылып қалған 10 жасар баланы өрттен аман алып қалған. Астанадағы жаңа көшелер мен алаңдар: 1. Біріккен Ұлттар Ұйымы алаңы; 2. Әл-Фараби даңғылы; 3. Гейдар Алиев көшесі; 4. Асқар Забикулин көшесі; 5. Әскен Нәбиев көшесі; 6. Сырбай Мәуленов көшесі; 7. Мәншүк Мәметова көшесі; 8. Шапық Шөкин көшесі; 9. Санжар Асфендияров көшесі; 10. Бердібек Соқпақбаев көшесі; 11. Бейбарыс Сұлтан көшесі; 12. Мағжан Жұмабаев даңғылы; 13. Қарамерген көшесі.
– «Есімі ел жадында сақталған тұлғалар осылай насихатталуы тиіс. Ономастика саласында атқаратын жұмыс көп, барлығы уақыт шеңберінде жүзеге асады деген сенімдеміз», – деді Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов.Жақын арада комиссияның қорытындысы дайындалып, заңнамаға сәйкес, жұмыстарды жүргізу үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберіледі.