Нью-Делиде күрес түрлерінен Азия чемпионаты аяқталды. Дүбірлі дода 18-23 ақпан аралығында өткен болатын. Қазақстан грек-рим, еркін күрестен және әйелдер күресінен 5 алтын, 2 күміс, 12 қола иеленді. Бұл – күрес тарихындағы бірегей жетістік. Себебі Қазақстанның 14 жыл бойы Азия чемпионатындағы алтын саны үштен аспай келеді. Соңғы рет біздің балуандар 2006 жылы Алматыдағы Азия біріншілігінде 6 алтын алған. Алдымен кілемге шыққан грек-рим күресінің өкілдері болатын. Олар бес жүлдеге қол жеткізді. Алтыннан алқа таққан 77 келіге дейінгі салмақта күрескен Темірлан Шадукаев қана болды. Күміс – 72 келідегі Ибрагим Магомадовте. Қоланы Қорлан Жақанша (55 келі), Азамат Күстібаев (87 келі), Мансұр Шадукаев (130 келі) қанағат тұтты. Күрестің бұл түрі бойынша Қазақстан командалық есепте үшінші орынға тұрақтады. Бірінші орын –Иран. Одан кейінгі сатыға Өзбекстан құрамасы жайғасты. Әйелдер күресінен бұрымды балуандарымыз 8 медаль еншіледі. Бірден екі спортшымыз алтыннан алқа тақты. Үндістанда Әнұранымызды асқақтатқан Татьяна Аманжол (53 келіге дейін) мен Жәмила Бақбергенова (72 келіге дейін) болды. Күміс жүлдеге 62 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Аяулым Қасымова қол жеткізді. Үшінші орынға Алтынай Сатылған (57 келі), Валентина Исламова (50 келі), Марина Зуева (55 келі), Мадина Бақбергенова (59 келі), Эльмира Сыздықова (76 келі) көтерілді. Бұл жолы да командалық есепте Қазақстан үшінші орын алды. Бірінші орын – Жапон құрамасына, екінші орын Үндістан балуандарына бұйырды. Жарысты еркін күрес балуандары түйіндеді. Бес салмақ дәрежесінде бас жүлдені сарапқа салған біздің жігіттер 6 медаль иеленді. Азияда қарсылас шақ келтірмеген Данияр Қайсанов (74 келі) мен Юсуп Батырмырзаев (125 келі) болды. Қалған балуандарымыз қоланы қанағат тұтты. Дәулет Ниязбеков (65 келі), Мейіржан Әшіров (70 келі), Илисхан Чилиев (92 келі) мен Әлішер Ерғали (97 келі) үшінші орынға тұрақтады. Бұл жолы да командалық есепте үшінші орынды қанағат тұттық. Көш басында Иран құрамасы болса, одан кейінгі орынға Үндістан командасы жайғасты. Айта кететін жайт, «классик» Қорлан Жақанша осымен үшінші жыл қатарынан Азия чемпионы атанып отыр. Қоланы қанағат тұтқан еркін күрес балуаны Дәулет Ниязбековтің Азиядан алған жетінші медалі. Ол да Қорлан сияқты үш мәрте чемпион атанған. Татьяна Аманжол үшін де бұл Азияның үшінші алтыны. Бұл жолы финалда екі дүркін әлем чемпионы жапон Мая Мукаидадан жеңіліп жатып, жеңіп кетті. Ал Юсуф Батырмырзаев үшін бұл – алғашқы Азия біріншілігі. Жас балуан халықаралық деңгейдегі бірінші жарысында алдына жан салмады. Барыс НҰРЛАН