128 мың 500 гектар жер қайтарылды
128 мың 500 гектар жер қайтарылды
«AMANAT» партиясының «Жер аманаты» жобасының шарапатын жетісулықтар да сезініп жатыр. Партиялық жо­ба аясында бас-аяғы 4 166 жеке тұлға иелік етіп, пайда­ланусыз жатқан 128 мың 500 гектар жер мемлекетке қай­та­рылды. Мыңдаған гектар жерді ие­ленсе де оның қызығын не өзі, не өзгелерге көрсетпегендерге қарсы күресте облыстық Жер ресурстары департаментінің бағдары айқын. Департаменттегілер жер қатынас­тары саласында мемлекеттік ба­қылауды жүргізуде ғылым мен техниканың соңғы жаңалықтары мен мүмкіндіктерін тиімділікпен пайдаланды. Аэроғарыштық зерттеулер нәтижесінде Жетісу облысы бойынша кәдеге аспаған 857 мың 200 гектар алқап бар екені анықталды. Ел игілігіне айналуы керек осыншама жерге бар-жоғы 4 166 тұлға иелік етіп келген. Осы алқаптарды мемлекет меншігіне қайтарып, қолынан шаруа келетін іскер жандарға бөліп беру бағы­тында өткен жылы бірқатар жұ­мыс қолға алынып, соның нәти­жесінде 128 500 гектар жер мемле­кетке қайтарылыпты. Оның ішін­де 107,6 мың гектар жайылым, 6 мың гектардан астам егістік, 324 гектар шабындық бар. Аудандар арасында Алакөл, Панфилов, Сарқан, Ақсу, Кербұлақ сынды шалғайдағы, халқы негізінен мал өсіріп, жер игеру арқылы күн көріп отырған аймақтарда қарау­сыз қалған, игерілмеген жер көп. Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі былтыр Жетісу облысы бойынша 100 мың гектар жа­йылым жерді мемлекетке қайтару қажеттігін жоспарлаған еді. Бұл жоспар артығымен орындалды. Жайылымдықтарға жүргізілген тексерулер нәтижесінде 107,6 мың гектар жайылым мемлекет мен­шігіне алыныпты. Тағы 22 жер пайдаланушыға жалпы ауданы 78 мың 900 гектар жайылымдыққа қатысты анықталған заңбұзушы­лықтарды 1 жыл ішінде жою жө­нінде нұсқама берілген. Сонымен бірге жерді мақсатты пайдалан­баған субъектілердің тізімі шара қолдану үшін Мемлекеттік кіріс­тер комитетіне жіберіліпті. Ендігі жерде олар Салық кодексінің 503-509-баптарына сәйкес, игер­меген жерлері үшін салықты 20 есеге ұлғайтылған көлемде төлеуге мәжбүр болады. Өңірлік үйлестіру кеңесінде инвестициялық мәрте­бесі алынып тасталған 34 жобаға тиесілі 39,8 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтарып алу мәселесі қарастырылып жатыр. Жетісуда биыл 220 мың гектар жер мемлекетке қайтарылады деген жоспар бар.

Болат АБАҒАН, Жетісу облысы