«AMANAT» партиясының «Жер аманаты» жобасының шарапатын жетісулықтар да сезініп жатыр. Партиялық жоба аясында бас-аяғы 4 166 жеке тұлға иелік етіп, пайдаланусыз жатқан 128 мың 500 гектар жер мемлекетке қайтарылды. Мыңдаған гектар жерді иеленсе де оның қызығын не өзі, не өзгелерге көрсетпегендерге қарсы күресте облыстық Жер ресурстары департаментінің бағдары айқын. Департаменттегілер жер қатынастары саласында мемлекеттік бақылауды жүргізуде ғылым мен техниканың соңғы жаңалықтары мен мүмкіндіктерін тиімділікпен пайдаланды. Аэроғарыштық зерттеулер нәтижесінде Жетісу облысы бойынша кәдеге аспаған 857 мың 200 гектар алқап бар екені анықталды. Ел игілігіне айналуы керек осыншама жерге бар-жоғы 4 166 тұлға иелік етіп келген. Осы алқаптарды мемлекет меншігіне қайтарып, қолынан шаруа келетін іскер жандарға бөліп беру бағытында өткен жылы бірқатар жұмыс қолға алынып, соның нәтижесінде 128 500 гектар жер мемлекетке қайтарылыпты. Оның ішінде 107,6 мың гектар жайылым, 6 мың гектардан астам егістік, 324 гектар шабындық бар. Аудандар арасында Алакөл, Панфилов, Сарқан, Ақсу, Кербұлақ сынды шалғайдағы, халқы негізінен мал өсіріп, жер игеру арқылы күн көріп отырған аймақтарда қараусыз қалған, игерілмеген жер көп. Ауыл шаруашылығы министрлігі былтыр Жетісу облысы бойынша 100 мың гектар жайылым жерді мемлекетке қайтару қажеттігін жоспарлаған еді. Бұл жоспар артығымен орындалды. Жайылымдықтарға жүргізілген тексерулер нәтижесінде 107,6 мың гектар жайылым мемлекет меншігіне алыныпты. Тағы 22 жер пайдаланушыға жалпы ауданы 78 мың 900 гектар жайылымдыққа қатысты анықталған заңбұзушылықтарды 1 жыл ішінде жою жөнінде нұсқама берілген. Сонымен бірге жерді мақсатты пайдаланбаған субъектілердің тізімі шара қолдану үшін Мемлекеттік кірістер комитетіне жіберіліпті. Ендігі жерде олар Салық кодексінің 503-509-баптарына сәйкес, игермеген жерлері үшін салықты 20 есеге ұлғайтылған көлемде төлеуге мәжбүр болады. Өңірлік үйлестіру кеңесінде инвестициялық мәртебесі алынып тасталған 34 жобаға тиесілі 39,8 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтарып алу мәселесі қарастырылып жатыр. Жетісуда биыл 220 мың гектар жер мемлекетке қайтарылады деген жоспар бар.
Болат АБАҒАН, Жетісу облысы