Сыр қазақтарының тарихынан сыр шертеді
Сыр қазақтарының тарихынан сыр шертеді
385
оқылды
Ұлттық кітапханада этнограф-ғалым Тәттігүл Картаеваның «Сыр-Арал этно­графиясы» атты кітабының таныстырылымы өтті. Кітап Мә­дениет және спорт министрлігінің қолдауымен жарық көрген. Тәттігүл Картаева – Әл-Фара­би атындағы Қазақ ұлттық университеті Археология, этно­логия және музеология кафе­дра­сының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты, «Музеология және ескерткіш­тану» ғылыми-зерттеу орта­лығы­ның жетекшісі. «Сыр-Арал этнографиясы» атты зерттеу еңбегінде ХІХ ғасыр – ХХ ғасырдың басындағы Сырдария өзенінің төменгі ағысы бойы, Арал теңізінің шығыс, солтүс­тік-шығыс жағалауы қазақтары­ның дәстүрлі этнографиясы, өңірдегі қазақ ауылдарының дәстүрлі келбеті сипатталған. Сыр-Арал өңірі қазақтарының ру-тайпалық құрамы, тарихи дәуірлерде орын алған көші-қон ағымдары, дәстүрлі шаруа­шылығы, мерзімдік қонысқа көші-қоны, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптағы аймақтық ерекшелігі кешенді түрде қарастырылған. Сыр-Арал қазақтарының ай­мақ­тық ерекшелігін айғақтай­тын этнографиялық ескерткіш­тер далалық зерттеулер мате­риал­дары негізінде айғақталған. Кітаптың таныс­тыры­лымын­да киіз үй тігу, киіз үйдің шаңырағын сәндеу мәде­ниеті­мен, суды пайдалану әдістері, со­ның ішінде құдық қазу және оның қабырғасын тас, кірпіш­пен қалау, сондай-ақ жүзгін, көкбұта, сексеуіл, тораңғымен шегендеу сияқты табиғатты иге­ру­мен байланысты қазақ хал­қының дәстүрлі білім жүйе­сінің аймақтық және жергілікті жерге тән ерекшелігімен таныс­тыратын көрме өтті. Аймақты зерттеу барысында белсенді қол­да­ныстағы құдық түрле­рі­мен қатар, жойылу қаупі бар және шұғыл қорғауды қажет ететін кейбір қарауыл-құдық түрлері анықталды. Қызылқұм, Арал аймағында тұратын қазақ­тардың мал қора соғу, түйені таңбалау арқылы тіркеуге алу сияқты шаруашылық жүргізу қыз­метінің түрлері, сондай-ақ үй кәсіпшілігін жүргізуі және күнделікті өмір мен тұрмыстағы дәстүрлерді көрсететін фото­сурет­тер қойылды. Бұдан бөлек іс-шарада Сыр-Арал қазақ­тары­на тән ұсталық және зергерлік өнер бұйым түрлері көрсетілді.