Нәтижелі кездесулер жалғасын тапты
Нәтижелі кездесулер жалғасын тапты
346
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмір­ліктеріне сапары аясында бірқатар лауазымды тұлғалармен кездесіп, келіссөздер жүргізді. Сондай-ақ Әмірліктердің Сауда-өнеркәсіп па­латалары федерациясы ұйымдастырған Қазақстан – БАӘ инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты. Әуелі Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен келіссөз жүр­гізді. Қасым-Жомарт Тоқаевты салта­натты қарсы алу рәсімі «Әл-Уатан» са­райында өтті. Салтанатты қарсы алу рәсімінен кейін екі ел басшылары кеңей­тілген құрамда келіссөз жүргізді. Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қазақстан мен БАӘ арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толғанын еске салды. Сонымен бір­ге осы кезеңде түрлі саладағы ынты­мақ­тастық нығая түскенін, екі ел ара­сында мазмұнды әрі ашық саяси диалог орнағанын атап өтті. Өз кезегінде Біріккен Араб Әмір­ліктерінің Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян 1992 жылы дип­ломатиялық қарым-қатынас орна­тылғаннан бері екі елдің ынтымақ­тастығы жоғары деңгейге көтерілгеніне тоқталып, Қазақстанмен саяси және экономикалық байланыстар аясын кеңейтуге ниетті екенін жеткізді.
– Елдеріміздің энергетика, ғарыш, технология, сауда салаларындағы ын­тымақтастық әлеуеті жоғары деп са­наймыз. Осы сапар барысында жаңар­тылатын энергия саласында маңызды құжаттарға қол қойылды. Келісілген жобалардың толыққанды жүзеге аса­тынына зор үміт артамын. Елдеріміздің ауаға таралатын көміртегі мөлшерін азайту жөніндегі жоспарлары да ұқсас. Біріккен Араб Әмірліктері көміртегі бейтараптығына 2050 жылға дейін жетуді жоспарласа, Қазақстан бұл мақ­сатты 2060 жылға дейін орындауды көздеп отыр. Бұл – біздің болашақ ұрпақ үшін өте маңызды мәселе, – деді Бірік­кен Араб Әмірліктерінің Президенті.
Келіссөз барысында Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің арасында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың басым бағыттары талқыланды. Атап айтқанда, тараптар жаңартылатын энергетика, азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығы, тау-кен, көлік-логистика, құрылыс-девелопмент және халықаралық қаржы орталықтары арасындағы ынтымақтастық сынды перспективалы салалар бойынша екіжақты ынтымақтастықты нығайту жөнінде уағдаласты. Екіжақты ынтымақтастықтың басқа да басым бағыттары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянның Бірлескен мәлімдемесінде жарияланды. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ Вице-президенті, Премьер-министрі, Дубай әмірлігінің билеушісі шейх Мұхам­мед бен Рашид Әл Мактуммен кездесті. Мемлекет басшысы кездесуде Біріккен Араб Әмірліктеріне жасаған ресми сапары аясында нәтижелі келіссөздер жүргізілгенін және екі ел арасында маңызды екіжақты келісімдерге қол жеткізілгенін атап өтті. Әңгімелесу барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» ха­лықаралық қаржы орталығы Әмірліктердің басты қаржы институттарымен қарым-қатынас орнатқанына тоқталып, екі елдің іскер топтары арасындағы байланысты жандандыру мәселесіне назар аударды. Тоқаев Өз кезегінде шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактум Қазақстан мен Әмір­ліктер арасындағы экономикалық ынты­мақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді. Кездесу соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ Вице-президенті, Премьер-министрі, Дубай әмірлігінің билеушісін Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. Шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактум Президенттің шақыруын қабыл алып, Қазақстанға сапар шегу зор мәртебе екенін айтты. Мұнан бөлек Президент ресми сапары аясында БАӘ Премьер-министрінің орын­басары шейх Мансұр бен Заид Әл Нахаян­мен де кездесті. Кездесу барысында Мемлекет басшы­сының БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид әл Нахаянмен бүгінгі келіссөзінде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселелері талқыланды. Әңгімелесу барысында Қазақстан мен Әмірліктер арасындағы сауда-экономика­лық және инвестициялық қарым-қатынас­ты одан әрі нығайтудың маңызды екені атап өтілді. Мемлекет басшысы Masdar компания­сының бас атқарушы директоры Мұхаммед Әл-Рамахимен де кездесті. Кездесу барысында энергетика сала­сын­дағы бірлескен жобаны жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Мемлекет басшысы Қазақстан 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді, сондай-ақ 2030 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 4 пайыздан 15 пайызға дейін арттыруды көздеп отырғанын айтты. Сонымен қатар Президент Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен KIDF қоры және Masdar компанияcы арасында қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандум толыққанды жүзеге асырылатынына сенім білдірді. Осы құжат­қа сәйкес, Түркістан және Жамбыл облыс­тарында қуаттылығы 1 ГВт жел электр станциясын салу жөніндегі бірлескен жобаны іске асыру жоспарланып отыр. БАӘ ресми сапары кезінде Мемлекет басшысы Қазақстан – БАӘ инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты. Президент өз сөзінде Қазақстан – БАӘ инвестициялық дөңгелек үстелінің қа­тысушыларына ілтипат білдіріп, жиынды ұйымдастырғаны үшін Әмірліктердің Сауда-өнеркәсіп палаталары феде­рация­сына алғыс айтты. Сондай-ақ Әмірліктер­мен арадағы қарқынды ынтымақтастыққа жоғары баға берді.
– Қазақстан мен Біріккен Араб Әмір­ліктері арасындағы серіктестік екі негізден тұрады: бірі, орасан зор экономикалық әлеует пен іскерлік мүдделер, екіншісі, өзара құрмет пен ортақ құндылықтар. Елдеріміз арасында орнаған қатынастар 30 жылдан бері жоғары деңгейде жалғасып келеді. БАӘ – біздің негізгі аймақтық сауда-экономикалық серіктесіміз. Бұл кездейсоқ емес. БАӘ Қазақстанға шамамен 3 миллиард доллар инвестиция құйды, ал Қазақстан БАӘ-ге миллиард доллардан астам инвестиция салды. 2022 жылдың аяғында елдеріміз арасындағы тауар айналымы шамамен 600 миллион долларға жетті. Бұл үлкен жетістік. Дегенмен әлі де арттыра түсуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен бүгінгі кездесу барысында тауар айналымын 1 миллиард долларға дейін жеткізу үшін күш салуға шешім қабылданғанын мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен БАӘ арасындағы іскерлік ынтымақтас­тықты одан әрі нығайта алатын негізгі бағыттарды атап өтті. Оның айтуынша, біздің еліміз ауыл шаруашылығы саласын­дағы серіктестікке үлкен үміт артып отыр. Қазақстан органикалық ауыл шаруа­шылығы өнімдерін өндіріп, оны БАӘ нарығына жеткізуге дайын. Мемлекет басшысы Әмірліктердің Қазақстанда бұрыннан жұмыс істеп жатқан және басқа да кәсіпорындарын тамақ өнеркәсібіне инвестиция салуға шақырды. кездесулер Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен БАӘ-нің көміртегі бей­тарап­тығына қатысты ұстанымдары ортақ екенін атап өтті. Мемлекет басшысы Климаттың өзгеру мәселелері жөніндегі БҰҰ 28-конференциясын (COP28) БАӘ-нің табысты өткізуіне тілектестік білдірді. Президент геосаяси шиеленістерден туындаған жеткізу тізбегіндегі келеңсіз­діктер логистикалық және көлік желілері мен жобаларының маңызын арттырды деп санайды. Оның пікірінше, Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақты, Орталық Азия мен Қытайды қоса алғанда, миллиардтан астам тұтынушысы бар на­рық­тарға тікелей шығатын қақпа саналады.
– Орталық Азия – болашағы зор әрі қарқынды дамып келе жатқан үлкен аймақ. Біз Орталық Азиядағы сауда-саттық пен байланыстарымызды нығайту үшін бірқатар трансшекаралық сауда-логис­тика­лық орталық салуды жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, Қазақстан – сапалы жолдарға мұқтаж үлкен мемлекет. Көршілерімізбен және Еуропалық Одақ­пен бірлесе отырып, «Цифрлы көлік дәлізін» құру жұмыстарын жүргізіп жатыр­мыз. Біздің мақсатымыз – кедергілердің бәрін жою және Шығыс пен Батыс, Сол­түстік пен Оңтүстік бағыттарын қауіпсіз түрде байланыстыру. Өзара қарым-қаты­настардың дамып, нығаюы Әмірліктер компанияларына пайдалы болатыны сөзсіз. Сондықтан елімізде теңіз және порт инфрақұрылымын құру жөніндегі Abu Dhabi Ports компаниясымен ынтымақ­тастығымызды толық қолдаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, еліміз Орталық Азия аймағында техно­логиялық хабқа айналуға ұмтылады.
– Біздің дамуымыздың жаңа бағыты экономика мен мемлекеттік қызметтерді ауқымды түрде цифрландыруға негізделген. БҰҰ-ның бағалауына сәйкес Қазақстан электронды үкіметті дамыту жөнінен әлемде 28-орында, ал онлайн қызмет көрсетуден 8-орында тұр. Қысқамерзімді болашақта цифрландыру ісі 150 мың жұмыс орнын ашып, экономикалық дамуымыздың негізі болмақ. Біз Әмірлік­тер­дің осы саладағы жетекші компания­ларының тәжірибесін пайдаланғымыз келеді. G42 жасанды интеллектісін, деректерді басқару жүйесін, денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру жөніндегі ынтымақтастығымыз бізді алда не күтіп тұрғанының жарқын мысалы бола алады, – деді Президент.
Сонымен қатар жиын барысында БАӘ тарапынан бірқатар мемлекеттік лауазым­ды тұлғалар мен коммерциялық ұйым жетекшілері сөз сөйледі.