Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктеріне сапары аясында бірқатар лауазымды тұлғалармен кездесіп, келіссөздер жүргізді. Сондай-ақ Әмірліктердің Сауда-өнеркәсіп палаталары федерациясы ұйымдастырған Қазақстан – БАӘ инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты. Әуелі Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты қарсы алу рәсімі «Әл-Уатан» сарайында өтті. Салтанатты қарсы алу рәсімінен кейін екі ел басшылары кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қазақстан мен БАӘ арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толғанын еске салды. Сонымен бірге осы кезеңде түрлі саладағы ынтымақтастық нығая түскенін, екі ел арасында мазмұнды әрі ашық саяси диалог орнағанын атап өтті. Өз кезегінде Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян 1992 жылы дипломатиялық қарым-қатынас орнатылғаннан бері екі елдің ынтымақтастығы жоғары деңгейге көтерілгеніне тоқталып, Қазақстанмен саяси және экономикалық байланыстар аясын кеңейтуге ниетті екенін жеткізді.
– Елдеріміздің энергетика, ғарыш, технология, сауда салаларындағы ынтымақтастық әлеуеті жоғары деп санаймыз. Осы сапар барысында жаңартылатын энергия саласында маңызды құжаттарға қол қойылды. Келісілген жобалардың толыққанды жүзеге асатынына зор үміт артамын. Елдеріміздің ауаға таралатын көміртегі мөлшерін азайту жөніндегі жоспарлары да ұқсас. Біріккен Араб Әмірліктері көміртегі бейтараптығына 2050 жылға дейін жетуді жоспарласа, Қазақстан бұл мақсатты 2060 жылға дейін орындауды көздеп отыр. Бұл – біздің болашақ ұрпақ үшін өте маңызды мәселе, – деді Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті.Келіссөз барысында Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің арасында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың басым бағыттары талқыланды. Атап айтқанда, тараптар жаңартылатын энергетика, азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығы, тау-кен, көлік-логистика, құрылыс-девелопмент және халықаралық қаржы орталықтары арасындағы ынтымақтастық сынды перспективалы салалар бойынша екіжақты ынтымақтастықты нығайту жөнінде уағдаласты. Екіжақты ынтымақтастықтың басқа да басым бағыттары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянның Бірлескен мәлімдемесінде жарияланды. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ Вице-президенті, Премьер-министрі, Дубай әмірлігінің билеушісі шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактуммен кездесті. Мемлекет басшысы кездесуде Біріккен Араб Әмірліктеріне жасаған ресми сапары аясында нәтижелі келіссөздер жүргізілгенін және екі ел арасында маңызды екіжақты келісімдерге қол жеткізілгенін атап өтті. Әңгімелесу барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» халықаралық қаржы орталығы Әмірліктердің басты қаржы институттарымен қарым-қатынас орнатқанына тоқталып, екі елдің іскер топтары арасындағы байланысты жандандыру мәселесіне назар аударды.
– Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы серіктестік екі негізден тұрады: бірі, орасан зор экономикалық әлеует пен іскерлік мүдделер, екіншісі, өзара құрмет пен ортақ құндылықтар. Елдеріміз арасында орнаған қатынастар 30 жылдан бері жоғары деңгейде жалғасып келеді. БАӘ – біздің негізгі аймақтық сауда-экономикалық серіктесіміз. Бұл кездейсоқ емес. БАӘ Қазақстанға шамамен 3 миллиард доллар инвестиция құйды, ал Қазақстан БАӘ-ге миллиард доллардан астам инвестиция салды. 2022 жылдың аяғында елдеріміз арасындағы тауар айналымы шамамен 600 миллион долларға жетті. Бұл үлкен жетістік. Дегенмен әлі де арттыра түсуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Мемлекет басшысы шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен бүгінгі кездесу барысында тауар айналымын 1 миллиард долларға дейін жеткізу үшін күш салуға шешім қабылданғанын мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен БАӘ арасындағы іскерлік ынтымақтастықты одан әрі нығайта алатын негізгі бағыттарды атап өтті. Оның айтуынша, біздің еліміз ауыл шаруашылығы саласындағы серіктестікке үлкен үміт артып отыр. Қазақстан органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп, оны БАӘ нарығына жеткізуге дайын. Мемлекет басшысы Әмірліктердің Қазақстанда бұрыннан жұмыс істеп жатқан және басқа да кәсіпорындарын тамақ өнеркәсібіне инвестиция салуға шақырды.
– Орталық Азия – болашағы зор әрі қарқынды дамып келе жатқан үлкен аймақ. Біз Орталық Азиядағы сауда-саттық пен байланыстарымызды нығайту үшін бірқатар трансшекаралық сауда-логистикалық орталық салуды жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, Қазақстан – сапалы жолдарға мұқтаж үлкен мемлекет. Көршілерімізбен және Еуропалық Одақпен бірлесе отырып, «Цифрлы көлік дәлізін» құру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Біздің мақсатымыз – кедергілердің бәрін жою және Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік бағыттарын қауіпсіз түрде байланыстыру. Өзара қарым-қатынастардың дамып, нығаюы Әмірліктер компанияларына пайдалы болатыны сөзсіз. Сондықтан елімізде теңіз және порт инфрақұрылымын құру жөніндегі Abu Dhabi Ports компаниясымен ынтымақтастығымызды толық қолдаймын, – деді Мемлекет басшысы.Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, еліміз Орталық Азия аймағында технологиялық хабқа айналуға ұмтылады.
– Біздің дамуымыздың жаңа бағыты экономика мен мемлекеттік қызметтерді ауқымды түрде цифрландыруға негізделген. БҰҰ-ның бағалауына сәйкес Қазақстан электронды үкіметті дамыту жөнінен әлемде 28-орында, ал онлайн қызмет көрсетуден 8-орында тұр. Қысқамерзімді болашақта цифрландыру ісі 150 мың жұмыс орнын ашып, экономикалық дамуымыздың негізі болмақ. Біз Әмірліктердің осы саладағы жетекші компанияларының тәжірибесін пайдаланғымыз келеді. G42 жасанды интеллектісін, деректерді басқару жүйесін, денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру жөніндегі ынтымақтастығымыз бізді алда не күтіп тұрғанының жарқын мысалы бола алады, – деді Президент.Сонымен қатар жиын барысында БАӘ тарапынан бірқатар мемлекеттік лауазымды тұлғалар мен коммерциялық ұйым жетекшілері сөз сөйледі.