Доуланы батыста mom for moms, яғни аналардың «анасы» деп атайды. Өйткені аналар сәбидің қалай қамын ойлап, жайын баптаса, доула да жүкті әйелге дәл солай бәйек болып, босану процесінің барынша дұрыс әрі асқынусыз өтуіне жағдай жасайды. Оны акушермен шатастыруға болмайды: доула медицина маманы емес, сондықтан ол босану процесіне араласа алмайды. АҚШ пен Еуропа елдерінде доуланың көмегіне жүгіну қалыпты жайт саналса, бізде соңғы үш-төрт жылда ғана бұл қызмет түрі қанат жайып келеді. Бүгінде елімізде осындай кәсіби мамандарды даярлайтын «Моя доула» атты жалғыз орталық бар. Жуырда сол мекеменің оқытушысы, тәжірибелі доула Динара Батышева бізбен өз ісінің қыр-сырымен былайша бөлісті:
Бортсерік, банк қызметкері, доула...
2013 жылы қайынсіңлімнің босанудағы серіктесі болып кірдім. Өзімнің қыздарымды босанарда, көп қателік жіберіп, процесс ауыр өткен болатын. Әдетті әрбір әйел тек өзінің босануына куә болады ғой, «босану қиын, ұзақ» деген тұжырымдарды да өз басынан өткен жайтқа қарап жасайды. Мен де солай ойлап жүргенмін, қайынсіңліме серіктес болғаннан кейін бұл процестің де ретін тапса жайлырақ, жеңілірек бола алатынына көзім жетті. Бұдан соң басқа да туыстарымның, құрбыларымның босануы кезінде серіктес ретінде көмектесе бастадым. 2020 жылы Алматыдағы «Моя доула» орталығына келіп, курсын оқығанымда, менің істеп жүрген ісім өз алдына бір мамандық екенін түсіндім.
Негізі, бұған дейін бортсерік болып та, банк қызметкері болып та жұмыс істегенмін. Доулалыққа келген соң нақ өзімнің жаныма жақын саланы тапқанымды ұқтым.
Әйелге кейде өзінен артық сенеміз
Доула дегеніміз – жүктілік пен босану кезінде әйелге эмоциялық және физикалық қолдау көрсететін көмекші. Негізі, аты бейтаныс болғанымен, заты қазаққа жат емес. Бізде бұрыннан-ақ аналарымыз жалғыз босанбаған, жанында ас-суын әперіп, білгенін үйреніп, міндетті түрде жеңгелері, болмаса апалары жүрген.
Біздің, яғни доуланың міндеті – әйелді босану кезінде дұрыс тыныс алуға үйрету, массаж жасап, денесін босаңсытуға көмектесу, жалғыз емесін сезіндіру, эмпатия көрсету. Босанып жатқан әйел «Болды, енді күшім жоқ, менің қолымнан келмейді» деп сылқ құлай кеткенде, керісінше, бұл – мәреге әне-міне жеттік деген сөз. Сонда әйелге сөзбен, іспен қолдау беріп, ақырғы күш-жігерін жинауына, сөйтіп сәбиін өмірге аман-сау әрі табиғи жолмен әкелуіне жағдай жасаймыз. Кейде әйелге өзінен артық сенеміз. Әйелге де керегі – дәл сол сенім.
19 сағат толғатқан кезіміз болды
Доуланың қызметіне алғаш рет босанғалы отырған аналар жүгінеді деген жаңсақ пікір бар. Негізі, біздің көмегімізді керек ететіндердің көбі – кесарь тілігінен кейін табиғи жолмен босануды мақсат еткендер. Бірнеше рет табиғи жолмен босанып, бірақ онысы ауыр өтсе де, әйел келесіде босануға қорқып қалады, ондай жағдайда да доуланың көмегі зор.
Біздің қызметіміз бір немесе екі кездесуден тұрады. Дәрігер болжамды босанар уақытты белгілегеннен бастап, перзентханаға шығарға дейін әйелмен күні-түні байланыста боламыз. Әр босану әртүрлі. Адамдар әдетте таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін жұмыста боламын деп жоспарлай алса, бізде басқаша. Тәуліктің қай кезінде де, таңда да, түнде де, демалыста да, жұмыс күнінде де біз іске кірісуге дайын отырамыз. Жұмысымыз 1-2 сағатқа созыла ма, әлде 12-20 сағат бойы жалғаса ма, оны да алдын ала біле алмаймыз. Бір әйелді босандырарда 19 сағат бойы қиналғанбыз. Бірақ сол ісіміздің ең басты марапаты – шақалақты көргенде, барлық қиындық бір сәтте есіңнен шығып кетеді.
Жүкті әйелдер қандай қателік жібереді?
Әйелдердің босанарда ең жиі жіберетін қателігі – перзентханаға ерте бару. Толғақ бес минут сайын қысқанда және оның ұзақтығы 1 минуттан болғанда ғана үйден шыға беруге болады. Оған дейін әйелге тыныш, қараңғы, жылы әрі қауіпсіз жерде болған абзал, ал ондай мекен – үй ғана.
Неліктен босанар алдында әйелдің тыныш, қараңғы, жылы әрі қауіпсіз мекенде болғаны маңызды? Себебі әйелде босану процесіне аса қажет окситоцин гормоны көп бөлінуі керек, оны «бақыт гормоны» деп те атайды. Бұл гормон тыныш, қараңғы, жылы әрі қауіпсіз жерде жақсы бөлінеді. Әйелдердің көбіне күндіз емес, түнде не таң алдында босануы да осы себептен. Күндіз әрі-бері қозғалыс көп, шу көп, мұның бәрі окситоциннің бөлінуіне кедергі келтіреді, сондықтан толғақ та күндіз әлсіз болады.
Әйелдердің жіберетін тағы бір қателігі басына «мен босана алмауым мүмкін, ол өте қиын» деген ойды қондырып алуынан шығады. Мұның бәрі процеспен жете таныспағандықтан. Босануы ауыр өткен әпкесінің, апасының, құрбысының әңгімесін естіп алып, ондай қорытынды шығара салуға болмайды. Мысалы, біз өзімізге белгісіз қараңғы бөлмеге кірсек, міндетті түрде үстелге, диванға, орындыққа соғысамыз. Ал әлгі бөлмеде не бар екенін алдын ала білсек, қараңғыда да ешқайда соғыспаймыз ғой. Дәл сол секілді, босанар алдында да оның техникасын егжей-тегжейлі үйреніп, дайындықпен барсақ, бәрі де ойдағыдай өтеді.
4-5 келілік сәби мақтаныш емес
Жүкті әйелдің дайындығы неден басталуы керек? Біріншіден, дұрыс тамақтанғаны жөн. Аяғы ауыр кезде көп келіншек тәттіге, ұннан пісірілген тағамдарға үйір болады. Одан іштегі бала да өсіп кетеді. Бізде салмағы 4-5 келі бала туса, «о, міне, батыр дүниеге келді» деп қуанып жатады, бірақ ол ешқандай мақтаныш қылатын көрсеткіш емес. Артық салмақпен туған балаларда да салмағы өте аз балалар сияқты, белгілі бір асқынулар, денсаулығында ақаулар болуы мүмкін, кейбірінің қанындағы қант мөлшері жоғарылап кетеді.
Екіншіден, жүкті кезде дұрыстап тыныс алуды үйренуі қажет. Әже-апаларымыз «сен жүктісің, сондықтан екі адам үшін тамақтан» деп әйелдің аузына әрнені тоса береді. Оның орнына екі адам үшін тыныстап үйренсе, әлдеқайда пайдалы болар еді.
Отбасының қолдауы босанған соң да маңызды
Доула сақтауы тиіс бірнеше этикет нормасы бар. Оның бірі – ешқашан дәрігердің жұмысына араласпау. Доула босану бөлмесінде дәрігерге де, әйелге де бөгет жасамай жүруі керек, былайша айтқанда, әйелдің «көлеңкесі» ғана іспеттес. Тағы бір ереже – ешқашан әйелді сатпауымыз тиіс. Яғни, өзінің өміріндегі ең бір маңызды шақта саған сенім білдірген әйелдің көңіліне кірбің түсірер кез келген істен сақтанамыз: босанар уақыт таяғанда қаладан кетіп қалуға болмайды, босанар кезде әйелдің айналасынан ұзауға болмайды, ол не айтса да, бір әркез соның жағындамыз.
Кейбір әйелдер босанарда серіктес ретінде анасын, енесін, енді бірі жолдасын кіргізіп жатады. Анаңды немесе енеңді кіргізу – нашар идея дер едім, өйткені ондайда көбіне босанып жатқан әйел өз баласын емес, сол кісінің жағдайын ойлап кетеді. Ал жолдасына келсек, босану процесін көтерер алатын ер адам бар, көтере алмайтындар да бар. Әйелінің қиналып жатқанын көру, бірақ оған ешқалай көмектесе алмайтынын сезу ер адамға оңай емес.
Есесіне жолдасының, енесінің, анасының қолдауы босанғаннан кейін көбірек керек. Қазақта жас босанған ананы қырық күн бойы күтеді, оны суықтан қорғап, қалжасын беріп, өз-өзіне келуіне көмектеседі. Жүктілік кезінде әйел ағзасына жиналған релаксин гормоны босанғаннан соң термен сыртқа шығады. Сол себепті де босанғаннан кейін әйелдің жылы жүріп, әбден терлеп, өз қалпына келуі – маңызды кезең. «Қалжалы әйелден – олжалы ұл» деген сөз бекерге айтылмаған. Әйелдің жақындары оған неғұрлым көбірек қолдау көрсеткен сайын ана да сарқылған қуатын соғұрлым тезірек қайта толықтырып, қатарға қосылады.