Оқулық оңалмай, оқу ісі озбайды
Оқулық оңалмай, оқу ісі озбайды
475
оқылды
«AMANAT» партиясы жа­нындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәсе­лелері жөніндегі республи­калық қоғамдық кеңестің осы аптада өткен отырысы оқу­лықтардың сапасын және білім беру мазмұнын қамтамасыз ету мәселе­леріне арналды. Жиынды кеңес төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Жұл­дыз Сүлейменова жүргізіп отырды. Күн тәртібіндегі мәселе соң­ғы 5-6 жылда өзекті бола түскені жасырын емес. Өйткені оқулық­тарда өріп жүрген қателерді жіберетіндер боп келді. Жиында мұндай қателерге 2016 жылдан бастап жол беріле бастағаны айтылды. Бүгінде Оқу-ағарту министрлігі осы олқылықтық орнын толтыру үшін жаңаша бағыттағы жаңғырту жұмыста­рын қолға ала бастаған екен.
«Бүгінгі жиынға министр­лік­тің өкілдері де, Ыбырай Алты­нсарин атындағы Ұлттық бі­лім академиясының, Респуб­ликалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау ор­та­лығының (РҒПБМСО), оқулық басумен айналысатын ірі-ірі бас­паханалардың жауапты қыз­меткерлері, Мәжіліс депутат­тары, білім беру саласындағы қоғам белсенділері мен кеңестің өңірлердегі мүшелері де қа­тысып отыр. Сондықтан да бұл мәселе кеңінен талқыланып, тиісті ұсыныстар әзірленеді. Министрлік былтырдан бастап оқулық жазу ісіндегі осыдан 6 жыл бұрын жіберілген қателік­терді түзетуге кіріскен екен. Ен­деше сол қателіктерді қайта­ламау және білім мазмұнындағы жаңа бағдарламаны жасау үшін бүгінгі жиынның маңызы зор деп білемін. Бүгін біз техникалық пәндер бойынша әзірленген оқулықтар мәселесін сөз ете­міз», – деді кеңес төрағасы Жұлдыз Сүлейменова.
Жиын басында Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының прези­денті Мадина Тыныбаева мен Оқу-ағарту министрлігінің РҒПБМСО директоры Елдос Нұрланов баяндама жасады. Мадина Ағланқызы орта білім мазмұнына өзгеріс енгізу жайын сөз етті: «Ана тілін бірінші тіл ре­тінде білу басқа тілдерді та­быс­ты меңгеруге негіз болады. Сол себепті де орыс тілі пәні 2-сыныптан, ағылшын тілі пәні 3-сыныптан бастап енгізіледі. 1-4-сынып оқушылары үшін «Көркем еңбек», «Бейнелеу өнері» және «Еңбекке баулу» сабақтары бөлек-бөлек оқыты­лады. Оқу жылында бір күнге түсетін оқу жүктемесін азайту үшін және өткен материалдарды бекіту және қайталауға арналған қосымша сағаттарды ұлғайту есебінен оқу жылының ұзақтығы 34 аптадан 36 аптаға созылды. Жүзеге асырылып жатқан жаң­ғырту жұмыстарында халық­аралық білім стандарттарына сәйкес білім алушыға түсетін оқу жүктемесін азайту қарас­тырылған. STEM-дік білім беру тәсілдері негізінде жаратылыс­тану-математикалық пәндерді оқытуға күш салынады», – деді ол. Ал Елдос Болатханұлы оқу­лық сапасын арттыру шара­ларына тоқталды. Ол оқулықққа және жасап шығарушыларға қойы­латын талаптарды жетіл­діре түсу, мемлекеттік сараптама жүйесін жетілдіре түсу және ци­фрлы контенттерді толтыру мәселесін қозғап, оқулық әзір­леудегі мәселелер мен оларды шешу жолдарын қозғады. Мә­селен, бұған дейін қазақ тіліндегі оқулықтар мен оқу – әдіс­темелік кешендердің біразы әуелі орыс тілінде дайындалып, кейін­нен мемлекеттік тілге ау­да­рылып са­­раптамаға ұсыныл­ған екен. Оларды көп ретте ға­лымдар мен практик-ғалым­дар жазған. Ав­тор­лардың оқу­лық теориясы бо­йын­ша жүйелі түрде дайын­дығы болмаған. Сондай-ақ заң­на­­маларда бас­паханалардың жауап­кершілігі нақтылан­баған.
«Қайсыбір проблеманы ше­шу үшін оның жолдарын іздеуі­міз керек. Мұнда тек отандық қана емес, халықаралық тәжіри­бенің де қажеті болатыны рас. Осы ретте елімізде 2020 жылдың қыркүйегінен 2021 жылдың жел­­тоқсанына дейін Дүниежүзі­лік банк­тің жобасы жүзеге асқан болатын. Соның аясында қаржы ұйымының конкурс жариялауы­мен халықаралық сарапшылар тартылып, олар біздегі жүйені халық­аралық тәжірибеде ілгері кеткен елдердің жүйесімен са­лыстыра саралап, бізге өз ұсы­ныстарын берді. Оны біз әртүрлі жұмыс құралдары ретінде рә­сімдеп алдық. Бізге үлгі ретінде ұсынылған білім тәжірибесі озық бұл елдер – Канада, Син­гапур, Гонконг, Финляндия және Ұлы­британия», – дейді РҒПБМСО директоры Елдос Нурланов.
Оның айтуынша, оқулық сапасына қатысты мәселелерді шешу үшін былтырғы 5 сәуірде сол кездегі БҒМ-ның №132 бұй­рығымен оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешеннің мазмұны­на қойылатын талаптар бекітіл­ген екен. Сол құжатта қазақша оқулықтар мен оқу құралдарын әу бастан қазақ тілінде дайындау талабы қойылған. Ал оқулықты дайындауда авторлық құрамға міндетті түрде 1 ғалым мен 2 практик педагог маман қосыл­мақ және олар пән мазмұнын толық игеруі тиіс. Осы мақсатта 1,5 мың автор арнайы оқу курс­тарынан өткен екен. Бас­паха­наларға бірінші оқу жы­лында анықталған полиграфия­лық ақаулары бар оқулықтарды өз есебінен алмастыру міндеті жүктелді.
«Мемлекеттік сараптау жүйе­сі бес кезеңге бөлініп отыр. Оның ең алғашқысы бағдарла­маны сараптау. Бұл мақсатта арнайы ереже қабылданды. Дүниежүзілік банктің «Орта білімді жаңғырту» жобасы ая­сында 40 штаттық және 2 мың штаттан тыс сарапшы оқытыл­ды. Екінші кезеңде оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешеннің сараптамасы қарастырылған. Мұнда баспаханаішілік сарап­тама процедурасы күшейтіліп отыр. Ұйғарым формасы өзгер­тіліп, тәуелсіз рецензия жасауға және қосымша редакторларды тартуға талап қойылған. Сырт­тан тартылатын сарапшыларға оқулықтардың сұлбасыз макет­тері ұсынылмақ. Одан соң да­йын болған оқулықтар бұған дейін­гідей бірден оқу процесіне жіберілмей, бірқатар мектептің базасында аппробациядан өт­кізілмек. Сонымен қатар қоғам­дық талқылауға шығарылады. Оған пәндік мұғалімдердің қауым­дастықтары, ЖОО-лар­дың бейіндік кафедралары тартылатын болады. Осылардан соң барып қана оқулықтар пәндік комиссияның қарауына қабылданады. Ғылыми-педа­гогикалық сараптама мен пәндік комиссиялардың мүшелері халық­аралық жоба аясында оқу курстарын бітірген мамандардан жасақталады», – дейді Респуб­ликалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орта­лығы­ның директоры.
Елдос Болатханұлы цифр­лы контентті толтыру бағытын­да ат­қарылып жатқан жұмыс­тарға да тоқталды. Мәселен, бү­гінде қолданыстағы 700 оқу­лық ePUB және PDF форма­тында ми­нистрлік сайтында орналасты­рылған екен, оны кез келген пай­даланушы тегін жүк­теп ала алады. Бұл ретте элек­тронды оқулықтарға қатысты да норма­тивтік талаптар бекітілді. Соны­мен қатар білім саласын­дағы ақпараттандыру нысанда­рына қойылатын ең төменгі та­лаптар да қабылданды. Ақпа­раттық платформаларда бүгінде элек­трон­ды оқулықтардың үлесі арт­қан екен. Мәселен, бас­тауыш­та қазақ сыныптарында – 38, орыс сыныптарында – 39, ал негізгі орта мектептерде екі тілдегі сыныпта да – 65, жалпы орта мектептерде 18 пән бар болса, солардың 77 пайыздан астамы электронды форматқа көшкен. Оқулық сапасы мен білім беру мазмұнынына қатысты атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпаратқа қаныққан кеңес мүшелері осы уақытқа жейін жіберілген қателіктердің себебін екшей отыра, оған жол бермеу бойынша өз ұсыныс­та­рын жеткізді. Мәселен, әуелден-ақ оқулықты дайындау баспаха­налардың өздеріне жүктелген екен. Олар конкурсты ұтып ал­ғаннан кейін авторларды өз бе­тінше тауып, оқулықты дайын­дауға міндетті болған. Міне, қате ең бірінші кезекте осы жерден кеткен. Өйткені ав­торлардың біліктілік талаптары нақты­лан­баған. Әйтсе де, баспагерлер өздеріне келіп түскен бағдарлама негізінде жұмыс істейтінін алға тартып, көп ретте сондағы ши­кіліктерден осындай қателер кететінін айтады. Ал бағдарла­маның дайындалуына жауапты Ы.Алтынсарин атындағы Ұлт­тық ғылыми орталық пен Рес­пуб­ликалық ғылыми-практика­лық білім мазмұнын сараптау орталығы мұндағы ұйымдастыру жұмыстарының жетілдірілу үс­тінде екенімен, көп ретте мә­селе авторларға төленетін қара­жаттың шектеулі болаты­нымен байланыстырады. Түптеп кел­генде оқулық дайындау ісін­де нақты бір жауапты органның болмауы осындай жағдайға әкеліп отыр. Саладағы мұндай ахуалды Qazbilim республикалық орталығының директоры Аят­жан Ахметжан сынға алып, бағдарлама дайындау ісінде де олқылық көп екенін айтты.
«Мен қазір бағдарлама да­йындаушы топтамын. Бірақ шы­нымды айтсам, негізгі жұ­мысым бар, сондықтан оған тек кешке немесе демалыс күндері отыра аламын. Одан қандай нәтиже болуы мүмкін. Сондық­тан да егер авторларды нақты жұмысқа тартар болса, онда оларды барлық жүктемесімен босатып, кем дегенде бір ай уа­қыт беріп, бағдарлама жасаумен шұғылдануы керек. Сондай-ақ оқулық сапасына нақты жауап­ты бір ведомство болғаны жөн. Дәл қазіргі жауапкершіліктен қашу келешек ұрпақ үшін қауіпті», – деді ол.
Ал ZERDELI зияткерлік дамыту мектебінің директоры Ырысбек Мәуіт қай шетелдің тәжірибесін алсақ та, оны сол күйінде көшіріп алуға бол­май­тынын жеткізді. Өз кезегінде ардагер ұстаз, Білім беру ісінің үздігі Құрбанәлі Кенжебаев тақырыптық цикл жасаймыз деп бірінші сыныптағы жаратылыс­тану мен дүниетану пәндерінде 8-сынып физикасындағы та­биғат физикасын қайталаудың дұрыс емесін алға тартты. Ал Білім беру ісінің үздігі, кешенді бағдарламалар авторы Күшай Тердікбай мемлекеттік комис­сияларға білім беру саласындағы қоғам белсенділерін де енгізу қажеттігін ұсынды. Жалпы, ма­мандардың айтуынша, оқулық­тарда кеткен қателерді бірінші ата-аналар байқалады. Олардың 82 пайызы әлеуметтік желілер арқылы жария болады екен. Ал қалғаны ішкі қызметтік тексеру барысында анықталған. Осы секілді өзекті мәселе­лердің себебімен салдары және шешу жолдары сөз болған жиында оқу-ағарту саласының ма­мандары тоқайлы шешім мен тұжырымды ұйғарымға келіп, алдағы уақытта бірлесе жұмыс істеуге уағдаласты.