«Төртінші биліктің» орны төр еді
«Төртінші биліктің» орны төр еді
645
оқылды
Біздің елде кез келген азамат пен заңды тұлғалардың ақпарат алуға құқы бар. Бірақ БАҚ өкілдерінің сауалын сағызша созып, қажетті ақпа­ратпен қамтамасыз етуді міндеті деп санамайтын мемлекеттік мекемелердің жауапкершілікке тартылғанын көрмейміз. Қолданыстағы заңға сәйкес журналистер ақпаратты заңда тыйым салынбаған кез келген әдiспен алуға және таратуға құқығы болғанымен, қалаған сауалына қажетінше жауап алу мүмкіндігі шектеулі болатыны сондықтан. Шынайы ақпаратқа қол жеткізудің қиындығы мен заң талабын орындатудағы осал тұстың салдарын көріп жүрген сала мамандарын шетқақпайлайтындар көп. Өкінішке қарай, халыққа қажет кезде толыққанды ақпарат бере алмаудың салдары ел ішін дүрбелеңге салып, мемлекеттің өзіне нұқсан келтіретінін түсіну қажет-ақ. Бұл туралы Мемлекет басшысы былтыр «Жаңа Қазақстан: жаңару және жаңғырту жолы» атты Жолдауында атап өтіп, мемлекет сұранысқа ие және тәуелсіз медианы да­мытуды ынталандыруға ерекше назар аударуға тиіс екенін айтты. Өйткені әлемдегі геосаяси жағдай ақпараттық қауіпсіздікті қалыптастыру мен сенімді ақпаратты тара­тудағы маңызын көрсетіп отыр. Мә­селен, елдегі соңғы жағдайлар ақпараттық тә­уелсіздікті нығайтудың айқын қажетін көрсетіп берді. Бұл орайда бәсекеге қабілетті БАҚ кеңістігін қалыптастыру маңызды. Ал қолданыстағы «Бұқаралық ақпарат құрал­дары туралы» заң заман ағымына ілесуге әрі масс-медиа саласының талаптарын толық қанағаттандыруға жарамай тұр. Сондықтан сөз бостандығын нығайтып, мемлекеттің жаңа қағидаттары мен кепілдіктеріне не­гізделген жаңа норма қажет болды. Жаңашылдық бар Жақында ғана жұртшылық талқылауына ұсынылған «Масс-медиа туралы» заң жоба­сының тұжырымдамасын БАҚ өкілдері мен заңгерлер әлі де талқылап жатыр. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәлі­метінше, жаңа заңда сөз бостандығы, пікір плюрализмі мен мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, халықтың денсаулығы мен өнегесін қалыптастыруға бағытталған қажетті шектеулер арасындағы тепе-тең­дік­ті белгілейтін түбегейлі жаңа схеманы бекіту ұсынылады. Осы орайда негізгі реформалар журналистердің құқықтық мәртебесін арт­тыруға және олар үшін құқықтық ке­піл­діктерді күшейтуге бағытталып отыр.
Сондықтан министрлік заң жобасын талқылауға сала мамандарының өздерін белсенді тартып, ашық талқылауға шақыр­ған. Осылайша, бастапқы кезеңде салаға жауапты ведомствоның бастамасы бойынша 60-тан астам адамнан тұратын жұмыс тобы құрылыпты. «Ми­нистр­лік сала өкілдерімен бүкіл кезең бойы жүйелі түрде отырыстар өткізеді, оның ба­р­ысында заң жобасының нормалары мен ұсыныстары талқыланады. Заң жобасы не­гізінен саланың ұсыныстары­нан құрал­ған. Атап айтқанда, жұмыс тобы­ның өкіл­дері журналистің кәсіби қыз­метіне ке­дергі келтіруді қылмыссыздандыру, БАҚ материалдарына талап қою мерзімдерін белгілеу, гранттық қаржыландыру жағына мемлекеттік ақпараттық тапсырысты ре­фор­малау, БАҚ сұрауларын қарау мерзім­дерін 7 жұмыс күнінен 5 жұмыс күніне дейін қысқарту, 100 мың адамнан аз халқы бар елді мекендердің мерзімді баспасөз басылым­дары мен медиаөлшеуіштерін, кәсіби басы­лымдарды субсидиялау, редакцияның тап­сырмасын ерекше жағдайларда орындау үшін журналистерді даярлау және білік­ті­лігін арттыру және тағы басқалары ұсы­н­ды», – деп атап өтті министрлік мамандары.
Ведомство берген ақпаратқа сүйен­сек, заң жобасының негізгі новеллалары жур­налистердің мәртебесін көтеруге ба­ғытталған. Оның ішінде: БАҚ материал­дарына қойылатын ескіру мерзімдерін белгілеу, редакцияның тапсырмасын ерек­ше жағдайларда орындау үшін журналистерді кәсіби даярлау және біліктілігін арттыру туралы нормаларды бекіту, журналистердің құқықтары мен бостандықтары туралы жыл сайынғы Ұлттық баяндаманы дайындау нысанында журналистердің құқығы сақ­талуын мониторингілеу және талдау құрал­дарын енгізу, Қылмыстық кодекстің жур­налистің кәсіби қызметіне кедергі жасау жөніндегі бабын Әкімшілік кодекске іші­нара қылмыссыздандыру жатады. Бұл елдегі заманауи демократиялық өзгерістерге сәйкес журналистердің мәртебесін көтеруге ықпал етіп, айрықша құқық кешенін қалыптастырмақ. Екінші, заң шеңберінде мемлекеттік ақпараттық тапсы­рысты гранттық қаржыландыру, сондай-ақ мер­зімді баспасөз басылымдарын субсидия­лау жағына реформалау жоспарланып отыр. Сондай-ақ мемлекеттік тілдегі мазмұнға басымдық беру ұсынылады. Үшіншіден, заң жобасында өзін-өзі реттеу институттарын дамыту ұсынылады. Төртіншіден, жаңа заңда интернеттің белсенді енуіне және тұтынушыға контентті жеткізудің неғұрлым қолжетімді және жаңа баламасы ретінде интернет теледидардың даму үрдісіне байланысты телерадио хабарларын тарату саласына ерекше назар аударылмақ. Бұл орайда қолданыстағы түбегейлі ескір­ген «БАҚ туралы» және «Телерадио ха­­барларын тарату туралы» қолданыстағы екі заң 50 пайыздан астам жаңа өзгерісті көздейтін «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң жобасымен біріктіріліп, жойылады. БАҚ өкілдерінің белсенділігі төмен
Заң жобасына Бас редакторлар клу­бы­ның тарапынан кәсіби журналистердің жүріп-тұруы, тұрғын үйге кезекке тұруына жеңілдік қарастырудан бастап ақпарат алуына дейін бірқатар ұсыныс берілген. Оның ішінде шетелдегідей жергілікті жер­лерде ұйымдастырылатын әртүрлі мәдени орындағы шараға тегін кіру, қоғамдық көлікте тегін жүру, автотұрақтарға көліктерін тегін қоюға мүмкіндік беру ұсынылыпты. «Өйткені кейбір кездері оқиға болып жат­қан жерге келген журналистер автокөлік­те­рін қоя алмай автотұрақ іздеп кетеді. Бұдан бөлек, біздің тарапымыздан БАҚ-тың бас­шылығына кәсіби журналистерді ғана тағайындау туралы ұсыныс берілген. Бірақ қазіргі құжаттан бұл ұсынысты көрмей тұрмыз. Мүмкін алдағы уақытта бұл да ес­керілер деп үміттенеміз», – дейді Бас редак­торлар клубының президенті Бибігүл Жек­сенбай. Оның айтуынша, заң жобасы толық дайын емес.
Бүгіннің өзінде медиасаладағы белсен­ділер мен қоғамдық ұйым өкілдері тара­пынан әлі де ұсыныстар түсіп жатыр. Өкі­нішке қарай, жалпы талқылауға ұсынылған заң жобасының тұжырымдамасына баға беруге кәсіби журналистердің өзі құлық танытпай отыр. Осылай деген Бибігүл Жек­сенбай «Бұған дейін қабылданған заңдарда заңгерлер мен әртүрлі қоғамдық, халықара­лық ұйым өкілдерінің ұсынысы басым болды. Сол үшін кәсіби журналистер, әсі­ресе қазақтілді әріптестер өз ұсынысын айтып, талқылауға белсенді қатысқан дұ­рыс» деп отыр. Сонымен бірге ол кейбір жур­­налистердің сын-ескертпесі де орынды екенін жеткізді. Мемлекеттік қызметкерлер БАҚ өкілінің сауалына жауап беруге мін­деттелгенімен, министрлер мен агенттік басшылары журналистердің сауалына жауап бермей, сұхбат алу туралы өтінішін созба­лаңға салып, белгілі-белгісіз себептермен кейінге шегергені үшін жауапкершілікке тарту туралы ұсынысты да қарастыру қажет екенін айтады. Ақпарат алудың жолы жеңілдесе
Журналист әрі заң жобасын дайындау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Жұлдыз Әбділда құжаттағы өзгерістер қайта қарауды қажет ететінін тілге тиек етті. Айтуынша, заң жобасының қазақша нұсқасы түсініксіз жазылған. «Сөйлемдер бір-бірімен байла­ныс­пайды. Атам заманнан «тілшілер қосы­ны» деп жүр едік, енді ол «корреспонденттік пункт» болып кетіпті. Калька аударма көп. Мазмұнына келсек, «журналистерге карта беру» деген түсініксіз. Фриланста жүрген, белгілі бір ұжымда жұмыс істемейтін жур­налистер журналист болып саналмай ма сонда? Сосын ол карта журналистика фа­культетін бітірген, үш жыл еңбек өтілі бар адамға немесе журналистиканы бітірмеген, бірақ бес жыл еңбек өтілі бар адамға беріледі екен. Сонда ол уақытқа дейін «картасыз» журналист бола ма? Ал карта алған журна­листердің міндетіне кейбір шараларға қатысу және Этика кодексін сақтау кіреді. Бұл «жұмыс істеп жатқа­нына 3-5 жыл толмаған немесе баспасөз картасы жоқ журналист этиканы сақтама­уына бо­лады» деген ойға қалдырады. Аккре­диттеуге қатысты да түсініксіз тұсы көп. «Егер жур­налист (бұ­қаралық ақпарат құрал­дарының өкілі) аккре­диттеу ережелерiн бұзса, не өзiн аккре­диттеген мемлекеттiк органдардың, қо­ғамдық бiрлестiктер мен ұйымдардың іске­рлік беделіне нұқсан келтiретiн, шын­дыққа сәйкес келмейтiн мәлiметтердi та­ратса, оның аккредиттелуі күшiн жоюы мүм­кiн» дейді. Бұл билік пен Үкіметті сына­ғаның үшін аккредитациядан айырылуың мүмкін екенін көрсетпей ме? Меніңше, бұл құжат журналистерге еркіндік беретін емес, көбірек бақылауда ұстауды көздейтін жоба деп түсіндім», – дейді ол.
Сондай-ақ журналист жұмыс тобының мүшесі ретінде бірнеше кездесуге қатысып, сала мамандарының ұсынысы айтыл­ғанын айтады. Бірақ көптің талқысына ұсы­нылған жобада олардың көбі ескеріл­меген. «Үш айдың ішінде жұмысқа тұруы мін­деттеледі» деген жері бар. Неге міндет­телуі керек? Бұл қай заңға сыятын нәрсе? Сосын «журналист дұрыс ақпаратты жария­лау керек» дейді. Дұрыс деген қандай ақпа­рат? Оның дұрыс екенін кім анықтайды? Қандай критерийге сүйеніп дұрыс не бұрыс деген «үкім» шыға­ра­ды?», – дейді Жұлдыз Әбділда. Оның сө­зінше, мәдени шараларға тегін кіру ха­лықаралық тәжірибеде бар нәрсе. Сондық­тан заң жобасына журналис­тердің материал­дық жағдайы мен кәсіби тұрғыда ақпарат алуын жеңілдетуді қарас­тырған әлдеқайда абзал. Журналист мәртебесін айқындау қажет «Әділ сөз» қорының президенті Қарлы­ғаш Жаманқұлова «редакция мен журна­листі тінту тек соттың рұқсатымен жүргізілуі керек» дейді. Сондай-ақ ол «журналистің қателесу» құқығы – сотта журналистің іс-әре­кеті адал және қоғам мүддесі үшін жасал­ғаны дәлелденсе, онда жағдайды жеңілде­тетін немесе жаза тағайындамайтын бап болуы тиіс екенін тілге тиек етті. Үшінші тұл­ғалар ұсынған ақпарат бойынша жауап­кершілікті төмендету жөніндегі тұжырым­дарға айқындық енгізу маңызды.
«Халықаралық тәжірибеде – peer-to-peer evaluation – бағалауға көп көңіл бөлі­неді. Осы саладағы мамандар шынымен де өз саласының мамандарын басқаларға қа­рағанда жақсы біле алады. Сондай-ақ ағын­дық немесе интернет хабар таратушыларды лицензиялау және реттеу бөлігінде айқын­дықты көргіміз келеді. Бұл заң жобасының нұсқасында журналистке БАҚ-тың міндетті қызметкері ретінде анықтама бере отырып, «тәуелсіз журналист» ұғымын іс жүзінде заң­дық саладан алып тастайды. Жалпы, заң жобасы өте шикі және біздің ұсынысы­мызды әзірлеуші тарап ескереді деп үміт­тенеміз», – деген алаңдауын білдірді Қар­лығаш Жаманқұлова.
Жобаның мемлекеттік тілдегі нұсқа­сы­ның сауаттылығы ақсап тұрғанымен, біраз жаңашылдық бар. «Бірақ журналистің пәр­мені, қауіпсіздігі, әлеуметтік мәртебесі, ынталандыру тетіктерін әлі де жетілдірген жөн» деп отыр «Заң» газетінің бас редакторы Айнұр Сембаева. Оның айтуынша, БАҚ – төртінші билік. Осы төртінші биліктің алдында тұрған үш билікке қатысты заңда Үкіметтің, Пар­ламенттің, Соттың статусы толық айқын­далған. Міндеті мен функциясы көрсетіліп қоймай, әлеуметтік жағдайына, тұрғын үймен қамтылуына, қызметін кедергісіз атқаруына толық кепілдік берілген. Алысқа бармай-ақ «Сот жүйесі және судьялар мәр­тебесі туралы» заңды алайық. Осы заңның 26-бабы 1-бөлім 5-тармағында «судьяларға мемлекет есебiнен олардың мәртебесiне сәйкес материалдық жағдай жасау және әлеуметтiк қамсыздандыру, сондай-ақ оны нашарлатуға тыйым салу арқылы қамта­масыз етiледi» деп көрсетілген. Осы баптың 2-бөліміне сәйкес судьялар, олардың отбасы мүшелерi мен мүлкi мемлекеттiң қор­ғауында болады. Егер судьядан тиiстi өтiнiш түссе, iшкi iстер органдары судья мен оның отбасы мүшелерiнiң қауiпсiздiгiн, олар­ға тиесiлi мүлiктiң сақталуын қамта­масыз етуге уақытылы және түпкiлiктi ша­ра қабылдауға мiндеттi. Сонымен бірге судьяға және оның мүлкiне кәсiптiк қыз­метiне байланысты келтiрiлген зиян рес­публи­ка­лық бюджеттiң қаражаты есебiнен өтеледi. Осы секілді журналистің де қызмет ба­рысында қауіпсіздігіне нұқсан келіп, ден­саулығына зиян келсе, мүлкі бүлінгені дәлелденсе залал республикалық бюджет қаражатынан өндірілуі керек.
«Төртінші билік» деп әспеттеген соң қызмет барысында жарақаттанған, көз жұм­ған журналистер де қолдаусыз қалмау керек. Өйткені жоғарыдағы заңның 54-бабында көрсетілгендей, судья қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан жағдайда не қыз­меттiк мiндеттерiн атқару кезiнде мертiгу салдарынан судья өкiлеттiгiн тоқтатқаннан кейiн бiр жылдың iшiнде оны алуға құқығы бар адамдарға соңғы атқарған лауазымы бойынша алпыс айлық лауазымдық жала­қысы мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төле­недi. Ал қызмет барысында жараланған, қай­тыс болған журналистер қандай өтемақы алады? Журналистің отбасына өтемақы төленген кезі болып па еді? Сот саласында 20 жылдық өтілі бар судьяларға отставкаға шыққанда 24 айлық лауазымдық айлық мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді. Еліміздің судьялары 450 мың мен 1 миллион теңге аралығында айлық алады. Осыдан кейін төртінші биліктің қоғамдағы шынайы мәртебесін елестетіп көруге болады», – дейді Айнұр Сембаева.
Бұл ғана емес, «Педагог мәртебесі ту­ралы» заңда 9-бабында педагогтің көтерме­ленуге құқығы белгіленген. Оған сәйкес пе­дагогтің үздік жетістіктері және сіңір­ген айрықша еңбегі үшін жоғары мемле­кеттік наградалар, оның ішінде «Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы бе­ріледі. Осы атаққа ие болған педагог рес­публикалық бюджет туралы заңда белгі­лен­ген және тиісті қаржы жылының 1 қаң­­­тарынан бастап қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 1000 еселенген мөл­шерінде біржолғы төлем алады. Айнұр Сембаеваның сөзінше, дәл сол секілді «Масс-медиа ту­ралы» заңда да журналистің кәсіби шебер­лігінің белгісі ретінде «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі бекітіліп, ол үшін ми­нистрлік арнайы төлемді заңмен бекіткенде марапаттың қадірі артатынын жеткізді. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызмет­тегідей ғылыми дәрежесін қорғаған журна­листердің жалақысына қосымша ақы қарастырылса құба-құп екенін айтады. Бұл ұсыныстар бүгін ғана айтылып отырған жоқ. Осыған дейін депутаттар тарапынан да талай рет журналистердің мәртебесін мемлекеттік қызметкерлерге теңестіру керегі айтылды. Кәсіби журна­листерге полиция қызметкерлері сияқты карт-бланш та берілмейді, бұл да өз ке­зегінде олардың жұмысына айтарлықтай қиындық туғызады. Ақпарат майданында адал еңбек етіп жүргендердің мәртебесі көтеріліп, әлеуметтік статусы айқындал­ғанда ғана қадірі қашқан қалам ұстаған қауымның еңсесі тіктеліп, ел үшін еткен еңбегі елеусіз қалмас еді.