Біздің елде кез келген азамат пен заңды тұлғалардың ақпарат алуға құқы бар. Бірақ БАҚ өкілдерінің сауалын сағызша созып, қажетті ақпаратпен қамтамасыз етуді міндеті деп санамайтын мемлекеттік мекемелердің жауапкершілікке тартылғанын көрмейміз. Қолданыстағы заңға сәйкес журналистер ақпаратты заңда тыйым салынбаған кез келген әдiспен алуға және таратуға құқығы болғанымен, қалаған сауалына қажетінше жауап алу мүмкіндігі шектеулі болатыны сондықтан. Шынайы ақпаратқа қол жеткізудің қиындығы мен заң талабын орындатудағы осал тұстың салдарын көріп жүрген сала мамандарын шетқақпайлайтындар көп. Өкінішке қарай, халыққа қажет кезде толыққанды ақпарат бере алмаудың салдары ел ішін дүрбелеңге салып, мемлекеттің өзіне нұқсан келтіретінін түсіну қажет-ақ. Бұл туралы Мемлекет басшысы былтыр «Жаңа Қазақстан: жаңару және жаңғырту жолы» атты Жолдауында атап өтіп, мемлекет сұранысқа ие және тәуелсіз медианы дамытуды ынталандыруға ерекше назар аударуға тиіс екенін айтты. Өйткені әлемдегі геосаяси жағдай ақпараттық қауіпсіздікті қалыптастыру мен сенімді ақпаратты таратудағы маңызын көрсетіп отыр. Мәселен, елдегі соңғы жағдайлар ақпараттық тәуелсіздікті нығайтудың айқын қажетін көрсетіп берді. Бұл орайда бәсекеге қабілетті БАҚ кеңістігін қалыптастыру маңызды. Ал қолданыстағы «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң заман ағымына ілесуге әрі масс-медиа саласының талаптарын толық қанағаттандыруға жарамай тұр. Сондықтан сөз бостандығын нығайтып, мемлекеттің жаңа қағидаттары мен кепілдіктеріне негізделген жаңа норма қажет болды. Жаңашылдық бар Жақында ғана жұртшылық талқылауына ұсынылған «Масс-медиа туралы» заң жобасының тұжырымдамасын БАҚ өкілдері мен заңгерлер әлі де талқылап жатыр. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәліметінше, жаңа заңда сөз бостандығы, пікір плюрализмі мен мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, халықтың денсаулығы мен өнегесін қалыптастыруға бағытталған қажетті шектеулер арасындағы тепе-теңдікті белгілейтін түбегейлі жаңа схеманы бекіту ұсынылады. Осы орайда негізгі реформалар журналистердің құқықтық мәртебесін арттыруға және олар үшін құқықтық кепілдіктерді күшейтуге бағытталып отыр.
Сондықтан министрлік заң жобасын талқылауға сала мамандарының өздерін белсенді тартып, ашық талқылауға шақырған. Осылайша, бастапқы кезеңде салаға жауапты ведомствоның бастамасы бойынша 60-тан астам адамнан тұратын жұмыс тобы құрылыпты. «Министрлік сала өкілдерімен бүкіл кезең бойы жүйелі түрде отырыстар өткізеді, оның барысында заң жобасының нормалары мен ұсыныстары талқыланады. Заң жобасы негізінен саланың ұсыныстарынан құралған. Атап айтқанда, жұмыс тобының өкілдері журналистің кәсіби қызметіне кедергі келтіруді қылмыссыздандыру, БАҚ материалдарына талап қою мерзімдерін белгілеу, гранттық қаржыландыру жағына мемлекеттік ақпараттық тапсырысты реформалау, БАҚ сұрауларын қарау мерзімдерін 7 жұмыс күнінен 5 жұмыс күніне дейін қысқарту, 100 мың адамнан аз халқы бар елді мекендердің мерзімді баспасөз басылымдары мен медиаөлшеуіштерін, кәсіби басылымдарды субсидиялау, редакцияның тапсырмасын ерекше жағдайларда орындау үшін журналистерді даярлау және біліктілігін арттыру және тағы басқалары ұсынды», – деп атап өтті министрлік мамандары.Ведомство берген ақпаратқа сүйенсек, заң жобасының негізгі новеллалары журналистердің мәртебесін көтеруге бағытталған. Оның ішінде: БАҚ материалдарына қойылатын ескіру мерзімдерін белгілеу, редакцияның тапсырмасын ерекше жағдайларда орындау үшін журналистерді кәсіби даярлау және біліктілігін арттыру туралы нормаларды бекіту, журналистердің құқықтары мен бостандықтары туралы жыл сайынғы Ұлттық баяндаманы дайындау нысанында журналистердің құқығы сақталуын мониторингілеу және талдау құралдарын енгізу, Қылмыстық кодекстің журналистің кәсіби қызметіне кедергі жасау жөніндегі бабын Әкімшілік кодекске ішінара қылмыссыздандыру жатады. Бұл елдегі заманауи демократиялық өзгерістерге сәйкес журналистердің мәртебесін көтеруге ықпал етіп, айрықша құқық кешенін қалыптастырмақ. Екінші, заң шеңберінде мемлекеттік ақпараттық тапсырысты гранттық қаржыландыру, сондай-ақ мерзімді баспасөз басылымдарын субсидиялау жағына реформалау жоспарланып отыр. Сондай-ақ мемлекеттік тілдегі мазмұнға басымдық беру ұсынылады. Үшіншіден, заң жобасында өзін-өзі реттеу институттарын дамыту ұсынылады. Төртіншіден, жаңа заңда интернеттің белсенді енуіне және тұтынушыға контентті жеткізудің неғұрлым қолжетімді және жаңа баламасы ретінде интернет теледидардың даму үрдісіне байланысты телерадио хабарларын тарату саласына ерекше назар аударылмақ. Бұл орайда қолданыстағы түбегейлі ескірген «БАҚ туралы» және «Телерадио хабарларын тарату туралы» қолданыстағы екі заң 50 пайыздан астам жаңа өзгерісті көздейтін «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң жобасымен біріктіріліп, жойылады. БАҚ өкілдерінің белсенділігі төмен
Заң жобасына Бас редакторлар клубының тарапынан кәсіби журналистердің жүріп-тұруы, тұрғын үйге кезекке тұруына жеңілдік қарастырудан бастап ақпарат алуына дейін бірқатар ұсыныс берілген. Оның ішінде шетелдегідей жергілікті жерлерде ұйымдастырылатын әртүрлі мәдени орындағы шараға тегін кіру, қоғамдық көлікте тегін жүру, автотұрақтарға көліктерін тегін қоюға мүмкіндік беру ұсынылыпты. «Өйткені кейбір кездері оқиға болып жатқан жерге келген журналистер автокөліктерін қоя алмай автотұрақ іздеп кетеді. Бұдан бөлек, біздің тарапымыздан БАҚ-тың басшылығына кәсіби журналистерді ғана тағайындау туралы ұсыныс берілген. Бірақ қазіргі құжаттан бұл ұсынысты көрмей тұрмыз. Мүмкін алдағы уақытта бұл да ескерілер деп үміттенеміз», – дейді Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбай. Оның айтуынша, заң жобасы толық дайын емес.Бүгіннің өзінде медиасаладағы белсенділер мен қоғамдық ұйым өкілдері тарапынан әлі де ұсыныстар түсіп жатыр. Өкінішке қарай, жалпы талқылауға ұсынылған заң жобасының тұжырымдамасына баға беруге кәсіби журналистердің өзі құлық танытпай отыр. Осылай деген Бибігүл Жексенбай «Бұған дейін қабылданған заңдарда заңгерлер мен әртүрлі қоғамдық, халықаралық ұйым өкілдерінің ұсынысы басым болды. Сол үшін кәсіби журналистер, әсіресе қазақтілді әріптестер өз ұсынысын айтып, талқылауға белсенді қатысқан дұрыс» деп отыр. Сонымен бірге ол кейбір журналистердің сын-ескертпесі де орынды екенін жеткізді. Мемлекеттік қызметкерлер БАҚ өкілінің сауалына жауап беруге міндеттелгенімен, министрлер мен агенттік басшылары журналистердің сауалына жауап бермей, сұхбат алу туралы өтінішін созбалаңға салып, белгілі-белгісіз себептермен кейінге шегергені үшін жауапкершілікке тарту туралы ұсынысты да қарастыру қажет екенін айтады. Ақпарат алудың жолы жеңілдесе
Журналист әрі заң жобасын дайындау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Жұлдыз Әбділда құжаттағы өзгерістер қайта қарауды қажет ететінін тілге тиек етті. Айтуынша, заң жобасының қазақша нұсқасы түсініксіз жазылған. «Сөйлемдер бір-бірімен байланыспайды. Атам заманнан «тілшілер қосыны» деп жүр едік, енді ол «корреспонденттік пункт» болып кетіпті. Калька аударма көп. Мазмұнына келсек, «журналистерге карта беру» деген түсініксіз. Фриланста жүрген, белгілі бір ұжымда жұмыс істемейтін журналистер журналист болып саналмай ма сонда? Сосын ол карта журналистика факультетін бітірген, үш жыл еңбек өтілі бар адамға немесе журналистиканы бітірмеген, бірақ бес жыл еңбек өтілі бар адамға беріледі екен. Сонда ол уақытқа дейін «картасыз» журналист бола ма? Ал карта алған журналистердің міндетіне кейбір шараларға қатысу және Этика кодексін сақтау кіреді. Бұл «жұмыс істеп жатқанына 3-5 жыл толмаған немесе баспасөз картасы жоқ журналист этиканы сақтамауына болады» деген ойға қалдырады. Аккредиттеуге қатысты да түсініксіз тұсы көп. «Егер журналист (бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі) аккредиттеу ережелерiн бұзса, не өзiн аккредиттеген мемлекеттiк органдардың, қоғамдық бiрлестiктер мен ұйымдардың іскерлік беделіне нұқсан келтiретiн, шындыққа сәйкес келмейтiн мәлiметтердi таратса, оның аккредиттелуі күшiн жоюы мүмкiн» дейді. Бұл билік пен Үкіметті сынағаның үшін аккредитациядан айырылуың мүмкін екенін көрсетпей ме? Меніңше, бұл құжат журналистерге еркіндік беретін емес, көбірек бақылауда ұстауды көздейтін жоба деп түсіндім», – дейді ол.Сондай-ақ журналист жұмыс тобының мүшесі ретінде бірнеше кездесуге қатысып, сала мамандарының ұсынысы айтылғанын айтады. Бірақ көптің талқысына ұсынылған жобада олардың көбі ескерілмеген. «Үш айдың ішінде жұмысқа тұруы міндеттеледі» деген жері бар. Неге міндеттелуі керек? Бұл қай заңға сыятын нәрсе? Сосын «журналист дұрыс ақпаратты жариялау керек» дейді. Дұрыс деген қандай ақпарат? Оның дұрыс екенін кім анықтайды? Қандай критерийге сүйеніп дұрыс не бұрыс деген «үкім» шығарады?», – дейді Жұлдыз Әбділда. Оның сөзінше, мәдени шараларға тегін кіру халықаралық тәжірибеде бар нәрсе. Сондықтан заң жобасына журналистердің материалдық жағдайы мен кәсіби тұрғыда ақпарат алуын жеңілдетуді қарастырған әлдеқайда абзал. Журналист мәртебесін айқындау қажет «Әділ сөз» қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова «редакция мен журналисті тінту тек соттың рұқсатымен жүргізілуі керек» дейді. Сондай-ақ ол «журналистің қателесу» құқығы – сотта журналистің іс-әрекеті адал және қоғам мүддесі үшін жасалғаны дәлелденсе, онда жағдайды жеңілдететін немесе жаза тағайындамайтын бап болуы тиіс екенін тілге тиек етті. Үшінші тұлғалар ұсынған ақпарат бойынша жауапкершілікті төмендету жөніндегі тұжырымдарға айқындық енгізу маңызды.
«Халықаралық тәжірибеде – peer-to-peer evaluation – бағалауға көп көңіл бөлінеді. Осы саладағы мамандар шынымен де өз саласының мамандарын басқаларға қарағанда жақсы біле алады. Сондай-ақ ағындық немесе интернет хабар таратушыларды лицензиялау және реттеу бөлігінде айқындықты көргіміз келеді. Бұл заң жобасының нұсқасында журналистке БАҚ-тың міндетті қызметкері ретінде анықтама бере отырып, «тәуелсіз журналист» ұғымын іс жүзінде заңдық саладан алып тастайды. Жалпы, заң жобасы өте шикі және біздің ұсынысымызды әзірлеуші тарап ескереді деп үміттенеміз», – деген алаңдауын білдірді Қарлығаш Жаманқұлова.Жобаның мемлекеттік тілдегі нұсқасының сауаттылығы ақсап тұрғанымен, біраз жаңашылдық бар. «Бірақ журналистің пәрмені, қауіпсіздігі, әлеуметтік мәртебесі, ынталандыру тетіктерін әлі де жетілдірген жөн» деп отыр «Заң» газетінің бас редакторы Айнұр Сембаева. Оның айтуынша, БАҚ – төртінші билік. Осы төртінші биліктің алдында тұрған үш билікке қатысты заңда Үкіметтің, Парламенттің, Соттың статусы толық айқындалған. Міндеті мен функциясы көрсетіліп қоймай, әлеуметтік жағдайына, тұрғын үймен қамтылуына, қызметін кедергісіз атқаруына толық кепілдік берілген. Алысқа бармай-ақ «Сот жүйесі және судьялар мәртебесі туралы» заңды алайық. Осы заңның 26-бабы 1-бөлім 5-тармағында «судьяларға мемлекет есебiнен олардың мәртебесiне сәйкес материалдық жағдай жасау және әлеуметтiк қамсыздандыру, сондай-ақ оны нашарлатуға тыйым салу арқылы қамтамасыз етiледi» деп көрсетілген. Осы баптың 2-бөліміне сәйкес судьялар, олардың отбасы мүшелерi мен мүлкi мемлекеттiң қорғауында болады. Егер судьядан тиiстi өтiнiш түссе, iшкi iстер органдары судья мен оның отбасы мүшелерiнiң қауiпсiздiгiн, оларға тиесiлi мүлiктiң сақталуын қамтамасыз етуге уақытылы және түпкiлiктi шара қабылдауға мiндеттi. Сонымен бірге судьяға және оның мүлкiне кәсiптiк қызметiне байланысты келтiрiлген зиян республикалық бюджеттiң қаражаты есебiнен өтеледi. Осы секілді журналистің де қызмет барысында қауіпсіздігіне нұқсан келіп, денсаулығына зиян келсе, мүлкі бүлінгені дәлелденсе залал республикалық бюджет қаражатынан өндірілуі керек.
«Төртінші билік» деп әспеттеген соң қызмет барысында жарақаттанған, көз жұмған журналистер де қолдаусыз қалмау керек. Өйткені жоғарыдағы заңның 54-бабында көрсетілгендей, судья қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан жағдайда не қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде мертiгу салдарынан судья өкiлеттiгiн тоқтатқаннан кейiн бiр жылдың iшiнде оны алуға құқығы бар адамдарға соңғы атқарған лауазымы бойынша алпыс айлық лауазымдық жалақысы мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi. Ал қызмет барысында жараланған, қайтыс болған журналистер қандай өтемақы алады? Журналистің отбасына өтемақы төленген кезі болып па еді? Сот саласында 20 жылдық өтілі бар судьяларға отставкаға шыққанда 24 айлық лауазымдық айлық мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді. Еліміздің судьялары 450 мың мен 1 миллион теңге аралығында айлық алады. Осыдан кейін төртінші биліктің қоғамдағы шынайы мәртебесін елестетіп көруге болады», – дейді Айнұр Сембаева.Бұл ғана емес, «Педагог мәртебесі туралы» заңда 9-бабында педагогтің көтермеленуге құқығы белгіленген. Оған сәйкес педагогтің үздік жетістіктері және сіңірген айрықша еңбегі үшін жоғары мемлекеттік наградалар, оның ішінде «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы беріледі. Осы атаққа ие болған педагог республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарынан бастап қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 1000 еселенген мөлшерінде біржолғы төлем алады. Айнұр Сембаеваның сөзінше, дәл сол секілді «Масс-медиа туралы» заңда да журналистің кәсіби шеберлігінің белгісі ретінде «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі бекітіліп, ол үшін министрлік арнайы төлемді заңмен бекіткенде марапаттың қадірі артатынын жеткізді. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметтегідей ғылыми дәрежесін қорғаған журналистердің жалақысына қосымша ақы қарастырылса құба-құп екенін айтады. Бұл ұсыныстар бүгін ғана айтылып отырған жоқ. Осыған дейін депутаттар тарапынан да талай рет журналистердің мәртебесін мемлекеттік қызметкерлерге теңестіру керегі айтылды. Кәсіби журналистерге полиция қызметкерлері сияқты карт-бланш та берілмейді, бұл да өз кезегінде олардың жұмысына айтарлықтай қиындық туғызады. Ақпарат майданында адал еңбек етіп жүргендердің мәртебесі көтеріліп, әлеуметтік статусы айқындалғанда ғана қадірі қашқан қалам ұстаған қауымның еңсесі тіктеліп, ел үшін еткен еңбегі елеусіз қалмас еді.