Хоккейдегі қарқынымыз қуантады
Хоккейдегі қарқынымыз қуантады
455
оқылды
Отандық хоккейдің елдегі, шеттегі хәлі мәз болмаса да, Универсиададағы беталысы жаман емес. Студент жігіттер топта көш бастап, әр ойында ірі есеп айырмасымен жеңіске жетіп жүр. Бұл еліміздің хоккейден әлем чемпионатын өткізуге үміткер атанғаны туралы жаңалықтың ізін жуып-шайып кеткендей. Өйткені аталған ақпарат шыққанда жұрт әлеуметтік желіде қарсы болған-ды. Универсиададағы жалын Иә, Ғалым Мәмбеталиев баптайтын хоккейшілер үшін АҚШ-тағы Универсиада ойындары сәтті басталды. Құраманың алғашқы ойынға үш күн қалғанда ғана Америкаға аттанғаны тағы бар. Десе де, олар қысқамерзім ішінде барлық жағдайға бейімделіп кеткен сыңайлы. Бұл жолы «Сарыарқа» шабуылшысы Саян Данияр капитан атанса, ассистент ретінде «Номад» форвардтары Батырлан Мұратов пен Максим Мухаметов бекітілген. Ал құраманы жасақтау жайлы бапкер кеңінен айтып берген-ді.
«Біз көзіміз түсіп жүрген, үміт артып отырған жігіттерді жинап алдық. Жарақат алғандары бар, Гусейнов бармай қалды. Бірінші командадан көпшілігін алғымыз келген. Алайда қазір олардың кестесі тығыз, сәті түспеді. Олар негізгі құрамда ойнайды. «Номад» жігіттерімен барамыз, қазіргі таңда құрама жаман емес. Барлығы «сен тұр, мен атайын». «Номад» – жас команда, жас санаты бойынша да студенттік құрамаға сай келіп тұр. Барлығы – өзіміздің, қазақстандық жігіттер. Көпшілігі жастар арасындағы әлем чемпионаттарында, оның ішінде топ-диви­зионда өнер көрсеткен. Олар –1999-2001 жылы туған жігіттер. Мұнда Франциядағы жастар әлем чемпионатының элиталы дивизионына жолдама алғандар да бар», – деді Ғалым Мәм­беталиев.
Универсиадада Қазақстан құрамасы Оңтүстік Корея, Вен­грия, Ұлыбритания, Словакия және АҚШ құрамасымен В тобында өнер көрсетіп жатыр. Топтан бірінші және екінші орын алған командалар плей-офф кезеңіне шығады. Яғни, жартылай финалға жолдама алады. Финалдық ойыннан бөлек, үшінші орын үшін де кездесу өтетіні тағы бар. жанкүйер Кеше хоккейшілеріміз Лейк-Плэсидтегі топтық кезеңдегі соңғы ойынын АҚШ-қа қарсы өткізді. Төрт матчтан кейін Қазақстан құрамасының еншісінде 12 ұпай бар. Олар негізгі уақытта төрт рет жеңіске жетіп, жоғары нәтиже көрсетті. Студенттер құрамасы Оңтүс­тік Корея (5:1), Венгрия (9:1), Ұлыбритания (15:1) және Словакия (4:0) құрамасын тізе бүктірді. Осылайша, қазір Қазақстанның гол бойынша статистикасы жаман емес. Қарсы­ластар қақпасына 33 гол салып, 3 гол жіберіп алды. Командалардың топтағы жағдайына келсек, 12 ұпаймен Қазақстан құрамасы көш бастап тұр. Словакияда – 9 ұпай (4 матч), АҚШ-та – 6 ұпай (3 матч), Венгрияда – 6 ұпай (4 матч), Оңтүстік Кореяда – 0 ұпай (3 матч), Ұлыбританияда 0 ұпай (4 матч) (18 қаңтардағы мәлімет бойынша). Әлем чемпионатын өткізуге әліміз жете ме? Қазақстан шайбалы хоккейден 2027 жылғы әлем чемпионатын өткізуге өтініш берді. Алғашында Норвегия, Қазақстан және Германия таласқа түскен-ді. Кейіннен Норвегия қаржы тапшылығына байланысты бас тартып, бәстен шықты. Кімнің қабылдайтыны биыл мамыр айында дауыс беру нәтижесі бойынша анықталады. Ұсыныстың та­мыры Президенттің былтыр Халық­аралық шайбалы хоккей федерация­сы президенті Люк Тардифке еліміздің ӘЧ өткізуге қауқары барын айтқанында жатса керек. Жалпы, шайбалы хоккейден әлем чемпио­наты 1920 жылдан бері ұйымдастырылады. Осыған дейін 85 рет өткен. Биыл 12-28 мамыр аралығында Финляндия мен Латвияда өтеді. Байқасаңыз, әлем кубогын ұйымдастырудың көшін Еуропа елдері бастап тұр. АҚШ-та үш рет, Канадада бір рет өткені тағы бар. Яғни, Қазақстан осы мүмкіндікке ие болса, бар көңіл Азияға ауады. Өйткені мұндай чемпионат аталған құрлықта әлі күнге дейін өткізілмеген. Біз­дікілердің тұңғыш атануға ниеттеніп отыр­ғаны содан болар. Бірақ еліміздің футбол, хоккей сияқты спорт түрінен ӘЧ өткізбегенін еске түсірейік. Өйт­кені мұндай турнирдің жөні бөлек. Жан­күйерлер ағыны мен жоғары ұйымдастыру деңгейі айтпаса да керек. Қаржы жағы да бөлек әңгіме. Мәселен, беларустар 2014 жылы шайбалы хоккейден ӘЧ өткізуге 12 миллион еуро жұмсаған. Бұдан бөлек қаражаттың 20 пайызын демеуші қаржысы жапқаны тағы бар. Ал Дания болса 18 миллион еуро жұмсаған деседі. Кей деректерге сүйенсек, аталған қаржының 30 пайызын ғана мемлекет мойнына алған. Қазақстанның жоғарыдағыдай қаржы бөліп, демеуші тарта алатын қауқары бар ма? студент жігіттер Ал өткізу жайына келгенде, Астанадағы «Барыс арена» мен Алматыдағы «Алматы арена» жарап тұрғаны белгілі. Мұны спорт журналисі Евгений Акманов та атап өтті.
«Еліміз әлем чемпионатын өткізуге дайын ба? Астанадағы аренада 2019 жылы бірінші дивизиондағы әлем чемпионаты өткен болатын. Кейінгі қадам – келесі деңгейге өту. Яғни, элиталы біріншілікті ұйымдас­тыра­тынымыз белгілі еді. Бізде екінші арена ретінде Алматыда «Алматы Арена» бар. Онда футзал­дан УЕФА кубогы өтеді, «Барыс» та сонда ойнады, арена дайын. Екі қала да туристерді қабылдап, жатын орын мен тамақтану қажетін өтей алады. Меніңше, бұл жанкүйерлерге, кіш­кентай жеткіншектерге таптырмас мүм­кіндік. Хоккей жұлдыздарына қарап, кеуде­сінде «мен де осы жолды жүріп өтсем» деген жалын пайда болады», – дейді ол.
Оның айтуынша, шайбалы хоккей жүйелі түрде дамып келеді. Қазақстанда ішкі чемпио­нат бар. Онда Ташкенттің «Хумо» клубын қосқанда 12 команда ойнайды. 21 жасқа толмаған жігіттер «Ақ Барыс» командасында бірігіп, тәжірибе жинап жүр. Жастар лигасында хоккей мектептерінің түлектері өнер көрсетеді. Яғни, жоғары деңгейге қарай ұмтылыс бар. Осы тұста көпшілік әлем чемпионатын өткізудің орнына ақшаны бұқаралық спортқа жұмсауды сұраған-ды. Әлеуметтік желіде жоға­рыдай мәтінде пікір жетерлік. Мәселен, елімізде барлығы 39 мұзайдыны мен модулі бар. Оған 127 аула және мектеп мұзайдынын қосыңыз. Тағы екі арена салынып жатқанға ұқсайды. Сондықтан Евгений Акманов «Әлем чемпионатын өткізбей, әр үлкен қалаға 50, ауылдарға 5 мұзайдынын салсақ. Бұл ұсынысты көпшілігі қолдайтынына сенімдімін» дейді.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ