Отандық хоккейдің елдегі, шеттегі хәлі мәз болмаса да, Универсиададағы беталысы жаман емес. Студент жігіттер топта көш бастап, әр ойында ірі есеп айырмасымен жеңіске жетіп жүр. Бұл еліміздің хоккейден әлем чемпионатын өткізуге үміткер атанғаны туралы жаңалықтың ізін жуып-шайып кеткендей. Өйткені аталған ақпарат шыққанда жұрт әлеуметтік желіде қарсы болған-ды. Универсиададағы жалын Иә, Ғалым Мәмбеталиев баптайтын хоккейшілер үшін АҚШ-тағы Универсиада ойындары сәтті басталды. Құраманың алғашқы ойынға үш күн қалғанда ғана Америкаға аттанғаны тағы бар. Десе де, олар қысқамерзім ішінде барлық жағдайға бейімделіп кеткен сыңайлы. Бұл жолы «Сарыарқа» шабуылшысы Саян Данияр капитан атанса, ассистент ретінде «Номад» форвардтары Батырлан Мұратов пен Максим Мухаметов бекітілген. Ал құраманы жасақтау жайлы бапкер кеңінен айтып берген-ді.
«Біз көзіміз түсіп жүрген, үміт артып отырған жігіттерді жинап алдық. Жарақат алғандары бар, Гусейнов бармай қалды. Бірінші командадан көпшілігін алғымыз келген. Алайда қазір олардың кестесі тығыз, сәті түспеді. Олар негізгі құрамда ойнайды. «Номад» жігіттерімен барамыз, қазіргі таңда құрама жаман емес. Барлығы «сен тұр, мен атайын». «Номад» – жас команда, жас санаты бойынша да студенттік құрамаға сай келіп тұр. Барлығы – өзіміздің, қазақстандық жігіттер. Көпшілігі жастар арасындағы әлем чемпионаттарында, оның ішінде топ-дивизионда өнер көрсеткен. Олар –1999-2001 жылы туған жігіттер. Мұнда Франциядағы жастар әлем чемпионатының элиталы дивизионына жолдама алғандар да бар», – деді Ғалым Мәмбеталиев.Универсиадада Қазақстан құрамасы Оңтүстік Корея, Венгрия, Ұлыбритания, Словакия және АҚШ құрамасымен В тобында өнер көрсетіп жатыр. Топтан бірінші және екінші орын алған командалар плей-офф кезеңіне шығады. Яғни, жартылай финалға жолдама алады. Финалдық ойыннан бөлек, үшінші орын үшін де кездесу өтетіні тағы бар.
«Еліміз әлем чемпионатын өткізуге дайын ба? Астанадағы аренада 2019 жылы бірінші дивизиондағы әлем чемпионаты өткен болатын. Кейінгі қадам – келесі деңгейге өту. Яғни, элиталы біріншілікті ұйымдастыратынымыз белгілі еді. Бізде екінші арена ретінде Алматыда «Алматы Арена» бар. Онда футзалдан УЕФА кубогы өтеді, «Барыс» та сонда ойнады, арена дайын. Екі қала да туристерді қабылдап, жатын орын мен тамақтану қажетін өтей алады. Меніңше, бұл жанкүйерлерге, кішкентай жеткіншектерге таптырмас мүмкіндік. Хоккей жұлдыздарына қарап, кеудесінде «мен де осы жолды жүріп өтсем» деген жалын пайда болады», – дейді ол.Оның айтуынша, шайбалы хоккей жүйелі түрде дамып келеді. Қазақстанда ішкі чемпионат бар. Онда Ташкенттің «Хумо» клубын қосқанда 12 команда ойнайды. 21 жасқа толмаған жігіттер «Ақ Барыс» командасында бірігіп, тәжірибе жинап жүр. Жастар лигасында хоккей мектептерінің түлектері өнер көрсетеді. Яғни, жоғары деңгейге қарай ұмтылыс бар. Осы тұста көпшілік әлем чемпионатын өткізудің орнына ақшаны бұқаралық спортқа жұмсауды сұраған-ды. Әлеуметтік желіде жоғарыдай мәтінде пікір жетерлік. Мәселен, елімізде барлығы 39 мұзайдыны мен модулі бар. Оған 127 аула және мектеп мұзайдынын қосыңыз. Тағы екі арена салынып жатқанға ұқсайды. Сондықтан Евгений Акманов «Әлем чемпионатын өткізбей, әр үлкен қалаға 50, ауылдарға 5 мұзайдынын салсақ. Бұл ұсынысты көпшілігі қолдайтынына сенімдімін» дейді.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ